№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Мектептегі ер азаматтардың рөлі қандай?

Мектептегі ер азаматтардың рөлі қандай?


Несін жасырамыз, бүгінде мектеп қабырғаларында ер азаматтардың үлесі аз. Бұл өз кезегінде оқушы тәрбиесіне де кері әсерін тигізуде. Бұрындары бастауыш сынып мұғалімдерінің денін ер азаматтар құраған болса, қазір барлық пәннің дерлік мұғалімдері әйел азаматтардың еншісінде. Бала тәрбиесімен айналысатын мамандардың пікірінше, бұл үрдіс ұлттың ертеңі үшін қауіпті. Қоғамдағы қыз мінезді, жауапкершілік жүгінен қашатын жігіттердің көптеп шығуы да мектепте ер азаматтардың үлесінің аздығынан деседі. Аудандық білім бөлімінің мәліметінше, бүгінде аудан мектептерінде 2661 педагог қызмет етеді. Олардың 2018-і нәзік жандылар, 643-і ер мұғалімдер екен. Осы тұрғыда сала мамандарының пікірін білгенді жөн көрдік.


Зинабдин Шермағамбетов,
ардагер ұстаз, Ы.Алтынсарин медалінің иегері:

– Мектеп қабырғасында ер мұғалімдердің үлесінің басым болуы ер мінезді, жігерлі жастардың қалыптасуына ықпал етеді. Бүгінгідей компьютерленген қоғамда балаларды еңбекке бейімдеу де азайып бара жатыр. Ер азаматтарды мұғалім мамандығына тарту үшін жоғарғы оқу орындары арнайы жеңілдіктер ұсынса, бұл басымдықты көбейтуге ықпал етер еді. Білім ордасында Әлшен Қылышбаев, Әлібек Басқожаев сынды мықты ер азаматтармен қызмет еттік. Қатарында жүрген апай­лардан, олардың сыныбы мықтырақ болып шығатын. Әйел азаматтардың үйдегі жұмысы бар, балаларының жайы бар, бұл бір жағынан заңды құбылыс. Қазір есіме алсам, ер азаматтар жетекшілік еткен сыныптың тәртібі, білімі жақсы болатын. Қанша дегенмен ер азаматтардың мысы басып тұратын болуы керек. Тәртіпті де талап етеді. Ал тәртіп болған жерде ғана білімнің болатыны шындық. Сондықтан ер азаматтарды мұғалімдікке тартуға жұмыстар жүйелі жүргізілуі керек деп есептеймін.

Бағлан Момынханов,
аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Мектеп баланың қалыптасатын ортасы. Яғни алты жасынан он жеті жасына дейтін негізі қаланатын ортада ер азаматтардың үлесі болуы, әрине, оң ықпал етеді. Дегенмен бүгінде ер азаматтардан гөрі әйел азаматтардың үлесі көбірек. Мұны түрлі мамандықтардың көбеюімен де байланыстыруға болатын шығар. Оның үстіне, мектеп жауапкершілігі ең жоғары орта. Кейбір қызмет орнындағыдай бір кабинетте сегіз сағатты өткізбейсің. Әрбір сыныптағы отыз баламен жұмыс істеу қажыр-қайрат пен шыдамдылықты қажет етеді. Ұрпақтың болашағы үшін білім ордаларында білімді ұстаздарды көбейту уақыт күттірмейтін мәселе.

Сара Әділова,
ардагер ұстаз:

– Ер азаматтар тәртіп пен ретіліктің белгісі. Өнегеге толы отбасынан тәлім алған бала ешқашан жат қылық көрсетпейді. Білім ордаларында ер азаматтардың үлесінің көп болуы ұлдардың намысшыл, өжет болып өсуіне септігін тигізетіні жасырын емес. Біз мектеп оқыған жылдары мектепте ер мұғалімдердің саны едәуір көп болатын. Қабағынан ығып, көп нәрсені аңғарушы едік. Десе де баланың тәрбиесі тікелей ата-анасына байланысты. Кейінгі ықпал ететін ортасы мектеп. Ер мұғалімдерден сыныптағы ең бұзық деген оқушылардың өзі қаймығып, сабағын оқып келуге тырысатын. Бірнеше жыл мектеп қабырғасында жұмыс істегендіктен мектептегі ер азаматтардың ролі маған таныс. Әрбір сыныпта әр үйдің еркесі болады. Оларды тәрбиелеу кейде әйел мұғалімдердің қолынан келе бермейді. Сондай-ақ ұл балалар мектептегі ер мұғалімдерге қарап бой түзейді. Әсіресе жоғарғы сынып оқитын оқушыларға ер мұғалімнің сабақ бергені тиімдірек. Қыздар да ұятты, ибалы болып өседі деген ойдамын.
Білім және ғылым министрлігінің де­ректеріне сүйенсек, елімізде орта мек­тептерде жұмыс істейтін 279 098 мұғалімнің 84-85 пайызын әйелдер құрайды екен. Орта есеппен алғанда әр мектепте 2-3 ер мұғалім ғана жұмыс істейді деуге келеді.
Мектептегі балалардың мінез-құл­қының қалыптасуына ер-азаматтардың ықпалы бары жасырын емес. Ұлтымыздың тұрмыс-салтында бала тәрбиесімен тікелей әйел айналысқанымен, ер азаматтың қас-қабағы, мысы, бір ауыз сөзі көп нәрсені шешетінін мойындауымыз керек. Мұның өзі ұлттық болмысызға ғана тән қасиет.
Сала мамандарының пікірі бір арнада тоғысқандай. Бұрындары мұғалім болу үшін ер азаматтардың айлығы көбеюі тиіс дейтін болса, бүгінде бұл мәселе шешімін тапты десек те болады. Өткен ғасырдың елуінші жылдары мектептерге әйел мұғалімдерді тарту мақсатында Қазақ ұлттық қыздар университеті ашылғаны белгілі. Мүмкін ерлерге арналған арнайы оқу орны қажет пе? Бұл жайлы пікірлер де қылаң беріп жүр. Мұның маңызын уақыттың еншісіне қалдырайық.
Лаззат ЖУСИПОВА,
№193орта мектеп,
бастауыш сынып мұғалімі
17 ақпан 2021 ж. 696 0