№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қоғам мүлкін жанашырлық сақтайды

Қоғам мүлкін жанашырлық сақтайды


Жаңақорған кенті күн сайын көркейіп келеді. Биыл 22 көше асфальттанды, 7 көшеде жаяу жүргінші жолы салынды. Диодты шамдар орнатылып, түнді жарық ете түсті. Енді тратуар бойына орындықтар орнатуда. Сондай игілікті істер З.Мұсаханов көшесігің бойында орын алғаны қуантты. Әрбір 200 метр сайын кездесетін орындықтар жолшыбай шаршаған жолаушыларға ыңғайлы. Ең бастысы, орындықтың жанына қойылған қоқыс жәшіктері көше тазалығына септігін тигізері анық.


Біраз уақыт бұрын орталық саябақтың ішіне жарықшамдар қойылғанына баршамыз куәміз. Кешкісін демалуға келген тұрғындардың жайлы отырып, барынша көңіл сергітуіне жасалған игілікті іс көп уақыт өтпей жарамсыз күйге түсті. Яғни шамдарды сындырып, жарамсызданған саябақты меңіреу қараңғылық тұмшалады. Қоғам мүлкіне, ортақ құндылыққа кімдер қиянат жасады екен-ә! Неде болса, санасы таяз, көңілі тар, адамның істегені болар.
Кінәлі алыста емес, өз арамызда. Осындайда адамның ішкі мәдениеті қалыптаспай, қоғам өзгермейді деген ой келеді. Ал қоғамның мүлкіне жанашырлықпен қарау әрбіріміздің мемлекет алдындағы жауапкершілігіміз. Осы тұрғыда кент әкімі Есдәулет Мырзадәулетұлы:
– Мемлекет мүлкі ортақ қазынамыз. Әдептілік, ішкі мәдениеттің төмендігі кейбір жасалған дүниелерге бей-жай қарап, оны бүлдіріп жарамсыз етіп қалдырумен аяқталып жататыны өкінішті. Енді осындай келеңсіздіктер орын алып жатса, қатаң шаралар қолдану қажет деп ойлаймын. Сол кезде ғана ортақ тәртіпке бағынады. Б.Момышұлы айтқандай «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген аталы сөзді әрбір тұрғын жадында ұстауы тиіс, – деді.
Кент тұрғыны Асылхан Сабырұлы:
– Қанымызға сіңген қасиет қонақжайлығымыз сырттан кісі келсе ауылды аралатып, гүлденген кентімізді көрсеткіміз келеді. Дегенмен, кейбір келеңсіздіктер көңілге кірбің ұялатады. Кеше ғана жасалған дүние аз уақыттан соң жарамсызданып жатады. Әрине қынжыласың. Барлық жан жанашыр болса деген ішкі ой күйінде қалады, – деді.
Мұның бәрін неге қозғап отырмыз? Жақында ғана З.Мұсаханов көшесіне қойылған орындықтарға зақым келе бастапты. Сонда жаңақорғандықтардың арасында рухани мешеу адамдардың болғаны ма? Олай болмаса қоғам мүлкіне кімдер зақым келтіріп жүр?
Кенттің гүлденгенін қаласаңыз әрбір жасалған дүниеге жанашырлықпен қарайық. Өз отырған өлкемізге қамқорлық көзқарасымен, жанашырлықпен қарасақ ғана ортақ үйіміздің гүлденері хақ. Өсіп-өркендеуге бет алған елдегі ең басты құндылық – ортақ мәдениет пен ортақ пікірдің түйісіп, бір жерден шығуы. Олай болса, үйдегі әрбір затқа жанашырлықпен қарағанымыз секілді, кентті көркем ететін заттарға жанашырлықпен қарайық, ағайын!

Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА
04 қараша 2020 ж. 640 0