Ел дамуына жол көрсетті
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын жұртшылық әрқашан үлкен үмітпен күтеді. Өйткені, ел дамуының алдағы кезеңіне жаңа бағыт-бағдар берді. Президент осынау маңызды құжатта өте өзекті мәселелерге тоқталып, нақты талап қойды. Әсіресе, жас ұрпаққа білім беру мен ана тіліне басымдық беруі үлкен ой салады.
Кейінгі кездері мемлекеттік тілге деген мәртебе күн сайын артып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы халыққа Жолдауында ана тілге басымдық беріп, барлық сала қызметкерлеріне міндеттеді. Сондықтан тілге деген құрмет қашанда бірінші орында тұруы тиіс.
Өзім ұстаз болғандықтан, Президент Жолдауындағы «Сапалы білім беру» туралы үшінші тарауына аса мұқият ден қойып, ерекше жылы лебізбен қарадым. Жас ұрпаққа беретін білім сапасын арттырудағы ұстаздарды қолдаудың жалғаса беретіні, олардың білімін жетілдіруді енді бес жылда емес, үш жылда өткізу – өте дұрыс шешім, себебі ұстаздар білімін жетілдіруді ұзаққа созу оларды жаһандану заманы үрдісінен кейін қалып қоюына әкеледі. Оқу бағдарламаларын ұдайы жетілдіріп отыру, «Цифрлы ұстаз» бағдарламасы жоспарын жасау болашақ ұстаздардың жыл сайын өзгеріп отыратын жаңа инновациялық-цифрлы технологияны меңгеруіне мол мүмкіндік береді.
XX ғасырдың басында ғұлама-ғалым Ахмет Байтұрсынұлы «Ұлттың жоғалуына себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл, сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деп еді. Еліміз тәуелсіздік жолының жиырма жетінші жылына қадам басқан тарихи шақта, басқа елдермен иығын тең тіресер кезеңде тіліміздің қазіргі жайы кімді болмасын толғандырмай қоймайды. «Қазақстанның болашағы қазақ тілінде. Тілсіз ұлт болмайды. Өз тілімізді сақтау, өз тілімізді құрметтеу отаншылдық рухты оятуға қызмет етеді. Президент айтқан және қабылдаған шаралар кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр. Сонымен бірге алға қойылған міндеттер соңына дейін іске асуына атсалысуға тиіспіз. Солардың қатарында 1 мың мектеп салу керек деген тапсырмасы көңілден шықты. Өйткені, бәріміздің де баламыз бар. Бұл өте – оңды шешім.
Эльмира ТҮЗЕЛБЕКОВА
№22 «Балдырған»
Бөбекжай-балабақшасының тәрбиешісі