Буынның бүгілмей, сүйектің сыздауына не себеп?
Бала күнімізде сексеннің сеңгіріне шыққан ата-әжеміз қол-аяғы сырқырап, бізге кезек-кезек аяғын бастыратыны есімде. Біз оны «кәрілік» деп ойлаушы едік. Қазір осы сүйек буындарының сырқаты жасарып барады. Күнделікті өмірде екі аяғын баса алмай қиналып жүрген жас-кәрінің көптігі көзге ұрып тұр. Аталмыш дерт жергілікті жерде неге дендеп барады? Біз көпшілікті мазалаған сұрақтың жауабын білу үшін Сыр елінің тумасы бүгінде Оңтүстік астанадағы №4 Алматы қалалық клиникалық ауруханасының Орта хирургиялық бөлімінің меңгерушісі Мейрамбек Жұмағұловпен тілдестік.
Ақхалаттының алдына біз көтерген мәселемен баратын науқастардың саны көп. Дәрігер бұл дерттің шамадан тыс көбейіп, жасаруына экологиялық ахуал мен дұрыс тамақтанбау басты себеп болуы мүмкін деген пікірін алға тартты.
– Тізе мен жамбас буындарының зақымдануын медицинада артроз дейміз. Бұл дерт бүгінгі күннің басты мәселесіне айналғандай. Себебі дәл осы дертке шалдыққандардың саны күн санап артуда. Жалпы, бұл індеттің пайда болуының себебі көп. Бірақ экологиялық жағдай мен дұрыс тамақтанбау тікелей әсер етеді. Мәселен тамақтанудың бұзылуы, майлы, тұзды тамақты көп тұтынғаннан адам толып, артық салмақ тізеге, жамбас буындарына түседі. Осыдан сүйектің бетіндегі шеміршегі желініп ауыра бастайды. Бұл ару І,ІІ.ІІІ,ІV дәрежелі болып бөлінеді. Науқастың жағдайы үшінші және төртінші дәрежесіне өтіп кетсе ота жасалады. Науқастың буындарын жасанды буынға яғни титаннан жасалған протездерге ауыстырамыз. Титанды протездер адамның денесіне бейімделген, өлшеміне байланысты қойылады – дейді Мейрамбек Оңғарұлы.
Дәрігердің сөзінше, түрлі буын аурулары мен ұршықтың жетілмеуі өзге құрлықтармен салыстырғанда Азия елдерінде көп тараған екен. Мәселен өзі жұмыс жасайтын бір аурухананың өзінде 1 жылда 2500-ден аса ота буынға жасалады.
– Қазір жарнаманың түрі көп. Буын ауруларына қарсы деп жарнамаланған дәрілерді тұрғындар өз бетінше қабылдап, ауруын асқындырып алады. Ол дұрыс емес. Аурудың алғашқы белгілері білінісімен бірініші кезекте дәрігерге көріну керек. Сол кезде операцияға дейін бармай емін алып жазылуға мүмкіндік бар. Негізінен осы дерт көбіне әйел адамдарда кездеседі. Өйткені гармондық өзгерістер мен ауыр жұмыстан артроз пайда болады, – дейді травматолог-ортопед.
– Өзге өңірлерді білмеймін. Бірақ біздің ауданда дисплазияның зардабын шеккен балалар көп кездеседі. Дәрігерлер бұл дерттің болашақта мүгедектікке соқтыратынын алға тартады, осы жайында не айтасыз?
– Жоғарыда айтқанымдай, осы ауру Азия елдерінде көп тараған. Дисплазия дегеніміз – жамбас буынының дұрыс жетілмеуі. Бұл ауру көбіне тұқым қуалайды. Оның да түрі көп. Буынның туа бітті шығып кетуі болса, оған операция жасалады. Ал, жеңіл түрлері ортопедиялық шиналар киіп, уақытымен емін қабылдап орнына келеді. Мәселен, кей адамдар жамбас сүйегінің дұрыс жетілмегенін жас кезінде байқамауы мүмкін. Бірақ әйел адамдар бір-екі баланы дүниеге әкелген соң буындары сыр бере бастайды. Ол кезде ота жасатуға тура келеді. Осы диагноз анықталған науқас белгілі бір уақыттарда ортопедтің қарауында болғаны абзал, – дейді ақхалатты.
Оның айтуынша, елдің әрбір тұрғыны жоспарлы операцияларды өз қалауымен Қазақстанның кез-келген ауруханасына, өзі қалаған дәрігеріне жасата алады. Ол міндетті медициналық сақтандыру арқылы квотамен жүзеге асады.
Айта кетейік, Мейрамбек Оңғарұлының қызметіне жүгініп, емін алған жаңақорғандықтар аз емес. Соның бірі Жәмила Қадырова апамыз:
– Шамамен 10 жылдай балтырым сыздап, жамбас сүйегім мазалап көп жерге бардым. Дертіме дауа іздеп бармаған жерім қалмады. Соңында ота жасатуға бел будым. Таңдауым Алматы қаласына барып, арнайы орталықта ем алу еді. Жолым осы ауруханаға түсіп, операцияны Мейрамбек дәрігер жасады. Адамгершілігі мол, нағыз қазақтың азаматы, антына адал абзал жан екен. Ауруханаға кіргеннен емдік шараларын жасап, аяғымнан тік тұрып жүріп кеткенше бақылауында ұстады. Дәрігерлердің барлығы осы азамматтай болса ғой, – дейді ағынан жарыла.
Иә, «Алғыс алған – арымас», демекші көптің ықыласына бөленген білікті маман көрші ауданының тумасы. Ол Шиелі ауданы, Жөлек ауылындағы №152 орта мектепте 7-сыныпқа дейін оқып, одан әрі Алматыдағы физика-математикалық мектеп-интернатының медициналық сыныбында білім алған. Жастайынан ғылым-білімге құштар болған ол Санжар Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медициналық университетінде білімін шыңдады. Бүгінде мол тәжірибені қажет ететін өте күрделі оталар жасап жүрген жоғары санатты дәрігер Германия, Корея, Ресей, Польша, Франция, Латвия елдерінде біліктілігін арттырып, АҚШ-тың Сент-луйс клиникасының профессорларынан дәріс алып, тәжірибе алмасты. «Денсаулық сақтау саласының үздігі» медалімен, медицина саласының «Алғыс хатымен» марапатталған.
Шалғайдан хабарласып, аталмыш сырқат туралы көзімізді ашып, көкжиегімізді кеңейтуге көмегін аямаған ақ халатты абзал жанның антына адалдығына тәнті болғандаймыз. Телефонмен ықыласты әңгіме өз алдына, алдына барғанда енжар қабылдайтын дәрігерлерден көңіліміз қалған сәттер жоқ емес қой. Ендеше, елдің маңдайына біткен Мейрамбектей марқасқа азаматтар көп болғай деген тілектеміз.
Айсұлу АЛДАНАЗАР