Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнамаға енгізілген өзгерістер
Ағымдағы жылдың 6 шілдесінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы заңды күшіне енді.
Аталған нормативтік құқықтық актімен «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 4 мамырдағы Заңы «Тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жөніндегі шаралар» туралы 6-1 тарауымен толықтырылды. Бұл тарауда тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың жаңа рәсімдері, оның ішінде сапасыз тауарлар, жұмыстар мен қызметтерге шағымдардың қаралуының үш сатылы механизмі енгізілген.
Бірінші кезең-сатушының шағымды өз бетінше қарауы немесе дауды сотқа дейінгі реттеу субъектілерінің қызметіне жүгіну арқылы.
Құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған тұтынушы сатушыға құқықтары мен заңды мүдделерін бұзушылықтарды жою және тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) кемшіліктері салдарынан осы бұзушылықтар келтірген залалды (зиянды) тұтынушыға ерікті түрде өтеу туралы наразылықпен жүгінуге құқылы.
Сатушы тұтынушының наразылығын қарауға және тұтынушының талаптарымен келіспеген жағдайда тұтынушының наразылығын алған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде құжатпен негізделген дәлелді жазбаша жауап ұсынуға міндетті.
Егер сатушы күнтізбелік он күн ішінде наразылыққа жазбаша жауап бермесе немесе бұзушылықтарды жоюдан және тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) кемшіліктері салдарынан келтірілген залалды (зиянды) ерікті түрде өтеуден бас тартса, сондай-ақ тұтынушылық дауды сотқа дейінгі тәртіппен қарауға қатысудан бас тартса, тұтынушы уәкілетті органға, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарға жүгінуге құқылы.
Екінші кезең- тұтынушы сатушының жауабына қанағаттанбаған жағдайда шағымды қарау уәкілетті органмен, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік органдармен (Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі Комитет және оның аумақтық бөлімшелері) жүзеге асырылады.
Тұтынушы сатушының ерікті түрде құқықтар мен заңды мүдделерді бұзушылықтарды жоюы, тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) кемшіліктері салдарынан залалды (зиянды) өтеуі туралы наразылықпен оған жүгінген кезден бастап, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше мерзім белгіленбесе, екі айдан кешіктірмей тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарға жүгінуге құқылы.
Тұтынушының өтінішіне: сатушының тұтынушының өтінішіне жауабының көшірмесі, ал егер осы Заңда белгіленген мерзім ішінде сатушының жауабы алынбаған болса,–тұтынушының сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға) өтінішінің көшірмесі (бар болса); өтініште жазылған мән-жайларды растайтын өзге де құжаттар (бар болса) қоса тіркеледі.
Ұсынылған құжаттарды қарау қорытындылары бойынша және тұтынушының құқықтары мен заңды мүдделерін бұзушылықтар анықталған кезде:
1) сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға) бұзушылықтарды жою туралы нұсқама шығарылады;
2) сатушыны (дайындаушыны, орындаушыны) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа тарту туралы шешім қабылданады.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік орган шығарған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы орындамау Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
Үшінші кезең-дауды жоғарыда аталған екі кезеңде реттей алмаған жағдайда ғана тұтынушылар сотқа жүгінуге құқылы.
Тұтынушы сатушыға Заңның 33-2-бабына сәйкес ол туралы ақпаратты сатушы орналастырған, тұтынушылық дауды сотқа дейінгі реттеу субъектісінің – төреліктің, медиатордың, тұтынушылардың қоғамдық бірлестігінің, қауымдастықтардың (одақтардың) не сатушы мүшесі болып табылатын өзін-өзі реттейтін ұйымның қарауына беруді ұсынуға құқылы.
Бұл ретте сатушы тұтынушымен келісуге және тұтынушылық дауды сотқа дейінгі тәртіппен қарауға қатысуға құқылы.
Тұтынушылық дауды сотқа дейінгі реттеу субъектісінің қарауына тұтынушылық дауды беру туралы келісім жазбаша нысанда ресімделеді.
Тұтынушылық дауды сотқа дейінгі тәртіппен қарау Заңның және Қазақстан Республикасының төрелік, медиация, өзін-өзі реттеу туралы заңнамасының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
Заңмен тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында дауды шешудің міндетті сотқа дейінгі тәртібі белгіленген. Сондықтан тұтынушы тарапынан мұндай тәртіп сақталмастан сотқа талап қоюмен жүгінген жағдайда соттар талап қою арызын Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік Кодексінің 152-бабының 1)бөлігінің, 168-бабының, 279-бабының 1)тармақшасына сәйкес қайтару немесе қараусыз қалдыруы мүмкін.
Сондықтан аталған санаттағы даулар бойынша талап қоюмен сотқа жүгіну барысында заңнамаға тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында енгізілген жаңашылдықтарды ескеріп, заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету қажет.
Алия Тубекбаева,
Жаңақорған аудандық сотының төрағасы