» » АЗАМАТТЫҚ СОТ ІСІН ЖҮРГІЗУДІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

АЗАМАТТЫҚ СОТ ІСІН ЖҮРГІЗУДІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ


Өмір болған соң түрлі жағдайлар орын алуы қалыпты құбылыс. Сондай мәселелердің бірі-қазіргі қоғамда кеңінен тараған сотқа талап қоюмен жүгіну.
Егер Сіздің заңмен белгіленген құқығыңыз шектелді немесе бұзылды деген тұжырымға келсеңіз сотқа талап қоюмен жүгінуге құқылысыз.
Дегенмен нақты осы тектес дауларды сотқа дейін шешудің тәртібі белгілі бір заңда көзделсе, Сіз сотқа аталған тәртіпті сақтаған соң ғана жүгіне аласыз.
Өзінің бұзылған құқықтарын қалпына келтіруді талап етіп сотқа жүгінген тұлға талап қоюшы болып табылады. Ал әрекетіне дау айтылып отырған тұлға жауапкер ретінде танылады.
Сотқа талап қою, егер жауапкер жеке тұлға болса, оның тұрғылықты жері бойынша, заңды тұлғаға талап қою оның орналасқан жері бойынша қойылады.
Азаматтық процестік Кодексінің талабына сәйкес жекелеген талап қоюлар талап қоюшының тұрғылықты жері бойынша қойылуы мүмкін.
Мысалы, некені бұзу туралы талап қоюды кәмелетке толған баласы өзімен бірге тұратын талап қоюшы өзінің тұрғылықты жері бойынша сотқа бере алады.
Келісім шарттардан туындаған даулар бойынша талап қоюды
, егер шартта оның орындалу орны көрсетілсе, шарттың орындалу орны бойынша берілуі мүмкін.
Заңды тұлғаның филиалының, өкілдігінің қызметінен туындаған даулар филиалдың, өкілдіктің орналасқан жері бойынша берілуі мүмкін. Алайда жауапкер ретінде филиал немесе өкілдік емес, заңды тұлға тартылатынын білгеніңіз жөн.
Егер Сіздің тұтынушы ретінде құқығыңыз бұзылса, ондай талаппен өзіңіздің тұрғылықты жеріңіз бойынша сотқа немесе шартты жасасу не орындалу орны бойынша сотқа жүгінуге құқылысыз.
Азаматтық сот ісін жүргізуде тараптар, яғни талап қоюшы мен жауапкер тең құқылы. Олардың құқықтары мен міндеттерінің теңдігі сот процесінің жарыспалылығын қамтамасыз етудің негізгі шарты болып табылады.
Дегенмен тек талап қоюшыға немесе жауапкерге тиесілі құқықтарды атап өткен дұрыс.
Мысалы, талап қоюшы талап қоюдан бас тартуға, талаптың мөлшерін азайтуға, ұлғайтуға, талаптың негізі мен мәнін өзгертуге құқылы.
Талап қоюды мойындау тек жауапкерге берілген құқық.
Ал дауды татуласу келісімі, медиация тәртібімен не партисипативтік рәсім тәртібімен реттеуге екі тараптың да ниеті болуы қажет.
Сотқа талап қоюмен жүгінген тұлға өзінің талап қою арызын қайтарып алуға, талап қоюынан бас тартуға құқылы.
Мұндай жағдайда, егер талап арыз соттың өндірісіне қабылданбаса, сот бес жұмыс күні ішінде талап арызды қайтару жайлы ұйғарым қабылдайды.
Егер талап қоюды қайтару жайлы арыз азаматтық іс қозғалғаннан кейін берілсе, сот талап қоюды қараусыз қалдыру жайлы ұйғарым шығарады.
Талап арызды осы негізде қайтару немесе қараусыз қалдыру арыз иесіне сотқа қайта жүгінуге кедергі келтірмейді.
Ал Сіз талап қоюдан бас тартсаңыз, сот бас тартуыңызды қабылдаған жағдайда азаматтық іс жүргізу тоқтатылады. Бұл өз кезегінде Сізге нақ сол жауапкерге, сол талаппен сотқа жүгінуге болмайтынын білдіреді.
Сотқа талап қою арызымен жүгіну үшін Салық Кодексінде белгіленген тәртіпте және мөлшерде мемлекеттік баж төленуі қажет екенін білгеніңіз абзал.
Талап қою арызына мемлекеттік баж төленгені жайлы бекітетін дәлелдемені тіркемеу талап қою арызын қайтару үшін негіз болып табылады.
Даусыз талаптар бойынша сот ісін жүргізу оңайлатылған іс жүргізу, оның ішінде бұйрықтық іс жүргізуде жүзеге асырылады.
Талап қою бойынша іс жүргізуден айырмашылығы- тараптар өндіріп алушы және борышкер деп аталады. Сот өндіріп алушы ұсынған құжаттар негізінде, тараптарды шақырмастан, сот талқылауын өткізбестен, арыз түскеннен бастап үш жұмыс күні ішінде сот бұйрығын шығарады.
Сот өндірісінде сот бұйрығын шығару туралы арыздардың басым көпшілігін кәмелетке толмаған баланы асырап бағу үшін алимент өндіру жайлы арыздар құрайды.
Егер сот бұйрығын шығару туралы арыз бойынша судья талап қою өндірісінде қаралуға жататын дау бар екенін анықтаса, арызды қайтару жайлы ұйғарым шығарады.
Борышкер сот бұйрығының көшірмесі табысталған күннен бастап он жұмыс күні ішінде сот бұйрығына қарсылық білдіруге құқылы. Сот бұйрығы борышкердің қарсылығы негізінде бұзылған жағдайда, өндіріп алушы сотқа талап қою тәртібімен талап қою арызымен жүгінуіне болады.
Әзірге осы. Келесі жазбамда азаматтық сот ісін жүргізудің басқа да талаптарына тоқталатын боламын.
04 қазан 2021 ж. 434 0