№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Еңбек нарығында тиімді экожүйе қалыптастыру

Еңбек нарығында тиімді экожүйе қалыптастыру

Пандемия еңбек нарығын едәуір өзгертті. Бұл – ең алдымен, қашықтан жұмыс істеу тәсілінің қарқынды дамуы.
Көптеген жаңа кәсіптер пайда болған, үдерістердің көпшілігі автоматтандырылып, цифрландырылып жатқан қазіргі кезде бұл үрдіс тың серпінге ие болуда.
Осындай жағдайда мамандықты жиі өзгерте білу және жаңа кәсіптерді игере алу арқылы ғана әркімнің бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз ете аламыз.   
Сондықтан, бізге «Кәсіби біліктіліктер туралы» заң қажет. Бұл құжат біліктілікті тану мәселесін реттеп, жұмысшыларды өзінің қарым-қабілетін жетілдіруге ынта­ландыруы керек.
Жаппай цифрландыру үдерісі интернет-платформалар негізінде жұмыспен қам­тудың жаңа үлгісін алып келді. Такси жүргізушілері, курьерлер және басқалар – осының жарқын мысалы.
Бұл сала әлеуметтік және медициналық сақтандыру, зейнетақымен қамту және салық салу тұрғысынан мемлекеттің қолғабыс етуіне мұқтаж болып отыр.
Біздің еңбек нарығымызға көші-қон үдерісі де зор ықпал етеді.
Қазақстан – еңбек мигранттарын қабылдау жағынан ТМД елдері ішінде екінші орында. Бұл саладағы проблемаларды дұрыс шешуіміз керек.
Үкімет Көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасын әзірлеуге тиіс. Онда шетелдерде жұмыс істеп жүрген өз азаматтарымыздың құқықтарын қорғау тәсілдері де көрініс тапқаны жөн.
Ел ішіндегі еңбек күшінің ұтқырлығы мәселесіне қатысты да жаңа ұстанымдар қажет.
Үкімет оңтүстіктен солтүстікке көшіп жатқан азаматтарға жәрдемақы бөлудің қолданыстағы тәсілдерін қайта қарауы керек.
Атап айтқанда, оны әкімдіктер арқылы ғана емес, оңтүстік өңірлерден адамдар­ды өз бетімен жалдайтын жұмыс берушілердің шығынын өтеу арқылы да беруге болады.
Өз бетінше бизнеспен айналысқысы келетіндердің де көшуіне жағдай жасаған жөн. Көшіп келген азаматтарға үй салу ғана емес, ауыл шаруашылығымен айналысу үшін де жер телімдерін беру мүмкіндігін пысықтау керек. Сондай-ақ, оларға мемлекеттік қолдау шаралары қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажет.
Тағы бір мәселеге арнайы тоқталғым келеді.
Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Сон­дықтан, қиын жағдайға тап болған аза­маттарға жан-жақты көмек көрсету – басты міндеттердің бірі.
Алайда, қоғамда патерналистік көңіл-күй және әлеуметтік масылдық үрдісі белең алуда.
Ел ішінде әлеуметтік бағдарламаларды әдейі жеке мүддесіне пайдаланатын азаматтар аз емес.
Мұндай адамдар кез-келген өркениетті елдегі сияқты заңның және бүкіл қоғамның алдында жауап беруі керек.
Осындай жағдайлар «мемлекеттен ала берсем» деген көзқарас қалыптастырды.
Ал, көмекке шынымен мұқтаж жандар, өкінішке қарай, әлеуметтік қолдау шараларынан тыс қалып жатыр.
Әрине, біздің еліміздің мүмкіндіктері зор, бірақ оның да шегі бар.
Ең бастысы, әлеуметтік жеңілдікке ие болсам деген орынсыз пиғыл адамды өз еңбегімен табыс табу қабілетінен айырады.
Мұндай жағымсыз өмір салты ұрпақ тәрбиесіне қазірдің өзінде кері әсер ете бастады.   
Сондықтан, бізге түбегейлі өзгеріс керек.
Заң да, қоғам да, адамдардың сана-сезімі де өзгеруге тиіс.
Дайындалып жатқан Әлеуметтік ко­дексте осындай мәселелерге барынша назар аудару керек.
04 қыркүйек 2021 ж. 445 0