Адвокаттардың жәрдемдесуімен неке сақталды
Жаңақорған аудандық сотында азаматтық іс «WhatsApp» мобильді қосымшасының көмегімен онлайн режимінде қаралып, тараптардың адвокаттарының жәрдемдесуімен келіссөздер жүргізуі арқылы дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасаумен аяқталды.
Істі сот талқылауына дайындық барысында, алдын ала сот отырысында іс бойынша төрағалық еткен судья А.Түбекбаева тараптарға дауды татуласу, медиация, партисипативтік рәсімдерін жүргізу арқылы аяқтау құқықтарын түсіндірген.
Партисипативтік рәсім екі тараптың да адвокаттарының дауды реттеуге жәрдемдесуімен тараптар арасында келіссөздер жүргізу арқылы судьяның қатысуынсыз өткізіледі.
Іс құжаттарына сәйкес іс бойынша сотқа талап қоюшы А. жауапкер Ш-дан неке бұзу жайлы талаппен жүгінген.
Сот отырысында тараптар адвокаттарының жәрдемдесуімен татуласып, дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасағандарын көрсетіп, соттан аталған келісімді бекітуді сұрады.
Судья дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімнің мазмұнын тексеріп, жасалған келісімнің шарттары заң талаптарына қайшы келмейтінін және басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзбайтынын анықтап, Азаматтық Процестік Кодекстің 177-бабына сәйкес оны бекіту және іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы ұйғарым шығарды.
Талап қоюшыға сотқа талап қою арызымен жүгінген уақытта төлеген мемлекеттік баж сомасы қайтарылды.
Осылайша тараптар соттасудың тиімсіздігін ескеріп, дауды адвокаттарының жәрдемдесуімен бейбіт жолмен реттеді, ал олардың кәмелетке толмаған үш баласы толыққанды отбасында тәрбиеленуге мүмкіндік алды.
Ұйғарым күшіне енбеген.
Жаңақорған аудандық сотының баспасөз қызметі