СОТҚА ДЕЙІНГІ ХАТТАМА. ТАТУЛАСУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ЖАҢА ҚАДАМ
Өткен жазбамызда Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік Кодексіне енгізілген біршама толықтырулар мен өзгерістермен желі қолданушыларын таныстырған болатынбыз.
Бүгінгі жазбамда азаматтық іс жүргізу заңнамасына дауларды соттан тыс және сотқа дейінгі реттеу институттарын дамыту мәселелері бойынша, яғни татуластыру рәсімдерінің аясын кеңейту, дәлелдемелерді ұсынуға байланысты енгізілген өзгерістер жайлы сөз қозғаймын.
Сонымен ол қандай өзгерістер десеңіз?
Кодекстің дәлелдемелер және дәлелдеу көзделген тарауының 73-бабының 1-бөлігі басқа редакцияда жазылды.
Оған сәйкес дәлелдемелерді тараптар және іске қатысатын басқа да тұлғалар бірінші сатыдағы сотқа олар сотқа дейінгі хаттаманы жасай отырып, талап қоюды қабылдаған кезде ұсынады, онда тараптардың және іске қатысатын басқа да тұлғалардың олар өздерінің талаптарының немесе қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасауға және істі сотта қараған жағдайда оларды пайдалануға ниет білдірген дәлелдемелерді ашу, ұсыну және алмасу бойынша әрекеттері көрсетіледі.
Егер дәлелдемелерді ұсынған тұлғалар оларды істі сот талқылауына дайындау сатысында ұсынудың мүмкін еместігін негіздесе, дәлелдемелер сот талқылауы сатысында ұсынылуы мүмкін.
Ал осыған дейін қолданыста болған норма бойынша тараптар мен іске қатысатын басқа да тұлғалар дәлелдемелерді істі сот талқылауына дайындау сатысында бірінші сатыдағы сотқа ұсынуы тиіс болатын.
Кодекске талап қоюды іс жүргізуге қабылдау мерзіміне қатысты да өзгеріс енгізілді. Егер осыған дейін қолданыста болған заңнама талабына сәйкес талап қою келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде іс жүргізуге қабылдау қажет болса, енді аталған тәртіп татуласу рәсімдері жүргізілген кезде талап қоюды қабылдау ол келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде жүзеге асырылатыны жайлы нормамен толықтырылды.
Ал сотқа дейінгі хаттама АПК-нің 73-бабының бірінші және екінші бөліктеріне сәйкес жасалған жағдайда, талап қоюды қабылдау ол келіп түскен күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
Тиісінше Кодекстің татуластыру рәсімдері көзделген 17-тарауы жаңа сипатқа ие болды.
Осы жылдан бастап сот тараптарға татуласу рәсіміне қатысуы үшін шақыру жібереді. Бұл өз кезегінде судьяның тарапынан тараптардың татуласуына бағытталған шараны қабылдауы болып табылады. Соттар тараптарға дауды процестің барлық сатысында реттеуде жәрдемдеседі, яғни талап қою соттың іс жүргізуіне түскен күннен бастап, іс бойынша түпкілікті шешім қабылданғанға дейін тараптар дауды бейбіт жолмен реттей алады.
Өздеріңізге белгілі азаматтық сот ісін жүргізуде :
- татуласу келісімі (бітімгершілік келісім);
-дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім;
-дауды тараптардың адвокаттарының немесе заң консультанттары палатасының мүшесі болып табылатын өкілдерінің жәрдемдесуімен партисипативтік рәсім негізінде бейбіт жолмен реттеу көзделген.
Татуласу рәсіміне қатысу үшін шақыруда тараптарға талап қоюдың келіп түскенін, дауды татуласудың аталған тетіктерінің бірін қолдана отырып шешуді, татуласудың артықшылығын, дәлелдемелерді өзара ашу мен ұсыну құқығын түсіндіріледі.
Татуласудың қандай артықшылықтары бар десеңіз?
қарсы тараппен соттасып, ұзаққа созылған сот отырыстарында қатысып, жүйкеңізді жұқартпайсыз;
өзіңіздің де, өзгенің де алтын уақытын үнемдейсіз;
қаржылық шығын кешпейсіз.
Егер Сіз соттасатын болсаңыз сотқа талап қоюмен жүгіну үшін заңгер көмегіне жүгініп, өкілдің қызметіне ақы төлеуіңіз, мемлекеттік баж сомасын төлеуіңіз, қонақ үйге, жолға қаражат жұмсап, шығындалуыңыз мүмкін.
Ал жоғарыда аталған татуласу тетіктерін қолдану арқылы сіз дауыңыздың жылдам, ең бастысы екі тарап үшін де қолайлы келісімге келу арқылы аяқталуына қол жеткізесіз.
P.S. Ынтымақ-бұзылмайтын қорған.
Бірлігі бар елдің белін ешкім сындырмас.
Татулық-асыл мұра.
Ынтымақ, Бірлік, Татулық жүрген жерде ырыс, береке бірге жүреді.
Ортақ тіл табысу, келісімге келу, татуласу кез-келген уақытта маңызды екенін естен шығармайық, ағайын!