№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Жалған ақпарат жарға жығады

Жалған ақпарат жарға жығады

Қоғамдағы түйткілді мәселенің бірі – fake ақпарат. Расында жалған ақпарат адамдарды адастырып, табысынан айырып, жолдан жаңылдырғанын көріп, естіп жүрміз. Бір жағы, жалған ақпараттың артында алаяқтық пиғылдар жасырынып тұрады. Әсіресе, әлеуметтік желі қолданушылары fake-тің ілмегіне ілінеді.
Жақында бір құрбым instagram-да конкурсқа қатысып «айфон ұтып алдым» деп мәз болған-ды. Сөйтсек, оңай олжаға кенелдім деп жүріп қомақты қаржысынан қағылыпты. Бәрі былай болады.
Бөгде біреу телефон соғып, «Ұтыс ұттыңыз. Ұйымдастырушы Мәскеу қаласындағы компания. Сізге сыйлықты рәсімдеу үшін және жеткізіп беруге ақша төлеуіңіз керек» дейді. Қуанған адам тез алдана ма, әйтеуір айтқан 55 мың теңгені салады. Содан сыйлығын сарыла күтеді, күтеді. Бірақ бірнеше айға созылса да Мәскеуден сыйлық келмей қояды. Әлгі аккаунт арқылы хабарласайын десе, блоктап тастайды. Міне, алдану оп-оңай екен-ау.
Аудан бойынша алаяқтық фактісімен жыл басынан бері 21 іс тіркеліп, оның 7-еуі сотқа жолданып, жазасын алды. Олардың ішінде «несие алып беремін» деген уәжге алданған азаматтар көп. Сондай-ақ екінші деңгейлі банктің картасын пайдалану, біреудің атынан онлайн несие рәсімдеу және т.б фактілер тіркелді. Алаяқтық фактісімен ұсталған қылмескер 5 жылдан 10 жылға дейін қамауға алынады. Яғни Қылмыстық кодекстің 190 бабына сәйкес келтірілген шығынның мөлшеріне байланысты жазасын өтейді.
Көп кездесіп жүрген алаяқтық түрлеріне: қайырымдылыққа қаржы сұрау, интернет-дүкенмен байланысты, SMS-алаяқтық және интернет-банкинг арқылы атқарылатын қылмыстар кіреді. Бұл алаяқтық түрлері халықаралық деңгейде таралуымен ерекшеленеді. Бір елде отырып екінші елдің азаматын оп-оңай арбап, қалтасын қағып алады. Интернет-алаяқтар жеке және заңды тұлғалардың атынан жиі әрекет етеді.
Аудан прокурорының орынбасары Абай Саркөбен интернетте жалған ақпарат таратып, алаяқтық фактілері жиілегенін айтты.
– Интернеттегі жалған ақпарат адамдарға моральдық және матери­алдық жағынан шығын келтіруде. Яғни алаяқтықтың түрлері көбейді. Ескерте кететіні, екінші деңгейлі банктер мен микроқаржылық ұйымдар және құқық қорғау орынының өкілі еш уақытта телефонмен хабарласып немесе мессенджер арқылы логин, пароль секілді құпия мәліметті сұрамайды. Егер қажет болған жағдайда, мекемелердің арнайы өкілдері бөлімшеге келіп, жұмысты бітіруге кеңес береді. Өйткені телефон арқылы ондай мәселелер шешілмейді, – деді ол.
Терминалмен төлеген чекті, әлеуметтік желіде, мессенджерлер арқылы сөйлескен диалогтарыңыз болса, оларды да сақтап, дереу арада құқық қорғау органдарына жүгінген жөн. Бұл мәліметтер алаяқты табуға көмектеседі.
– Жалған ақпарат таратушыларға Қылмыстық Кодекстің 274-бабында «Көрінеу жалған ақпарат тарату – қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін төндіреді» деп көрсетілген. Ауданда бұл қылмыс түрі 2020 жылы пандемия кезінде орын алған. Яғни, бір іс сотқа жолданды. Ұялы телефондағы чаттар арқылы күнделікті қаншама ақпараттар таратылып жатады. Көзі ашық, көкірегі ояу жандар мұның ақ-қарасын ажыратпай байбаламға салмайды. Ал, кейбір кісілер мұны түсінсін, түсінбесін тарату керек десе ерінбей неше группа болса соның бәріне жіберіп шығады, – дейді Абай Саркөбен.
IT мамандардың сөзінше, кез келген ақпараттың шығу тарихы мен оны кім жазғанын анықтау оңай. Мысалы, таралған ақпараттағы суретті көшіріп Google іздеу жүйесіне саласыз. Сол кезде фотосуреттің қашан түскені, қандай оқиғаға байланысты екендігі шыға келеді.
Ал, Whatsapp арқылы жазылып, таралған мәтінді ІD код арқылы тауып алуға болады. Бұл ІТ саласынан хабары бар кез келген адам білетін тәжірибе.
Ойымызды түйіндейтін болсақ, әр адам өз-өзіне берік болып, әр сөзі, әр ісі үшін жауапкершілік алатындай болғаны дұрыс. Көлденең көк аттының сөзіне ермей, жалған ақпараттың жарға жығатынын ұмытпайық.
Рауза ӘЗІЛХАН
22 қараша 2021 ж. 401 0