Әлімжеттік – әділетсіздіктен туатын әрекет
Әлімжеттік көріністерінің мектеп жасындағы балалардың арасынан қылаң беруі ұлағат ұясының табалдырығына тән емес теріс әрекет ретінде қай заманда да айыпталған. Өйткені білім ордасында баршаға берілетін тәрбие ортақ. Осы білімгерлер арасынан алабөтен аты шығып, біреудің жағасына жармасып, тентектік танытпаса тұра алмайтын бұзақылардың болуы әлеуметтік астары тереңде жатқан, жазылмаған жан жарасындай түйткілді құбылыс деуге болатындай. Кеше, бүгін ғана емес, адамзатпен бірдей өмір сүріп келе жатқан бұл қатыгездіктің түп тамыры қарақан басын қатарынан жоғары қойып астамсудан немесе өз-өзін қарадай кем санап, сол үшін біреулерге негізсіз кектенуден туатын өшпенділіктің өрнегі болса керек. Қалай болғанда да тәртібі орнықты, ақыл-есі толық, отбасында жан-жақты тәрбиеленген бала жөнсіз біреуге соқтығысып, бәлеге басын тығып тұратын сүйкімсіз әдет-қылыққа ешуақытта бармайды. Олай болса мектеп өмірінде мұндай келеңсіздіктер орын алған жағдайда оның түп тамырын зерттеп, баламен де, ата-анамен де психолог ма андар жұмыс жасауы тиіс.
Аудан мектептері мұндай өрескелдіктерден ада-күде аулақ деп айта алмаймыз. Түрлі жағдайлар көрініс беріп қалып жатады. Бірақ ешбір оқушы кінәні мойнына алып, кешірім сұрағысы келмейді. Өйткені әлімжеттік аты айтып тұрғандай, кісі көзінен тасада тұрып, кеудесіне нан пісіп, түрлі бейбастақ әрекеттерге баратындардың заңсыз, ережесіз әдісі. Күнәсіз жасөспірімдердің көркеуде пыйғылдардың тепкісіне қалуынан уайым шегіп, қай бір мектепке барсаңыз да басшысы бар, қосшысы бар, байыз таппай, білім ордасын мың айналып жүретінін көргенде оқушылық міндетін аяқасты етіп, тәртіпке бас игісі келмейтін көк түйнектің көңілінде не барын білмей дал боласың. Әлде, күнделікті қаптаған ақпараттан атыс-шабысқа толы оқиғаларға көз қанып,қанымыз үйреніп, қатыгезденіп барамыз ба? Әлде өзі көзін ашып көргеннен көңілін жасытқан жағдайларға жаны суып, соған іштей назаланып, тағдырына қайтарғысы келген жауабы ма? Бір анық нәрсе, толыққанды отбасында мейірім мен іізгіліктің бесігінде тәрбиеленген баланың жүрегі жұмсақ, намысқа берік, бірақ тышқан мұрнын қанатуға қолы бармаса керек.
Айтып-айтпай не керек, мектеп ішінде орналасқан әжетхананың ішінде төбелесіп, құбырларды быт-шыт еткен шын кінәлілерді ұстай алмай, қайта қалпына келтіруге қалталарынан ақша жинап шат-шәлекей күйге түскен орталықтағы бір мектептің жай-күйінен бүгінгі қоғам бейнесі көз алдымызға елестеп, жанымыздың ауырғанын жасырмаймыз.
Елімізде жалпыға бірдей тегін білім алу құқына ие талапкерлеріміз телегей-теңіз қамқорлыққа бөленіп отырған жан-жақты кемелді жағдайларына жақсы оқу, үздік тәртібімен жауап берудің орнына бағын бастан теуіп, он екіде бір гүлі ашылмаған бала кезінен құқық бұзушылықтарға баратыны жүрек ауыртады. Мектеп ережесін елегісі келмейтіндер өздерінің теріс қылықтарымен айналаға жағымсыз әсер қалдырып қана қоймайды, қоғам құрмет тұтып келген қағидаттарға сына түсуі мүмкін. Мәселен, соның ең шыңында тұрған оқушы формасын алайық. Оқушылық кезеңнің ең қымбат құндылығы саналатын осы тәртіпке түкіріп қарағысы келмейтін кейбіреулер мектеп партасына ала-құла киініп барып, өз араларына да алаңдаушылық туғызып келе жатқаны өкінішті. Өткенде Алматыдағы Назарбаев зияткерлік білім ошағында оқитын 11 сынып оқушысының сыныпқа юбка киіп келуі мұғалімнен ескерту, ата-анасынан сөгіс алып, ақырында өз үйінің терезесінен секіріп ажал құшуымен аяқталды. Бұл қайғылы оқиғамен қандай құқықты дәлелдеуге болады, бірақ жасөспірім шақта оның аражігін ешкім ажыратып жатпайды, ертесіне бүкіл сынып қарсылық ретінде юбка киіп келген. Олардың пікірінше киімде ұлт, жыныс болмайды. Бұл қайдан шыққан пікір? Білім сапасы жөнінен талайға үлгі бұл мектептің көшбасшылығына дау жоқ, бірақ мектеп оқу-тәрбие мазмұнының ұлттық рухтан кенже қалып қойғанының бір көрінісіндей мына оқиғаны сынға алушылар көп.
Білім министрі А.Аймағамбетовтың соңғы карантиндік жағдайлардан кейін мектеп формасына тым қатты талапты жеңілдетіп, «балаларымыз классикалық формасынан ауытқымаса болады» деген пікірін желеу етіп, еркінсігендер сән қуып, тізесі жыртылған немесе тобықтан жоғары келетін шолақ шалбар киюге ден қойып жүр. Классика дегенде қиқы-жиқы мода қуу емес, арғы-бергі тарихта тәлім алушылардың тал бойына жарасымды ақ жағалы қара көйлек, қара шалбарды айтады. Бірыңғай салмақты форманың да санаға ұялатар ұлағаты бар, бойы ұстамдының ойы ұстамды. Тәртіптің өзі осы қарапайым ережені бұлжытпай сақтаудан басталмай ма? Ал бұған көнбей ала-құлаға әуестенгеннің мектеп бітіргенше әлегі бітпей, ұстаз бен ата-ананы бірдей қажытып бітетініне өиір тәжірибесінде талай куә болып келеміз.
Осындай шикі көзқарастың салқыны ауыл мектептерінің оқушыларына да ықпал етіп отырғанын анық байқауға болады. Өткенде бір мүшайрада өлең оқып тұрған баланың тобығы көрінген шалбарына қарап, өзіне шап-шағын алуға қаржы жағы тапшы болып тұр-ау деп іштей аяп отырсам ол шіркіннің мода қуып, құнтиған сияғы екенін кейін білдім. Кәрістің киносынан көріп,соған барынша еліктеп баққан түрлері ғой.
Білім ошақтарында тәртіптің сақталуына мектеп инспекторлары жауапты. «Мектеп инспекторы кім?» деген сауал тастадым оныншыда оқитын ұлыма. Таниды екен, тарс еткізіп аты-жөнін атады. Мұның өзі оның жақсы жұмысының нәтижесі. Заң, құқық қорғау саласы мектеппен тығыз байланыста жұмыс атқарғанда білім ошақтарында әлімжеттікке орын қалмайды.
Баян Үсейінова