Жаңа жылды қалай тойлайды?
Жаңа жыл мерекесін әлем елдері өз салт-дәстүріне сай мерекелейді. Ескі жылды есіркеп, жаңа жылға жаңа жетістікпен қадам басуды мұрат ететін Азия, Еуропа, Америка құрылығындағы елдердің мерекелік көңіл-күйін сараласақ.
Жапондықтар жыл басында өз үйін бамбукпен, өрік және шырша бұтағымен әшекелейді. Осы арқылы жапондар молшылық, ауқаттылық пен махаббат келеді дегенге сенеді. Ал, кубалықтар болса шыршаның орнына пальмаларды, кактустар мен араукарияларды әрлейді. Бетпердемен өтетін карнавалдар кубалықтардың жаңа жылдағы дәстүріне айналып кеткен.
Грекияда жаңа жылды атап өтудің басты ерекшелігі – тас сыйлау. Мереке күні туған-туыстары мен достарына қонаққа барған адамдар міндетті түрде өзімен бірге сыйға тарту үшін тас алып (неғұрлым үлкен) жүреді.
Мажарстанда алдымен Қарашен (Рождество) тойланады. Осынау салтанатты мерекеден кейін мажарлар Жаңа жылдық кешті де лайықты атап өтуді ұмыт қалдырмайды.
Бразилиялықтардың жаңа жылдық өзіндік дәстүрлері бар. Мысалы, жаңа жыл түнінде оларды қызық бір ритуал бар: бразилиялықтар 12 жүзім жеп, тілек тілеуі керек. Жаңа жылға санаулы сәттер қалғанда бразилиялықтар секундтарды дауыстап санап, соңғы сәтте аспанды отшашулар жауып кетеді.
Біздің елде бұл мейрам отбасы, ошақ қасында туған-туыстармен мерекеленеді. Өйткені, қазақ елі Жаңа жылды Наурыз мерекесімен байланыстырады.