» » Мен сіздерді қимаймын...

Мен сіздерді қимаймын...


Кез-келген қыз баланың өмірі әр түрлі кезеңдерден тұрады емес пе?! Өмірге келгеннен кейінгі сәбилік шағы, тілашар, мектеп бітіру сәті, жасөспірімдік шақ, ұзатылуы, жүктілік кезеңі, ана статусын иеленуі. Әр кезеңнің өзінің жүктейтін жауапкершілігі де зор. Өйткені табиғаттың заңдылығы сол, құрсағына сәби біткеннен бастап болашақ ана өзін үлкен өмірге дайындай бастайды. Бұл – ұмытылмас кезең. Өйткені өзі үшін ғана емес, сәбиі үшін де жауаптылық жүктейді.
Құрметті оқырман, менде осы бір кезеңді бастап өткеріп, төртінші сәбиімді күтіп жүрген жайым бар. Сүйген мамандығымды игеріп, қалам мен қағазға жүгініп, билік пен бұқара арасындағы көпір болуға шамам келгенше тырысып-ақ келемін. Әне-міне дегенше демалысқа кететін уақытым да таяды. Білесіздер ме, іштей сіздерді қимай, көңілім алай-дүлей күй кешуде. Ана тақырыпты да, мына тақырыпты да жазғым келетін талпыныстар бар кеудемде. Скандинавиялық В.Муберг дейтін керемет жазушының «Мужняя жена» дейтін шығармасы бар. Сол шығармада дүниенің әр бұрышында жүрген адамдардың тағдыры жазылған. Адамдардың әлсіздігі, сол әлсіздікпен бір мезгілде өзінің құдіретін көрсететін әйел махаббатын әдемі айтқан. Сол секілді, уақытша демалысқа кетіп бара жатсам да, іштей оқырмандарыма айтқым келетін, жазғым келетін дүниелерді жеткізе алмадым-ау деген түсініксіз сезім бойымда билеуде. Бәлкім, шығармашылық адамдарына тән құбылыс шығар!
Мамандықтың төресі  саналатын  журналистиканың қиындығы мен қуанышы қатар жүреді.  Көп ізденіп, талмай еңбектенуді талап ететін кәсіптің иелері – дәуір тынысын жүрегімен сезіп, ақпаратты оқырманға дәл, шынайы, жедел түрде жеткізуге  міндетті. Журналистиканың жүгі ауыр, жауапкершілігі жоғары және қасиетті мамандық. Ол – қоғамның үні, қоғамның көзі. Журналист өмірдегі жақсылық атаулыны жаңғыртатын, халықтың сөзін сөйлейтін алтын көпір. Болашақта тәуелсіз елімізді әлемге танытатын білімді, еркін ойлы журналист  болып шығатыныма сенімдімін. Ал, журналистикаға келетін болсақ, ол да шығармашылыққа тікелей қатысты дүние ғой. Ол кез келген ақын-жазушының қаламының төселуіне, дүниетанымының кеңеюіне, ізденіспен еңбек етуіне жол ашатыны рас.
Мен өз мамандығымды ұнатамын және мақтан тұтамын. Сол себепті де, сіздермен қайта қауышуға асықпын.
Әсел РЗАЕВА
27 ақпан 2022 ж. 204 0