Төл басылым төрімізден түспейді
Ес білгелі ауданның айнасына айналған «Жаңақорған тынысы» газетімен бірге өстік десем артық айтқаным болмас. Ата-анамыз газет беттерін парақтап, өзімізді қызықтырған мақаланы оқитын едік. Кейде газет уақытынан кешіксе қақпаға қайта-қайта барып, «келді ме екен» деп күтетінбіз. Бала күнімізде оқушыларға арналған айдар жарық көргенде қуанып оқитынбыз. Жергілікті үнжария болған соң таныстарымызды іздейтінім бар еді.
Ғасырға жуық тарихы бар аудан үнжариясының біз үшін орны бөлек. Ауданның өсіп өркендеуі мен орын алып жатқан оқиғаларын баяндайтын газет қыр мен тау беткей халқын түгел қамтып, алысты, жақынды елді мекен тұрғыдарын бір-бірімен жақындастырып тұратындай. Өйткені әр ауылдың жаңалығын жариялап, елден шыққан абыздар мен ғалымдарды, ақын-жазушыларды көпшілікке таныстырып, тарихты тасқа таңба басқандай етіп бүгінге жеткізіп отырған да осы төл газетіміз. Соның арқасында халық рухани күш алып, жастар өткеннің тағылымын бойына сіңіріп отыр.
Тәуелсіз мемлекет болып, елдің тәй-тәй басқан уақытынан, бүгінгідей еңсесін тіктеп, озық елдермен иық тірестірер кезеңге дейінгі аралықта біздің ауданның қалыптасуының куәгері болып, оның шежіресін қаттап, халыққа жеткізген де осы жергілікті басылым. Әсіресе ауданда орын алып жатқан әр саладағы жағымды жаңалықтарды оқып, жеткен жетістіктер туралы құлағдар болып отырамыз. Ал, газеттің ісін ілгері жылжытып, оның бойына қан жүгіртетін журналистердің орны бір төбе. Мәселен бүгінде өзіміздің ортамызда жүрген аға буын қаламгерлеріміз өткен мен бүгінді жалғастырып, артынан ерген жас буынды тура бағытқа бастап жүр. Олардың тарихтан сыр шертетін, ауданнан шыққан бізге беймәлім ұлы тұлғалар жайында жазған жазбалары рухани азық сыйлап, «Па, шіркін! Біздің топырақтан осындай нар тұлғалар шыққан екен ғой. Біз ұлағатты ұлықтаған ұлы кісілердің ұрпағымыз!», деген мақтаныш кеудемізді кернейді. Төл газеттің мазмұндық деңгейін көтеруде қаламгер Баян Үсейінованың қолтаңбасын көруге болады. Мәселен, журналистің «Отыз бес жылдан соң айтылған сыр» деген сұхбатын оқып, желтоқсан оқиғасының қанды суреттері көз алдымда кино лентасындай тіріліп сала берді.
Бүгінде «Жаңақорған тынысы» газетінде еңбек етіп, ел арасында өзіндік есімдерін қалыптастырып үлгерген жас қаламгерлердің де еңбегі еселі. Олардың қатарында Әбдісамат Әбдіш, Рауза Әзілхан, Лаура Бибасаровалар бар. Мәселен, Әлібек Жарықбаев жастардың арасында танымал. Ол спорт жаңалықтарын жариялап, аудан спортшыларының әлемдік деңгейде көшбастап жүргенін көпшілікке әсерлі жеткізеді. Әлібектің «Төтенше жағдайға тосқауыл керек» мақаласының халық үшін тигізер пайдасы мол. Себебі бастысы – адамдардың қауіпсіздігі. Сонымен қатар, жас журналист Айсұлу Алданазар да медицина саласында қалам тербеп, тұрғындарға ең қажетті дүниелерді ұсынуда. Оның «Такси қызметі қымбат па?» мақаласында жұртшылыққа керекті мәселелер қозғалған. Сонымен қатар соңғы уақытта журналистердің сараптамалық материалдары жарық көруде. Аталмыш мақалалардың қарапайым халыққа берері мол деген ойдамын. Өйткені осы жазбалар арқылы көкейді мазалаған сұрақтардың кейбіріне жауап алуға болады.
Айта кетейін, төл газетіміздің қаламгерлері тәулсіздігімізді дәріптеп, елдің елеулі азаматтарын қалың оқырманмен таныстырып, халыққа рухани нәр беріп, жақсы жаңалықтарды жариялап жүр. Әсіресе аудан, кент, ауылдық округ әкімдерінің есебінен елдегі атқарылған жұмыстардың нақты нәтижесін көреміз. Мен құқық қорғаушы болғаннан кейін көбіне тұрғындар қай мекеменің қандай қызмет атқаратынынан беймәлім екенін айтып, өз құқықтарын білмейтінін жеткізеді. Осындайда аудандық газетте мекемелердің нақты немен айналысып жатқанын жариялайтын айдар ашылса деген ой туындайды. Сол арнайы бетте тек әкімдер ғана емес, аудандағы барлық мекемелер ең болмағанда тоқсан сайын халыққа есеп берсе. Мәселен, халыққа қызмет көрсету орталығы, жұмыспен қамту орталығы, жердің кезегін сабыла күткен жұртшылық үшін жер қатынастары бөлімі, аудандық сот пен прокуратура белгілі бір заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгенін де хабарлап отырса халықтың көзі ашылып, көп есікті қағып табанынан тозбай барлығынан хабардар болып отырар еді. Менің тілегім, аталмыш мәселеге ден қойып, осы салаларда қордаланған сұрақтардың жауабы табылса деймін.
Иә, адам жанына рухани азықтың дәнін себетін кітаптар мен газеттердің орны ерекше. Тынымсыз тіршілікте уақыт тапсаң жаныңа тыныштық сыйлайтын да осы оқу құралдары. Әсіресе төл газетіміздің алар орны бөлек. Бүгінде үлкен форматта заман талабына сай жарық көріп отырған аудан үнжариясының көтеретін жүгі еселеніп, салмағы артқан. Осы ретте, газет ісінде аянбай еңбек етіп, аудан айнасының мерейін асырып жүрген журналистерге қалың бұқара атынан шексіз алғыс білдіремін!
Дәулет ТҰРАБАЕВ,
заңгер