Егістікті сумен қамтамасыз ету – бүгінгі күннің ең өзекті мәcелесі
Ауданның егіс танаптарын сумен қамтамасыз ету мәселесі өздеріңіз білетіндей жылдан жылға қиындауда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2030 жылға қарай су тапшылығының көлемі 40 пайызға төмендеу мүмкін екенін атап айтып, жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге, су тапшылығын жоюдың басқа жолы жоқ және бұл – аса маңызды міндет екенін айтқан болатын.
Жалпы ауданда 41 504 гектар суармалы жер болса, 28 282 гектары иженерлік жүйеге келтірілген. Ғылыми ұсынымға сәйкес оңтүстік өңірлерде cегіз (V111) танапты ауыспалы егіс жүйесінде күріштің үлес салмағы 25%-37% көлемінде яғни сегіз танаптың 2 немесе 3 - уі күріш дақылы болуы қажет, қазір біздің ауданда күріштің үлесі 25 пайызға де жетпейді. Бұл дегеніңіз өзге дақылдардың өніміне де өз әсерін тигізеді. Әрине барлық шаруаның көкейіндегі жүрген мәселе екендігі анық.
Ауыл халқының әлеуметтік - экономикалық әлеуеті осы салаға тәуелді. Ауданымыздың суармалы алқаптары Сырдария өзенінің деңгейінен жоғары болуына байланысты жергілікті шаруалар жылдан жылға көптеген қиыншылықтарға тап болуда. Оның үстіне 2021 жылғы қуаңшылық жағдайын қосыңыз.
Биылғы жылы да мамандардың болжамына, су қоймаларындағы су деңгейіне қарайтын болсақ, су көлемінің аз болу қаупі жоққа шығарылмайды.
Шардара су қоймасында қазіргі таңда 2,7 млрд текше метр су болса, Көксарай су реттегішінде мүлдем су жоқ, көрші қырғыз ағайында да «Тоқтағұл» су қоймасындағы су көлемі былтырғыдан да төмен, яғни ол жақта да су мәселесі өзекті болып отыр.
Негізі, аудандағы күріш алқаптар көлемінің жылдан-жылға азаюы айқын байқалады. 2020 жылы 8346 га, 2021 жылы 6998 га құрап отыр. Жанақорған ауданына өсімдік шаруашылығын сумен қаматамасыз ету мақсатында 2019 жылы 539,74 млн. текше метр, 2020 жылы 538,36 млн. текше метр алынса, 2021 жылы 433,95 млн. текше метр суға алынып, алдыңғы жылдарға қарағанда, алынған су көлемі 20 пайызға кеміген.
Осыған орай су тапшылығы ауданның ауыл шаруашылығының негізгі мәселесіне айналды.
Айта кету қажет, Республикалық, облыстық, аудандық деңгейде қажетті шаралар атқарылуда, «Nur Otan» партиясы сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарында көрсетілгендей ауандық бюджеттен 2021 жылы ішкі каналдарды тазалауға (бірінші кезекте су тапшылығы туындауы мүмкін егістікке су жіберетін каналдарды) қаражат берілді.
Дегенмен мәселені түпкілікті шешу үшін 85 ,0 мыңнан астам халқы бар ауданның мәселесі ретінде қарап, Сырдария өзені бойына су тоспасын салу;
Келінтөбе магистралды каналын тазалау жұмыстарымен бірге канал бойындағы құрылғыларға жөндеу жұмыстарын жүргізу;
2019 жылы қазылған «Сумағар» каналы арқылы қосымша су алу мәселесін қарастыру;
Осы кезден бастап мамандар ауылдарды аралап, шаруалармен пікірлесе отырып, күріш дақылы орналасатын егістікке мұқият зерделеу жұмыстарын жүргізу қажет деп санаймын.