Патронаж қызметі: мәні мен мақсаты
Дені сау ұлт қалыптастыруда дәрігерлердің рөлі басым. Әсіресе, пандемия басталғалы ақ халаттылардың жұмысы еселеніп, әр бөлімнің жауапкершілігі артты. Соның бірі – патронаж қызметі. Жалпы, патронаж дегеніміз не? Оның атқарар міндеті қандай? Тұрғындар бұл қызметті пайдаланып жүр ме? Біз осы жайында кеңірек тоқталсақ.
Патронаж – дәрігер мен мейірбикенің науқасты үйіне барып бақылауы. Яғни қажет болған жағдайда науқас емханаға бармай-ақ, үйіне дәрігерді шақырта алады. Ауданда партонаж қызметі бойынша жалпы тәжірибелі дәрігерлік аймақта 50 дәрігер, 50 патронаждық мейірбике бекітілген. Оның 21-і аудандық емханада қызмет етеді. Қалғаны елді-мекендерге тиесілі.
– Бүгінде жалпы тәжірибелі дәрігерлік аймақтың жұмысы жүйелі түрде қалыптасқан. Дәрігерлер мен мейірбикелер аудан халқына көмек көрсетуге қашан да дайын. Тұрғындардың үйін аралап, бақылап отырады. Кей жағдайда науқастың шаңырағына барып ем-дом жасайды, – дейді аудандық орталық емхананың жалпы дәрігерлік тәжірибе бөлімінің аға мейірбикесі Гүлжан Құдайбергенова.
Аға мейірбикенің сөзінше, патронаждық мейірбикелер мен дәрігерлер тұрғындарға уақытылы, сапалы қызмет көрсетуде. Мәселен, Нұргүл Ергешбаева, Арайлым Әшірбаева, Самат Бодықов, Жақсыгүл Әбдіғаппарова секілді ақ халаттылар дені сау, салауатты ұлт қалыптастыру жолында аянбай еңбек етіп жүр.
Хош. Енді патронаждық бөлімнің игілігі жөнінде тұрғындардың пікірін тыңдасақ.
– Кішкентайым жиі ауыратындықтан патронаж қызметін шақырамын. Әсіресе, пандемия басталғалы дәрігерге көп жүгінетін болдық. Аудандық патронаждық дәрігерлер уақытылы келіп қызымды бақылайды. Емханада бар дәрілерді тегін береді. Кент тұрғыны ретінде дәрігерлердің қызметіне көңілім толады, – дейді Арайлым Ибрагимова.
Жалпы үй-үйді аралап, дәрігерлік қызмет көрсететін мамандарға тұрғындардың көңілі толады. Мұндай жақсы пікірді Назира Сарыбаевадан да естідік.
– Бірде балам ыстығы көтеріліп қатты ауырды. Емханаға апаруға мүмкіндігім болмай дәрігерді үйге шақырдым. Ақ халаттылардың еңбегі адал. Уақытында алғашқы көмек беріп, баланы ауруханаға жатқызу керектігін түсіндіріп, ауруханаға орналастырды, – дейді ол.
Әсіресе өткен жылы коронавирус алқымнан алған уақытта паронаждарға зәру болдық. Ауруханалар толып, емханада кезек артқанда дәрігерлер науқастардың үй-үйін аралап екпесін салып, көмек жасады. Абзал жандардың осындай қызметінің игілігін көрген кісінің бірі – Айтбай Құлымбетов ақсақал.
– Соңғы екі жылға жуық уақыт күллі адамзатты әбігерге салған жаман індет жағаға жармасқаны аздай, халық арасында түрлі қауөсет тарап, тұрғындар ауырғанда қайда барарын білмей сандалды. Сол кезеңде патронаждық қызмет үйден емдеді. Бүгінгінің дәрігерлері қарусыз соғыста жүрген нағыз сарбаздар іспетті. Ақ халаттылардың ерен еңбегіне алғысым шексіз, – деді қария.
«Алғыс алған – арымас», – демекші бұл халық арасындағы пікірдің бірнешеуі ғана. Осындай ыстық ықыласын білдіретіндердің қатары көп. Десе де, медициналық қызметтің бұл түріне көңілі толмайтындар да жоқ емес.
Ендігі кезекте жаңа туған нәрестеге көрсетілетін патронажға тоқталсақ. Сәби дүниеге келіп, перзентханадан шыққаннан кейін оның жәй-күйін үйде бақылау үшін аудандық емханадан педиатр дәрігер мен мейірбике бір ай бойы бақылайды. Ал, сәби бір айға жеткен соң анасы емханаға әкелуге міндетті. Бұл қызмет барлық нәрестелерге ақысыз және медициналық сақтандыруға қарамастан жүзеге асырылады. Дәрігер алғашқы аптада сәбиді 3 күн сайын, кейін 7 күнде, 14 күнде және 1 айында барып көреді.
– Дені сау баланы айына бір рет 1 жасқа толғанша бақылаймыз. Баланың осы уақыт аралығында физикалық дамуын, жүйке-психикалық дамуын, тамақтануын қадағалап, анасына баланы дұрыс қалыптасуы үшін қандай жағдай жасау керектігін түсіндіреміз.Бұл бақылау сәбилердің жеке ерекшелігі мен алғашқы жылдың жауапты кезеңдерін ескере отырып жүргізіледі, – дейді аудандық емхананың жалпы тәжірибелі дәрігері Нұргүл Ергешбаева.
Айсұлу АЛДАНАЗАР