Канал тазалау: су тапшылығын шеше ме?
Аудан әкімі Руслан Рүстемов жүргізген алқалы мәжілістің бірінде: «Биыл аудандық бюджет есебінен канал тазалауға қомақты қаржы қарадық» дегені жадымда жатталып қалыпты. Шынында аудандық қазына есебінен канал тазалауда ұтымды қадам жасалды. Біз осы тақырыпты саралауды жөн көрдік.
Жалпы канал мен су қашыртқысын тазалаудың қажеттілігі неде, су тапшылығын шеше ала ма?
Біріншіден, Сырдария өзені арнасында су кемеліне келіп ақпағалы қашан? Тіпті тамыз айының аяғында күріштіктерге судың жетіспеушілігі орын алған-ды.
Екіншіден, дарияның деңгейі төмендеген кезде ұлтаны құмға толған каналдарға су ілінбей қалады.
Үшіншіден, су қашыртқылары күріштіктен шығатын қашқын суларды тартпаған жағдайда, елді мекендерде ыза шығып кетеді.
Міне, осы себептердің өзі каналдарды қазудың маңызын көрсетпей ме?
Бәрінен бұрын, су тоспасын қайта қалпына келтірудің маңызы зор. Өйткені дарияда судың мөлшері азайға кезде каналдарға судың өз деңгейінде баруына мүмкіндік туады.
Бұл жөнінде VІІ шақырымдағы аудандық мәслихаттың ХІІ сессиясында халық қалаулысы Әлібек Нәлібаев көтеріп, үрмелі су тоспасын бірнеше жылда игілігін көрудің жолын табуды ұсынды. Сессияның күн тәртібінде елді мекендерді аяқ сумен қамтамасыз етудің жолын баяндаған аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Талғат Зейдалиев:
– Аудан әкімі Руслан Рүстемов үрмелі су тоспасының маңызын терең түсініп, ауданға Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Балайым Кесебаева келгенінде Көктебе ауылдық округінің тұсынан су тоспасын салу ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды екенін айтып, мәселенің оң шешілуіне ықпал етуді сұрады. Бұл жөнінен Парламент Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы да хабардар. Сенатор Премьер-министр Асқар Маминге депутаттық сауал жолдап, маңызды мәселені шешуді ұсынды, – деді сала басшысы.
Жаңақорғандықтар бірнеше жылда Мәжіліс пен Сенаттағы жерлес депутаттар араласып, Үкіметтік деңгейде шешілетініне үмітті. Олай болмаған жағдайда аграрлық аудан саналатын Жаңақорғанның экономикалық жағдайы төмендеп кетуі әбден мүмкін.
Кейінгі жылдары биік-биік таулардағы мұздықтың қоры азайып, жауын-шашын мөлшері төмендегенін ескерсек, трансшекаралық өзендерді тиімді игеру Мемлекет басшыларының бітімгершілігімен шешілетіні анық.
Түркияның Ыстанбұл қаласының оңтүстік-шығысында орналасқан Демократия және Бостандық аралында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аяқ су мәселесі өзектене түскенін, трансшекаралық өзенді пайдалануда цифрландырудың маңызына тоқталды. Мемлекет басшысының бұл сөзі Сырдария өзенін ортақ пайдаланатын Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан Президентіне тікелей қатысты айтылды. Әрі тіршілігі дарияға байланған Сыр өңірінің халқына үміт отын жаға түсті.
Жә, мұның бері мемлекетаралық деңгейде шешілетін мәселелер. Біз аудан және облыс басшысының деңгейінде атқарылатын шараларға тоқталсақ, ол – каналдарды тазалау жұмысы.
Биыл облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы арқылы облыстық бюджеттен 3 каналға тазалау жұмысына 248,9 млн теңге бөлінді. Оған Қожамберді ауылдық округін аяқ сумен қамтамасыз ететін М-22 каналының 8,4 шақырымын тазаланып, 5 дана шлюз орнатылды. Аққорған ауылдық округінде де 4 шақырым каналға тазалау жұмыстары толық жүргізіліп, 5 дана шлюз орнатылды. Ал Қыркеңсе ауылдық округінде орналасқан «Қыркеңсе» каналына 2 дана су тоспасы орнатылды.
Ал аудандық бюджеттен 4 каналға тазалау жұмыстарын жүргізуге жалпы сомасы 68,1 млн теңге бөлінді. Бұл аудан әкімінің оң көзқарасының нәтижесінде іске асты. Соның ішінде Қаратөбе ауылдық округінде орналасқан Сумағар бас су жүйесінен Келінтөбе магистралды каналының 5 шақырымын тазалады. Қалған 1,5 шақырымына тазалау жұмысы жүргізілуде. Қыркеңседе орналасқан «Р-23» каналының 10 шақырымы тазаланды. Аққорған ауылдық округіндегі канал тазалау жұмысы жөнінде ауыл әкімінен сұраған едік.
– Р-16-3 каналының 4 шақырымын тазалау «Табиғатты қорғау» мекемесінің қатысуымен жүргізілді. Онда құбырлар, шлюздар тазаланып, жаңартылды. Сонымен қатар ауылдық округте орналасқан Р-11 каналына тазалау жұмысын жүргізуге 8,1 млн теңге қаралды. Бұл каналды «Строй проект» ЖШС-і 5,0 млн теңгеге жеңіп, 5,5 мың текшеметр топырақ шығару жоспарланып, тазалау жұмысы жүргізілуде, – деді Серік Туғанбаев.
Келінтөбе ауылдық округінде орналасқан 8,6 шақырымын «Еламан-Құрылыс» ЖШС-і жүргізді. Сунақата каналының да су қабылдау мүмкіндігі артты. Бұған Сунақата каналын тұтынатын елді мекендердің тұрғындары бек қуанышты. Соның бірі – су шаруашылығы саласының ардагері Темірбек Құтжанов:
– Канал тазалаудың пайдасын кәдімгідей сезініп отырмыз. Бұған дейін дариядан 200 шаршы метр су аққанда ғана Сунақата каналына су ілінетін. Тазалау, кеңейту жұмысынан кейін Сырдың ұлтанындағы су шығатын болды. Қара күзде өзенде 100 текше метр су аққан кезде біздің каналда су толып, төрт түліктің суаты қолжетімді болды, – деп түсіндірді.
Тәжірибелі су мұрабы Темірбек Құтжанов Төменарық, Қожамберді, Сүттіқұдық елді мекенін аяқ сумен қамтамасыз етуде ұтымды жобасын да ұсынып:
– «Казсушар» РМК Қызылорда филиалы, Жаңақорған аудандық өндіріс учаскесінің мамандары Сунақта каналынан 8 шақырым жоғарыдан саға алып, оны Қандыарал каналына қосудың тиімділігі жөнінде далалық зерттеу жұмыстарын жүргізді. Одан бөлек, Қызылорда қаласынан тәуелсіз мамандар келіп, ғарыштық түсірілім арқылы зерделеу жұмысын жүргізді. Су мамандарының алдын-ала бағалау жұмыстары қуантып отыр. Нәтижелі болуы аудан басшыларына тікелей байланысты, – деп жаңа жобасымен таныстырды.
Дарияның су және жауын-шашын деңгейі төмендеуі, таудағы мұздықтардың көлемі азайып, бұлақ көздері бітеліп, шағын өзендердің табаны құрғай бастағанын көзбен көріп отырмыз. Демек дәстүрлі «керіз» жүйесін жаңғыртудың маңыздылығы туындады. Бұл тәжірибені Жайылма елді мекенінің диқандары қайта жаңғыртып, 200 гектар жерден бақша дақылынан мол өнім алуға қол жеткізді. Алдағы уақытта осы жобаға су үнемдеу технологиясын орналастыру қолға алынбақ.
Аудандық мәслихаттың депутаты, «Казсушар» РМК Қызылорда филиалы, Жаңақорған аудандық өндіріс учаскесі бастығының орынбасары Баянбек Халжанов:
– Біздің мекеме есебінен 2 магистралды каналға (СМК, КМК) тазалау жұмысын жүргізуге 26 млн теңге бөлінді. Яғни Сунақата магистралды каналының ПК 83-ПК 136 аралығындағы 5,3 шақырымнан 30 мың текшеметр топырақ шығарылды. Келінтөбе магистралды каналының бас сағасынан (Көктөбе ауылдық округінің тұсы) 1,37 шақырымы тазаланды. Бұл жұмыстар келер жылы да жалғасын табады, – деді ол.
Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, су тапшылығы – ХХІ ғасырдың он жаһандық қатерінің қатарына айналғанын терең сезіне түстік. Енді суды үнемді жұмсаудың тәсіліне көшпесек, су көздері құрғап, экологиялық апат орын алуы әбден мүмкін. Ал, оның аяғы құтты қоныс болған жерлер иесіз қалуы да ғажап емес. Міне, мақала жазу барысында осындай ой саңылау берді...
Рауза ӘЗІЛХАН