ПТР тест: қайда, қалай тапсыруға болады?
Бас санитар дәрігердің жаңа қаулысы шыққанына бір аптадан асты. Қаулыда коронавирусқа қарсы екпе алмаған сала қызметкерлері апта сайын ПТР тест тапсыруға міндеттелді. Міндетке сай, аудан тұрғындары медициналық тестті қайда, қалай, қанша теңгеге тапсыра алады? Осы сұрақтың жауабын анықтадық.
Аудан бойынша ПТР тестті екі зертхана ғана анықтайды. Біріншісі, аудандық емханада орналасқан (бөлмелерін жалға алған) «Олимп» клиникалық-диагностикалық лабораториясында тапсыруға болады. Қызмет ақысы – 7200 теңге. Анықтама бір тәулікте дайын болады. Бұл туралы мекеме орынбасары Ақмарал Әлімбаева:
– Қаулы күшіне енгенге дейін коронавирус инфекциясын талай рет анықтадық. Аудандық ауруханадағы және қызу желіге хабарласқан күдікті тұлғаларға жедел зерттеу жұмысын жасадық. Біздің зертханалық жұмысымыз Нұр-Сұлтан қаласындағы білікті дәрігерлердің зерттеуінен өтеді. Анализ ұшақ арқылы жеберіліп, жауабын арнайы жұмыс порталынан көреміз, – деді.
Екінші лоборатория – «Invivo».
Мұнда халықтың қарасы көп. Түрлі аурулардың қоздырғышын анықтайтын лабораторияда сынаманың түр-түрі бар.
– Біздің мекемеде таңғы сағат 9-10-ға дейін және түсте сағат 12-15 аралығында Covid-19 эпидемиясының симптомдарына анализ алынады. Бұрын Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласына жіберетін едік. Биыл Қызылорда қаласында зертхана іске қосылды. Енді тест анықтамасының нәтижесін оперативті білуге мүмкіндік бар, – деді лабораторияның аудандық бөлімшесінің менеджері Бақтияр Байжанов.
Лаборатория маңында кезегін күтіп тұрған адамдардың көбі вахталық жұмыста істейді екен. Сондай-ақ аспазшы, даяшы, кассир-есепші, саудагер және т.б тестен өтуде. Соның бірі – Қызғалдақ Кәрімқызы. Ол кенттегі «Нұр-Ару» сән салонында шаштаразшы екен.
– Жұмыс күні 15 клиентке дейін қабылдаймын. Сақтық шарасы алдымен өзіме керек-ақ. Әрине, вакцина салдыру маңызды. Оған денсаулығым келмей тұр. Амалсыз ПТР тест тапсыруыма тура келуде. Табысымның тең жартысы осы тестке кетеді. Мұнда кезек күтіп тұрғаныма бір сағат болды. Осы уақытта 3-4 клиентті қабылдайтын едім. Ал басқа әріптестерім вакцина алып, еш кедергісіз еңбек етуде, – деді ол.
Көптің көкейінде «қалай тегін тапсыруға болады?» деген сауал туындайтыны рас. Қаулыға қол қойылған күннен бастап, әлеуметтік желіде қоғам белсенділері ПТР тесттің қымбаттығын алға тартып, медициналық сақтандыру қорына бөлініп жатқан қаржы есебінен тегін тапсыруды талап етіп, Денсаулық сақтау министрлігіне хат жолдаған еді. Бұл ұсыныстың нақты жауабын ресми органдар берер.
Қымбатшылық алқымнан қысқан уақытта бұл ереже қалтаға әжептеуір салмағын салып тұр. Аптасына 1 рет медициналық тестен өту міндетті болса, айына 28800-30000 теңгеден қағылатыны даусыз. Жеңілдіктер бар-жоғын ауданның бас эпидемиолог-дәрігері Асхан Отарбековтен сұрадық.
– Әр салада қызмет ететін азаматтарға ешқандай жеңілдіктер қарастырылмаған. Тесті тек ауруханада жатқан немесе күдікке іліккен тұлғалар ғана мемлекет тарапынан тегін тапсыра алады. Ал жұмысқа байланысты апталық тест ақылы болады, – деп жауап қатты ол.
Жаңақорғандық фейсбук қолданушысы Ержан Әлжанов деген азамат ПТР тестті арзан бағада қалай шетелден алдыруға болатынын айтып, әлеуметке ой салды. Желінің белсендісі ПТР тесттің 50 данасын шетелден 300-400 теңгеге алуға болатынын сөз етеді. Мұны заң көтере ме? Бұл туралы ауданның прокуроры Дарын Әбіштің өз айтары бар.
– Шетелден келген құрылғыларды заңсыз саудалау мен қолдану елдің заңына қайшы келеді. ПТР тест тек рұқсат етілген зертханаларда анықталу керек. Елді арзан тестпен алдап, қаржы табуға ниетті азаматтар ұсталып, жауапқа тартылуда, – деді прокурор.
Расында елімізде коронавирустық инфекцияны анықтайтын ПТР тестті заңсыз сатуға шектеу қойылғанымен, қылмыстық әрекеттер тиылмай тұр. Қаулы күшіне енгелі ел бойынша 7000 тесттің жалған жолмен жасалғаны анықталып, Қылмыстық кодексінің 214 бабы, 1 бөлігі заңсыз кәсіпкерлік жасау бойынша қаралуда.
Ескерте кететіні, міндетті вакцинаның мерзімі ұзартылуына орай, екпенің бірінші компоненті 2021 жылдың 10 тамызына дейін, екінші компоненті 1 қыркүйекке дейін алынуы тиіс. Бүгінге дейін 18 мыңнан аса жаңақорғандық коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін қабылдады.
Мақпал ПАТЕНОВА