» » АЖЫРАСУҒА АСЫҚПАҢЫЗ

АЖЫРАСУҒА АСЫҚПАҢЫЗ



Елімізде бүгін үйленіп, ертең ажырасумен аяқталатын отбасылар саны артып келеді.

«Отбасы мемлекеттің алтын діңгегі» дегенді жиі естиміз. Яғни, отбасы құндылығы жоғары, шаңырақ татулығы берік сақталатын елдің келешегі бар.

Дегенмен, кейінгі кезде құндылықтар құлдырап, шаңырақ шайқалуы оңай болып кетті.

Жаңақорған аудандық сотына талап қоюшы Қ., жауапкер Б-дан некені бұзуды сұраған талап қою арызымен жүгінген.

Талап қоюшы некеге 2003 жылы тұрып, одан араларында кәмелетке толмаған балаларының барын, жауапкермен мінезі жараспайтынын, одан әрі отбасын сақтап қалудың мүмкін еместігін көрсетіп, некені бұзуды сұраған.

Істі қарау барысында сотпен тараптарға олардың дауды медиация тәртібімен реттеу мүмкіндіктері мен құқықтары түсіндірілген.

Нәтижесінде тараптар кәсіби медиатордың көмегіне жүгініп, дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімге келіп, оны бекіту үшін сотқа ұсынды.

Сот ұйғарымымен дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім бекітіліп, талап қоюшы некені бұзуды сұраған талап қоюынан бас тартты және аталған азаматтық іс жүргізу өндірістен тоқтатылды. Төленген мемлекеттік баж алымы талап қоюшыға қайтарылды.

Тараптар дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім жасау арқылы отбасын сақтап, балалары толыққанды отбасында тәрбиеленуге мүмкіндік алды.
Бұл өз кезегінде медиацияның отбасы дауларын шешудегі тиімді тетік екенін көрсетеді.

Адамның ашуы алдымен келіп, отбасын ойран-топыр етіп кетсе де, соңынан келген сау ақылдың бәрін жөндеп, сынғанды бүтіндеп, үзілгенді жалғап жіберетін қасиеті бар. Жоғарыда мысал еткен жандардың сот шешімінен кейін де ақылға келіп, ұл-қызының болашағы үшін ошағын қайта жаққаны – нағыз адамшылық.

Ақпарат: Жаңақорған аудандық сотының баспасөз қызметі.
17 қараша 2021 ж. 315 0