» » ҚҰС ШАРУАШЫЛЫҒЫ: Табысты саланың пайдасын қашан көреміз?

ҚҰС ШАРУАШЫЛЫҒЫ: Табысты саланың пайдасын қашан көреміз?


Расында құс шаруашылығы табысты сала. Оның еті мен жұмыртқасына, қауырсыны мен мамығына нарықта сұраныс жоғары. Әсіресе, жұмыртқасы өтімді. Бұған мақала жазу барысында қаныға түстік.

Жалпы құс шаруашылығына қысқа уақытта еңбекті де, қаржыны да аз жұмсап, еті мен жұмыртқасын жылдың төрт мезгілінде өндіруге болады. Жұмыртқа әртүрлі қоректік заттарға бай әрі адам организміне  сіңімді тағам. Оның құрамында құнды белоктар, майлар, көмірсулар, жиырмадан астам минералды заттар мен оннан астам витаминдер бар. Жұмыртқа ағзадағы зат алмасуына жедел ықпал етеді, нерв жүйесін нығайтып, организмнің әртүрлі ауруларға төзімділігін арттырады. Ұлттық тамақ өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институты бір адамға тәулігіне орта есеппен 50 грамм немесе жылына 365 жұмыртқа қажет екенін зерделеген. Ұлттық құрамаға енген спортшылардың ас мәзірінде міндетті түрде жұмыртқа қосылатынын көп жағдайда аңғаруға болады.
Павлодар қаласында спортпен айналысатын інім ауылға келгенінде  тек қолдың жұмыртқасын жейтінін айтып, үй-үйді іздеп кеттік. Таптық. Құдамыздың үйінде тауық ұстайды екен. Бірақ кезекке тұрдық. Торт пісіретін жеке кәсіпкерлер алдын ала тапсырыс беріп қойғаны белгілі болды. Не керек, 50-ден аса тауыққа күніміз қарап, 3-4 күнде 5-6 жұмыртқа алып тұрдық.
Енді есептеп көріңіз, күнде 50 тауықтың 50 жұмыртқасын 50 теңгеден саудалағандакүніне 2,5 мың теңге, айына 70-75 мың теңге отбасына кіріп тұр деген сөз. Табыс көзі қайда жатыр?
Көзі міне, осы кәсіпті қолға алмақ үшін, қайтарымсыз гранттың комиссия отырысында 8 азамат бизнес-идеясын қорғады.
Тарқата айтсақ, келінтөбелік көп балалы ана Айнұр Жиренбаева «Адлер» тауығын баптауды қолға алды. Тауықтың бұл түрлері жыл ішінде шамамен 170-190 жұмыртқа береді. Жұмыртқасы кремді. Үй жағдайында асырап-бағуға өте қолайлы.
– Құстың басын көбейту үшін жұмыртқасын жинап, көктем айларынан бастап балапан өндіруді жоспарлап отырмын. Бір жұмыртқасы 200 теңгеден кем болмайды. Қауырсыны мен мамығын кәдеге жаратуға болады, – деді ол.
Бесарықтық Гаухар Калманова еті дәмді, әрі құрамында холестерин мөлшері өте төмен күркетауықты бағуды жөн көріпті. Жалпы күркетауық табысты бизнестің бір түрі. Оның аталықтары 18-22 келіге дейін ет береді. Ал жұмыртқасы 200-300 теңгеден жоғары бағаланады.
Қожамберділік Фарида Сәрсенбаева «Зият» шаруа қожалығын құрды. Мақсат – құс шаруашылығынан табыс ажырату. Әзірге қайтарымсыз гранттың қаржысына 20 брама, 80 қазақы тауық, 10 қораз алды. Ұлының есімімен аталған шаруа қожалықты отбасылық кәсіп деуге болады. Ұлдары ертелі кеш тауық бағып, ит пен мысықтан қорып, көбейтуді қолға алды.
Жаңақорған кентінің тұрғыны Талғат Сатыбалды «Талғат» құс шаруа қожалығын ашты. Қорасында 53 тауық, 58 индоутка баптауда.
– Қора-жайым кең, құс жаюға ыңғайлы. Өзім индоутка туралы білетінім көп болғандықтан құстың екі түрін бағуға басымдық бердім. Мал дәрігерлері де құстарды қадағалап тұрады. Кәсіп етемін деген адамға қолдау бар. Өзім қатарлы жастарға көңіл қалаған кәсіпті ашып, қорықпай қадам жасауға кеңес беремін, – дейді жас кәсіпкер.
Жаңақорған кентіндегі сауда орындарына да арнайы барып, қолдың жұмыртқасы жайлы сұрадық. Сатушылардан: «Қолдың жұмыртқасын сұраушылар көп. Сол себепті қолдың жұмыртқасына арнайы тапсырыс береміз. Бірақ бізде жұмыртқа өндіретіндер саусақпен санарлықтай ғана», – деген жауап алдық.
Айтқандай, аудан басшысы Руслан Рүстемов құс шаруашылығын дамытуға ниетті кәсіпкерлерді қабылдағанын жақсы білеміз. Бұл жөнінде әкімнің кеңесшісі Қаныбек Әбдуов өзінің фейсбуктегі аккаунтында жариялады.
– Елге инвестиция тарту мақсатында қолға алынып жатқан құс фабрикасы Жаңақорған кентіне жақын маңнан, дәлірек айтқанда, халықаралық автодәлізге қабаттас салынады. Мұны «Абдулла» шаруа қожалығы жүзеге асырады. Бүгін аудан әкімі Руслан Рүстемов инвесторларды қабылдап, жұмыстың барысын білді, оларды қолдауға байланысты тиісті орынбасарына тапсырма берді.
Жалпы, шаруа қожалығының иесі – елге белгілі елағасы Абдулла Тәжімбетов. Қазірде оның ұлы Әбілхан қасында қолқанат. Ол Нұр-Сұлтан қаласында тұрса да туған жері – Жаңақорғанға бүйрегі бұрып тұрады. Сондықтан фабриканың атамекенге салынуына ықпал етіп, қазір инфрақұрылымына қатысты құжаттармен айналысуда. Ал, желтоқсан айында фабриканың құрылыс жұмысын бастап, 2021 жылдың аяғына дейін нысанды пайдалануға беруді жоспарлап отыр.
Бұл жоба ҚР Ұлттық банктің республикалық кеңесінде мақұлданды. Жобаның 2 млрд 888 млн 934 мың 729 теңгесі «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы жылдығы 6 процент жеңілдетілген несиемен қаржыландырылатын болды. Ал, қалған 1,2 млрд теңгесін инвестор өзі салады.
– Құс фабрикасы ет бағытын ұстанған, жылына 3,5 мың тонна құс етін өндіруді көздейді. Сол үшін 12 құс ұстау орнын белгілеп қойды. Алдымен газ, су, электр энергиясы жүйесі, жол тарту мәселесі бірінші кезекке қойылып отыр және оны жүзеге асыру жолы аудан әкімімен келісілді. Бір қуантарлығы, жоба толық күшіне енгенде 120-150 жергілікті жұмыссыз азамат жұмысқа қабылданатын болады, – деді Қаныбек Шәрібекұлы.
P.S.: Біздің айтқымыз келгені, ебін таба білгенге құс шаруашылығы да табыстың көзі. Тек мұрат қойып, сол жолда еңбекті қару ету керек.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ,
Мақпал МАРҚАБАЙ
09 желтоқсан 2020 ж. 824 0