» » ТАЛАП ҚОЮ АРЫЗДАРЫ НЕ СЕБЕПТІ ҚАРАУСЫЗ ҚАЛДЫРЫЛАДЫ?

ТАЛАП ҚОЮ АРЫЗДАРЫ НЕ СЕБЕПТІ ҚАРАУСЫЗ ҚАЛДЫРЫЛАДЫ?

Әркім бұзылған немесе даулы құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерін қорғау үшін Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік Кодексінде белгіленген тәртіппен сотқа жүгінуге құқылы.
Дегенмен сотқа талап қою арызымен жүгінген тұлғалар өз талап арыздарының сотпен қараусыз қалдырылатын жағдайына да кездеседі.
Осы орайда сот не себепті талап қою арыздарын қараусыз қалдырады деген сұраққа жауап берсек.
Талап қою арыздарын қараусыз қалдырудың негіздері жоғарыда аталған Азаматтық процестік Кодексінің 279-бабында көзделген.
Аталған бапқа сәйкес талап қою арыздарын қараусыз қалдырудың 13 негізі бар. Сот арызды қараусыз қалдырады, егер:
1) талап қоюшы осы санаттағы істер үшін заңда белгіленген немесе шартта көзделген дауды сотқа дейін реттеу тәртібін сақтамаса және осы тәртіпті қолданудың мүмкіндігі жойылмаса;
2) талап қою арызын әрекетке қабілетсіз адам берсе;
3) егер талап қоюшы мәлімделген талапты қолдамаса, талап қою арызына қол қоюға немесе оны беруге өкілеттігі жоқ адам қол қойса немесе оны берсе;
4) осы немесе басқа бiр соттың не төреліктің іс жүргізуінде сол бір тараптар арасындағы дау бойынша, сол бір нысана туралы және сол бір негiздер бойынша бұрын қозғалған iс болса;
5) егер заңда өзгеше көзделмесе, тараптар арасында заңға сәйкес осы дауды төреліктің немесе "Астана" халықаралық қаржы орталығы сотының шешуіне беру туралы келісім жасалса;
6) істі өзінің қатысуынсыз қарауды өтінбеген талап қоюшы екінші шақыру бойынша сотқа келмесе;
7) өзінің мүддесіне сай іс қозғалған тұлға мәлімделген талапты қолдамаса;
талап қоюшы талап қою арызын қайтарып алу туралы арыз берсе;
9) көрсетушіге арналған күші жойылған бағалы қағаздар және ордерлі бағалы қағаздар бойынша құқықтарды қалпына келтіру туралы істер жөніндегі арыз жарияланған күннен бастап үш ай мерзім аяқталғанға дейін берілсе;
10) жылжымайтын затқа коммуналдық меншік құқығын тану туралы арыз заңда белгіленген мерзімнен бұрын берілсе немесе заңда көзделген жылжымайтын мүлікті иесіз деп тіркеу рәсімдері бұзыла отырып берілсе;
11) Азаматтық процестік Кодекстің 105-бабының үшінші бөлігінде және 106-бабының екінші бөлігінде белгіленген тәртіппен мемлекеттік баж төленбесе;
12) Азаматтық процестік Кодекстің 34-тарауында көзделген ерекше іс жүргізудегі істер бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланғаны туралы мәліметтер ұсынылмаса;
13) істі ерекше іс жүргізуде қарау кезінде талап қою ісін жүргізуде қаралуға жататын, соттың ведомстволығындағы құқық туралы даудың бар екені анықталса, арызды қараусыз қалдырады.
Осы негіздердің ішінде талап арыздарды қараусыз қалдыруға жиі негіз болатын АПК-нің 279-бабының 1) тармағында көзделген талап қоюшы осы санаттағы істер үшін заңда белгіленген немесе шартта көзделген дауды сотқа дейін реттеу тәртібін сақтамаса және осы тәртіпті қолданудың мүмкіндігі жойылмаса талап арыздың қараусыз қалдырылуы.
Мысалы, Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің 17-бабының 1-бөлігінің талабы бойынша кәмелетке толмаған ортақ балалары жоқ ерлі-зайыптылардың некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуға өзара келісімі кезінде және бір-біріне мүліктік және өзге де талаптары болмаған кезде тіркеуші органдарда неке (ерлі-зайыптылық) бұзылады.
Аталған Кодекстің 19-бабының 2-бөлігінің 3-тармағына сәйкес егер ерлі-зайыптылардың біреуі өзінің қарсылығы болмауына қарамастан, өз іс-әрекеттерімен не әрекетсіздігімен некені (ерлі-зайыптылықты) бұзудан жалтарған жағдайда неке (ерлі-зайыптылық) сот тәртібімен бұзылады.
Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексімен кәмелетке толмаған ортақ балалары жоқ ерлі-зайыптылардың некені бұзу жайлы арыздарын қарауды сотқа дейінгі реттеудің тәртібі белгіленген.
Алайда некеден ортақ кәмелетке толмаған баласы жоқ талап қоюшы тіркеуші органдарға неке (ерлі-зайыптылық) бұзу жайлы өтінішпен жүгінбестен сотқа талап арызбен жүгініп, ол туралы сотқа істі қарау барысында белгілі болса, сот талап қою арызын осы санаттағы істер үшін заңда белгіленген дауды сотқа дейін реттеу тәртібін сақтамаған және осы тәртіпті қолданудың мүмкіндігі жойылмаған деген негізде қараусыз қалдырады.
Талап қоюшыға некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу жөніндегі өтінішпен тіркеуші орган- жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жүгінуі тиіс екені жайлы заң талабы түсіндіріледі.
Талап қою арызын қараусыз қалдырудың тағы бір негізі ретінде осы немесе басқа бiр соттың не төреліктің іс жүргізуінде сол бір тараптар арасындағы дау бойынша, сол бір нысана туралы және сол бір негiздер бойынша бұрын қозғалған iс болған жағдайды келтірсек.
Мысалы, талап қоюшы азаматша сотқа жауапкер жұбайына некені бұзуды сұраған талап қоюмен жүгінді делік. Алайда сот істі қарау барысында осы соттың өндірісінде оның жұбайының талап қою арызымен бұрын қозғалған некені бұзу санатындағы іс қаралу сатысында екенін анықтайды. Міне осы кезде сот соңғы талап қою арызын, яғни азаматшаның жұбайынан некені бұзуды сұраған арызын сол бір тараптар арасындағы сол бір нысана туралы және сол негіздер бойынша бұрын қозғалған іс болуына байланысты қараусыз қалдырады.
Талап арыздар оған қол қоюға немесе оны беруге өкілеттігі жоқ адам қол қойса немесе оны берсе де қараусыз қалдырылуға жатады.
Сіз талап қоюшы ретінде адвокатқа немесе заң консультанттары палатасының мүшесі болып табылатын заңгерге сотта өзіңіздің құқығыңызды жүзеге асыру үшін өкілеттік білдіріп, сенімхат беруіңізге болады. Алайда аталған сенімхатта Сіз өкілге талап қою арызына қол қоюға өкілеттік бермей, аталған тұлға Сіздің талап қою арызыңызға қол қойған жағдайда, сот талап қою арызын оған қол қоюға өкілеттігі жоқ адам қол қойған деген негізде қараусыз қалдырады.
Кей жағдайларда сотқа талап қою арызымен жүгінген тұлғалар, яғни талап қоюшылар сот отырысының өткізілетін орны мен уақыты жайлы тиісінше хабардар бола тұра, сот отырысына дәлелсіз себеппен келмеуі мүмкін. Мұндай жағдайда, егер аталған тұлға істі өзінің қатысуынсыз қарауды сұрамаса және екінші шақыру бойынша сотқа келмесе, сот арызды қараусыз қалдырады.
Жоғарыда атап өткеніміздей сотта азаматтық іс талап қоюшының талап қою арызы негізінде қозғалады. Істі сотта қарау барысында аталған талап қоюшы өзінің талап қою арызын қайтарып алу туралы арыз беруге құқылы. Бұл жағдайда да сот арызды талап қоюшының арызы негізінде қараусыз қалдырады. Ал соттың осы негізде талап қою арызын қараусыз қалдыруы аталған талап қоюшының осы талап қоюымен сотқа қайта жүгуініне кедергі болмайды.
Сот талап қою арызын қараусыз қалдыру жайлы ұйғарым қабылдайды. Бұл ұйғарыммен келіспеген тарап ол түпкілікті жарияланған күннен бастап он жұмыс күні ішінде оны шығарған сот арқылы апелляциялық саты сотына жеке шағым келтіруге құқылы.
19 қараша 2021 ж. 427 0