Мәселе, тойда емес, ойда
Тойға тоқтам бола ма деген сауалға екінің бірінің аузынан қазақты тойдан ажырату мүмкін бе, құдай тойдан кенде қылмасын деген тоқмейіл жауапты естисіз. Сөйтесіз де, елдегі күрделі ахуал әлі де көптің көңіліне ой тастап, ақыл мен сабырға, сақтық пен төзімге мойынұсындырмағаны ма деп таң-тамаша қаласыз. Бұл не, сауатсыздық па, салғырттық па?
Адамдарымыздың қалыпты денсаулығы мен ырғақты тіршілігімізге сына қағып, талай жарнұяларға тосыннан қайғы арқалатып кетіп жатқан тажалдың жолын кесуді мақсат еткен аудан басшылығының ұйғарымымен жергілікті жерде құзырлы мекеме орындары өкілдерінен мониторинг топ құрылған болатын. Арнайы топ мүшелері қатаң бақылау-қадағалау жұмыстарын жүргізіп, карантин талаптарын бұзған аудан тұрғындарына тиісті шара тағайындауға мәжбүр болып келеді. Нақтылап тоқталсақ, жыл басынан бері жалпы саны 68 тұлғаға әкімшілік заңбұзушылық көріністері бойынша хаттама толтырылған. Бұл туралы мониторинг жұмысына талдау жасаған аудан әкімі аппараты ұйымдастыру-бақылау бөлімі статист маманы Аян Көгенбаев мәлімдеді.
– Мониторингтік топтың арнайы үйлестіру орталығына жолдаған заң бұзушылықтардың оннан астам жағдайы жекелеген кәсіпкерлер арасында тіркелді. Қалғандары ас-той, түрлі мерейтойлық шара, банкет, басқосуларды өткізген тұлғалардың анықталған тізімін аудандық санитарлық-эпидемиологиялық станса қызметкерлерінің талдап-зерттеу анықтамасы негізінде айыппұл өндіру тиісті орындардың міндеті. Осы бағытта мониторинг топ құрамы нақтылаған заңсыздықтарға түгелімен дерлік шара көріліп, кері қайтарылған бірде-бір факт болмаған. Бұл арнайы топтың шынайы жұмысының дәлелі болса керек, - дейді ол.
– Індетпен күрес – арнайы топтың ғана емес, әрбіріміздің жіті назарға алып, жандүниемізбен қарсы тұруға тиіс ортақ міндетіміз. Көзге көрінбейтін қатермен бетпе-бет келуде қаруға емес, ақыл-мен айлаға жүгінген ұстамдылық жағдайында ахуалды тұрақты ұстап тұра аламыз. Ауа арқылы емес, тамшы арқылы жұғу мүмкіндігі белсенді вирустың бұл соңғы мутациясын шектеудің бір жолы – оқшаулану. Адам шоғыры көп жиналған жерде оның таралу ықтималдығы арта түспек. Ал бізде той-томалақ, туған күн, мерейтой, отбасылық, басқа да шаралар көбеймесе азаятын түрі жоқ. Тіпті, той деген бастапқы мән-мағынасынан ажырап, баяғы бай-бақуаттылардың елді бір тойдырайын деген ниетпен аста-төк шашылуы, оған «той дегенде қу бас та домалайды» дегендей, барша қауым қатысып, бір-бір тұяқтан жетектеп әкетіп, шала байығандай той иесіне алғысын жаудырып кететін үлгі-үрдісінен ажырап, «той-Құдайдың қазынасы» дегенді желеу етіп, елді шақырып, қалта толтыруды қалайтын ниет артыпты. Ол үшін тойға шашуы қомақты келетін мырзаларға мән беріп, қолы қысқалар ұмыт қалатын жағдайлар артты.
Мың рет айтып немесе тыйым салып, сақтандырғанмен сәулелі болашаққа үміттену – пенде баласының болмысымен біте қайнасқан заңдылық. Отау құрап, бас қосуға асыққан жас отбасыларын шектеп қою да мүмкін емес. Бірақ бас екеу болудың мәні міндетті түрде соны аста-төк атап өтуді емес, туындап кетуі мүмкін бәлекеттен сақтанып, барынша байыпты саясат ұстануды талап етеді.
Басты байлық – денсаулыққа кінәрат түсіріп алмаудың қарекетіне қатты мән берген ұтатынын ұмытпайық. Осы тұрғыда ауданның бас имамы Әбдіхалық Махмұдұлымен сөйлесіп, үйленген жас отбасылардың ереже-шартының карантин кезіндегі қағидаттары жөнінде кеңескен едік. Ол кісі былай дейді.
– Үй болып, бас құраған жастарға шариғи тұрғыда ең басты қадам – некелесуі. Одан соң ерлі-зайып ретінде ертеңгі күндеріне оңды бағдар, орнықты қадам жалғаса береді ғой. Тек бүгінде ортақ адамзаттық мәселе болып отырған індеттің қатеріне ұрынып қалмауда әркім той-жиын шараларына саналы түрде шектеу қойып, шынайы түсіністік білдіре алса өзіне де, өзгеге де жанашырлығы осы арқылы бекемделер еді. Бұлай болмағанда аста-төк дастархан жайып, қызығыма ортақтаса қал деген кісі қолқасын жықпайтын, «шақырмаған жерге барма, шақырған жерден қалма» дегенді берік ұстанатын қазақы пейіліміздің қасіретіне бетпе-бет жолығуымыз әбден мүмкін.
– Ал құдайы тамақ, ас беру мәселесінде мұсылмандық шарттарға сәйкес қандай амал карантин жағдайына тура келеді?
– Өліні риза етем деп жүріп тірілерге кесір тигізіп алудың өкініші одан да ауыр. Жалпы, жетілік, қырықкүндік, жылдық асы деген шариғатта қатаң міндеттелген емес, бірақ әркім марқұмдардың разылығы үшін соңынан дұға жолдап, қайыр-садақа ас беремін десе сауабы үлкен. Алайда, тек бай-дәулеттілер шақырылып, кедей міскіндер ұмыт қалған дастархан қайырлы деп есептелмейді. Сондықтан туыс-туғаннан бөлек кем-кетікті тойғызудың хикметі зор. Олар ұмыт қалмауы керек. Ал, қазіргідей пандемия жағдайында мәмілеге тұрып, айтқанды қылып, адам басын жинап ас-ауқат бергенді тоқтатып, қайыр-садақаның абзал бір түрі жоқ-жұқанаға өз атынан заттай үлестіруді мақұл көріп отырған азаматтар қатары көбейіп келеді. Тіпті олар өздері тарататын тарту-таралғысының сыртына «пәленшенің асына бағытталды» деп адамының атын жазып қойса да болады. Сол бергені түгесілгенше ішіп-жеп отырғанның риясыз рахметі мен дұғасының сауабы әлгі кісіге үздіксіз жетіп отырады. Мұның нығметі қандай үлкен. Көпті жинап, ас беріп, ауру кімнен келеді деп күмәнданып біткеннен осы тәсілдің тағылымы да зор, таразысы да ауыр тартарын түсіну неге қиын?
Заманында Абайға базбіреулер кінә артып, «Әкеңнің садақа асына шақырмадың» деп даулағанында Абай әкесінің асын ел аралап жүріп қолындағы малын таратып, садақа етумен атқарғанын айтқан екен. Құранның айтқанымен жүріп-тұрып, жанына қиянат жуытпаған Абайдан әулие емес шығармыз, осы үрдіс қай тақиямызға тар келіп, өз-өзімізді қинап жүрміз, - деп таусылады дін өкілі. Жанымызды қинауымызға білместік бір себеп, екіншіден елден ұят, сөз қылады деген ауамдық, одан қала берді пәленшеден кем қаламын ба, одан да асырып атымды бір шығармасам ба деген бәсекелестіктің әлегі басты себеп болып тұр-ау. Ас беріп, атан жарыстырып, атақ оздыруды армандаған әдетімізден әлі жаңылмай келе жатсақ, оған кім кінәлі?
Қоғамда жалпыға арналған тәртіпті бұлжытпай сақтап, саналылық таныта білгенде ғана ортақ жақсылыққа қол артып, қауіп пен қатер артта қалып, өзімізді де, келешегімізді де кесірлі дерттен аман сақтап қала алатынымызды ұмытпайық.
Баян ҮСЕЙІНОВА