Ауру кірді, аңғырттыққа салынуға болмайды
Жаһан жұртын дүрліктірген сырқатпен күресіп жатқанымызға жылдың жүзі болды... Бұл дерт ешбір мемлекетке оңай соққан жоқ! Бірі жақыны-ағайынынан айрылса, енді бірі дертіне дерт жамады. Алайда адамзат баласы дертпен күресуін тоқтатқан емес. Бір жыл ішінде әлемнің 2,9 млн адамы вирустан қаза болса, соның ішінде, Қазақстан 3 мыңға жуық адамынан айрылды.
Ауданда жыл басынан бері коронавирус инфекциясының 76 жағдайы тіркелсе, нақтыланғаны 58 жағдай. Оның 18-і коронавирустық пневмония ауруына шалдыққан. Барлық ошақтағы науқаспен қарым қатынаста болғандар саны 255 адам. «Covid-19» коронавирустың нақтыланған 2 өлім жағдайы орын алса, 1 азамат коронавирустық пневмониядан көз жұмды. 2 жағдай Жаңақорған кентінде, 1 жағдай Төменарық ауылында.
Жаға ұстарлық цифрлар. Ауру дендегелі қоғамның барлық салаларымен қоса, адамзат құндылықтары да басқаша сипатта қарастырыла бастады. Осындай қиын шақта дерттің барына әлі де болса күмәнмен қарайтындардың астыртын той-жиын өткізіп, көптің басын қосуы жағдайды одан сайын ушықтырып тұр.
Біздің алдымызда не күтіп тұр? Нендей шаралар жасалды? Бұл індеттен көзіміз ашылатын күн бола ма деген сұрақтар әрбір жанның көкейінде берік орнығып, осы сауалға жауап іздейтіні анық. Бұл сауалды ауданаралық аурухананың бас дәрігері Яхия Қадырбекұлына қойған едік.
– Медицина қызметкерлері үшін, жалпы әлем бойынша былтырғы жыл ауыр жыл болды. Ауру ешкімді таңдап келмейтінін ұғындық. Науқастардың саны күніне 20-30 адамға жетіп, дәрігерлердің өздері шетінен ауырып, сырқатқа дер кезінде көмек көрсете алмай, тіпті ауруды жатқызатын орын жетпей қиналған сәттер басымыздан өтті.
Карантин жеңілдетілген екі айға дейін үйімізге бармадық. Дәл қазір науқастар саны азайғанмен, олардың көбі ауруын қатты асқындырып барып келеді. Анау-мынау ауырғанды елемей, жүре береді. Бұл дертпен ауырып, жазылып кеткендердің бойында клиникалық белгілер қашан кететіні туралы дәрігерлердің өзінде нақты мәлімет жоқ. Осы жағынан мұқият болсаңыздар дегім келеді.
Ауру бірден жоғалып кетпейді. Елдегі жағдайға бәріміз бірдей жауапты екенімізді түсінуіміз керек. Сақтық шараларына салғырттық, түрлі мерекелік шараларды өткізуі, қарапайым санитарлық нормаларды елемеу эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуіне алып келіп отыр. Коронавирус инфекциясының симптомды және симтомсыз түрлері бар екенін ұмытпауымыз керек. Сол үшін де санитарлық ережелерді қалтқысыз сақтау өзіңіздің де, жақындарыңыздың да денсаулығына жанашырлығыңыз.
Бүгінгі күні 37 науқас ем қабылдауда. Оның 19-ы үй жағдайындағы бақылауға алынса, ауданаралық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімінде 16 науқас, облыстық ауруханада 2 науқас ем қабылдауда.
Ауданаралық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімі 35 төсек орынмен жабдықталған. Оның 8-і реанимациялық, қалған 27-і инфекция жұқтырған науқастарға арналған.
Ауданда эпидемиологиялық ахуал күрделеніп, науқастар саны күрт көбейген жағдайда ескі аурухана ғимараты 200 орынға лайықтанып әзірленген. Ауданда дәрі-дәрмек қоры жеткілікті, – деді бас дәрігер.
Иә, расымен ең қиын кездерде ауруханаларда дәрі-дәрмек те, оттек аппараты да, төсек-орын да жетіспеді, өкпе желдеткішіне қосылғандардың тірі қалу көрсеткіші аз болды. Өйткені олар ауруы әбден асқынғанда дәрігерге қаралған. Мұндай жағдайдың болғанына көп уақыт өтпесе де, көптің той өткізуге ынтық болып тұрғаны алаңдататып отыр.
Аудандық тауарлармен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысы Шынар Айдаровамен тілдескенімізде ол былай деді:
– 10 сәуірде облыстық денсаулық сақтау басқармасынан аудандық емханаға коронавирусқа қарсы 1000 доза вакцина жеткізілді. Вакцина алдыңғы кезекте егілетін санаттар белгіленді. Ең алдымен медицина қызметкерлері және мектеп, мектепке дейінгі мекемелер, құқық қорғау саласы мамандары және жергілікті атқарушы мекеме қызметерлерін егу жоспарланған. Бір ескертетін жағдай, екпені қабылдағаннан кейін аса сақтық пен күтім ережелеріне мұқият болу керек.
Облыс 8 сәуір күні сары аймаққа енді. Бұл аурудың көбейіп жатқанының белгісі.
Індетпен күресу, оның алдын алу, қорғану жолы әрбір тұрғынның өз қолында. Әрбір азамат үнемі маска тағып, мейлінше адам көп шоғырланатын жерлерге және жиын-тойларға бармағаны дұрыс. Ең бастысы, тәртіпке бағынуымыз керек. Осындай тәртіпке бағынбаған 13 азаматқа, оның ішінде 2 лауазымды тұлғаға, 2 тойхананы жалға алушыларға, 9 той ұйымдастырған азаматқа айыппұл салынып, тәртіптік шара қолданылды. Өкінішке орай той-жиындар әлі де тиылмай тұр, – деді.
Түйін. Қазақтың тойы 150-200 адамсыз өтпейтіні шындық. Мәселе ақша төлегенде емес, ақшаға сатып ала алмайтын адам өміріне келетін қауіпте болып тұр. Ал бұған әлі де болса халық бейқам қарайтын сияқты. Бір жағынан жақыныңның қызықшылығына қатыспауға ұялсаң, екінші жағынан қауіпті ауруды жұқтырып алудан қорқасың. Көзге көрінбейтін, қолға ұсталмайтын індеттен өзімізді және жақындарымызды сақтайық!
Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА