COVID-19: сақтық пен тәртіп – басты қорған
Коронавирусты құрықтаудың жолы әлі табылған жоқ. Қайта вирустың ауқымы кеңейіп, жұқтырған адамдардың саны артып келеді. Дерек көздеріне қарағанда, жаһан жұртының 95 миллионнан аса адамынан COVID-19-дың белгілері анықталды. Оның 2 миллионнан астамы өлді. Көш басында АҚШ, Үндістан, Бразилия, Ресей, Англия, Франция сынды алпауыт елдер тұр. Ал Қазақстанда 169 мың адамнан асқан.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, өткен тәулікте Қазақстанда коронавирус жұқтырған 972 адам және оған ұқсас пневмониямен 71 адам тіркелді. 11 адам COVID-тен, бір адам соған ұқсас пневмониядан көз жұмған.
Елдің ең ірі екі қаласы – Нұр-Сұлтан мен Алматыда өткен тәулікте ПТР тестімен нақтылғанған 121 кісі тіркелді. Аймақтар арасында Павлодар облысы алда келеді. Ресеймен шекаралас бұл облыста 15 қаңтарда коронавируспен 110 адам тіркелді. Атырау облысында эпидемиологиялық ахуал әлі тұрақтанған жоқ.
Енді ауданға келсек, 10 қаңтарда коронавирус жұқтырған адам тіркелді деген ақпар шықты. Бұл туралы аудандық тауарлармен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Шынар Айдаровадан сұрадық.
Оның сөзінше, коронавирус инфекциясының симптомсыз түрімен 13 науқас есепке алынған, оның 4 жағдай ауданға басқа облыстан келген адамдар арасында анықталып, тұрғылықты мекен-жайы бойынша үй карантиніне алынды. 7 жағдай қарым-қатынаста болғандарды тексеру барсында анықталды. Олар да үй карантиніне алынып, күнделікті медицина қызметкерлерінің бақылауында. Вахталық жұмысқа бару алдында тексеру кезінде 2 жұмысшыда оң нәтиже анықталып, үй карантиніне жатқызылды.
Аудан әкімдігі Қызылорда облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 05.01.2021 жылғы №1 қаулысын негізге алып, бұқаралық және отбасылық іс-шараларды ұйымдастырмау жөнінде барлық кент және ауылдық округ әкімдеріне арнайы тапсырма берді.
«Мың жаудан бір жансыз жаман» деген ата-бабамыздан тәмсіл қалған. Бұл ұлағаттың мән-маңызын әртүрлі тәпсірлеуге болады. Бірақ коронавирус жаһан жұртына жаппай тараған кезде вирустың «жаман жау» екенін терең сезіндік. Иә, қаншама жақсыларымыз бен жайсандарымызды арамыздан әкетіп, қайғыдан қан жұтқанымыз кеше ғана. Тіпті ет жақынымызға топырақ салуға мүмкіндік болмай, бармақ тістедік. Осы бір қиын күндерден сабақ алып, коронавирусқа оқшаулану арқылы қарсы тұра алатынымызды ұмытпағанымыз жөн.
Біз аудандық ауруханының бас дәрігері Яхия Шорабаевтан қазіргі ахуалға баға беруді сұрадық:
– Қазір ауданда Covid-19-ден емдеу хаттамасына енген 5 түрлі дәрі-дәрмек 200 науқасқа 2 айға жететін қоры бар. Дәрігерлер мен мейірбикелердің тәжірибесі толығып, сапалы қызмет етуде.
– Дәрі-дәрмек қоры жеткілікті ме?
– Коронавирусты жұқтырған науқасты емдеуге керекті препараттар мен антикоагулянт, кортикостероидтің қоры жеткілікті. Дәрілердің жарамдылық мерзімі 2023 жылға дейін. Тіпті пневмонияның жеңіл түрімен үй жағдайында емделетіндерге де дәрі-дәрмектің қоры жетеді.
– Коронавирус маска кию мен антисептиктерді пайдаланудың мәнін түсіндіріп берді. Қорғаныш құралдары жеткілікте ме?
– Қазір әр бөлімше қызметкерлерін маска мен антисептиктермен қамтамасыз етіп отырмыз. Дәріханаларда маска жеткілікті деңгейде.
Ескерте кететіні, Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысын орындамау Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне сәйкес, карантиндік талаптар сақталмаған жағдайда жеке тұлға 30 АЕК, лауазымды тұлғаға және кіші кәсіпкерлер 230 АЕК мөлшерінде айыппұл салу көзделген. Бәрінен бұрын, сақтық пен тәртіп – басты қорған. Осыны ұмытпайық, ағайын!
Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА