АЗАМАТТЫҚ СОТ ІСІН ЖҮРГІЗУ ЗАҢНАМАСЫНДАҒЫ ЖАҢАШЫЛДЫҚТАР
Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев 2020 жылдың 10 маусымында "Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне соттар жұмысының заманауи форматтарын ендіру, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңына қол қойды. Аталған заң ол алғаш ресми жарияланған күннен кейін он күнтізбелік күн өткен соң күшіне енді.
Өзгерістер мен толықтырулардың кейбіріне тоқталсақ;
бірінші кезекте- азаматтық сот ісін жүргізудің міндеттері істерді толық және уақытылы шешумен қамтамасыз ету жайлы ережемен толықтырылды;
тараптардың жарыспалығы мен тең құқықтылығы жайлы 15-баптың үшінші және төртінші бөліктері жаңа нұсқада берілді.
Оған сәйкес сотқа қосымша өкілеттіктер берілді. Енді сот тараптармен істің мән-жайларын талқылап, олардың құқықтық ұстанымдары мен уәждерін нақтылай алады.
Осыған дейін қолданыста болған Кодекс талабына сәйкес сот істің нақты мән-жайларын анықтау мақсатында өз бастамасымен дәлелдемелер жинаудан толық босатылып, тек тараптың уәжді өтінішхаты бойынша оған қажетті материалдарды алуға жәрдем көрсететін.
Қазіргі өзгерістерге сәйкес сотқа тараптың уәжді өтінішхаты немесе өз бастамасымен іс материалдарын жинау және зерттеу бойынша шаралар қабылдап, өз бастамасымен сот тапсырмаларын беріп, дәлелдемелерді жинау өкілеттігі берілді.
Істі бір соттың іс жүргізуінен алып, басқа сотқа беру бөлігінде де Кодекске өзгерістер енгізілді.
\Енді соттың анықтаған соттылығымен екі тарап та келіскен жағдайда олардың жазбаша өтінішхаты негізінде істі бір соттың іс жүргізуінен басқа сотқа беру ол туралы ұйғарым қабылданғаннан кейін дереу жүзеге асырылады.
Сондай-ақ түрлі облыстарда , республикалық маңызы бар қалаларда және астанада орналасқан бірінші саты соттарының арасында соттылық туралы дауларды Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты тиісті облыстық және оған теңестірілген соттардың ұсынысы негізінде шешетіні белгіленді.
Талап қою арызын қабылдау тәртібі бекітілген АПК-нің 150-бабының 1-бөлігі толықтырылып, татуластыру рәсімдерін жүргізген жағдайда талап қою арызын қабылдау 10 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылатыны жайлы көзделді. Дау реттелген жағдайда судья талап қою арызын өзінің іс жүргізуіне қабылдайды және тиісті келісімді бекітеді.
Егер тараптар татуласуға қол жеткізбесе, сот тараптардың істі сол судьяның қарауына келісімін анықтайды. Егер тараптар сол судьяның қарауына келіспеген жағдайда, талап қою арызы басқа судьяға қайта бөлінуге жатады.
Татуластыру рәсімдерін одан әрі дамыту мақсатында дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеуге қатысушы тұлғалар шеңбері кеңейді.
Осыған дейін партисипативтік рәсім екі тараптың да адвокаттарының дауды реттеуге жәрдемдесуімен жүзеге асырылса, Кодекске енгізілген толықтыруларға сәйкес адвокаттармен қатар "Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес заң консультанттары палатасының мүшелері болып табылатын тұлғалар да жәрдемдесуіне жол беріледі.
Бұл Кодекске енгізілген жаңашылдықтар істердің толық,уақытылы шешілуін қамтамасыз етуге, соттардың жұмысын оңтайландырып, іске қатысушылардың іс жүргізу шығындарын азайтуға бағыттылған.