» » Кеселмен күресуді күшейту керек

Кеселмен күресуді күшейту керек

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың коронавирус індетінің екінші кезеңіне дайындық мәселелері бойынша кеңес өткізгені белгілі. Осыған орай аудандағы жағдайды пысықтай отырып, кеңесте тапсырылған жұмыстардың барысын баяндағым келеді.
Мамандардың кейбір болжамдары бойынша COVID-19 коронавирус індеті қайта өршиді деген ақпарат бар. Біз осыған дайындықты күшейту мақсатында осы кезден қолға алған бірқатар шараларды одан әрі де дамыта түсуіміз қажет.
Осы кезеңде денсаулық сақтау саласын нығайту үшін ауқымды жұмыс атқарылу үстінде. Азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау жөніндегі мәселе күнделікті назарға алынған. Аудан әкімінің жетекшілігімен жергілікті жерлерде жедел штаб жұмыс істейді. Бұл бағытта аудандағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай қатаң бақылауда тұр. Қазір ауданда COVID-19-дан емдеу хаттамасына енетін бактерияға қарсы препараттар мен антикоагулянт, кортикостероид секілді 5 түрлі дәрі-дәрмектің 200 науқасқа 2 айға жеткілікті қоры бар. Және өткеннің сабағынан дәрігерлер мен медбикелердің тәжірибесі толысты.
Рас, жаз айында ахуал күрделі жағдайда болды. Асқынған індеттің азабы жұрт жанын жегідей жеді. Ол өлім-жітімге ұласты, халық мұңлы күй кешті. Одан бергі бірнеше айда ауыр ахуал басылып, ел ес жиды. Өкінішке қарай, сақтық шараларын ұмыта бастап, отбасылық, топтық жиынды үдете түсті. Жергілікті атқарушы органдар құқық қорғау саласы қызметкерлерімен бірге осындай көпшілік жиынды шектеу мақсатында қоғамдық бақылауды күшейтуге күш салып келеді. Сақтық шараларын қолдану тек қана мемлекеттік органдардың міндеті емес, барлық ұйым, әрбір аудан тұрғынына парыз деп білген жөн. Өйткені әркім өз өміріне жауапты. Қазір қандай да бір той, жиын немесе көпшілік шараларды байқасаңыз жедел түрде полицияға, мобилдік топқа (№1 топ жетекшісі Әбдіғани Махмұтжанов, 87051746940, №2 топ жетекшісі Қаржыбек Бүркітбаев, 87787886060, №3 топ жетекшісі Әбілғазы Төлегенов, 87016301268) хабарлау қажет. Олай болатыны, сіздің хабарламаңыз аурудың тарауына тосқауыл болып, талай тағдырдың өмірін арашалап алады. Ғалымдардың пікірінше, біртағар бетперде тағу аурудың таралуының 80 пайызының алдын алады екен. Сондықтан біріміз баршамызға, баршамыз бірімізге көңіл бөлгеніміз өте өзекті.
Қазір аудан орталығы мен барлық ауылдық округтерде дыбыс күшейткіш арқылы кеселдің жолын кесу үшін сақтық шараларын ескертіп, құлақтандыруға ден қойдық. Бұған мәдениет үйлері, клуб, мешіт, темір жол вокзалы және төтенше жағдай қызметін іске қостық.
Бүгінде ауданда 21 мобильдік топ құрылған. Олар сақадай сай дайын. Аудандық аурухана, стационарда науқасты төсекпен толық қамтамасыз етудің алғышарты жасалған. Демеушілер есебінен 2 дана ИВЛ аппараты, 54 дана оттегі концентраты, 10 дана пульсоксиметр, 1 дана МАК жылжымалы рентген құрылғысы және 1 жедел жәрдем көлігі табысталды. Ел Президенті тапсырғандай, ендігі кезекте тест сынамасын дәйекті жүргізудің талабы тұр. Бұл бағытта күніне ауданда 60-70 адам тест тапсырып отыр. Аталған жұмыстар тұрақты жүргізіле береді. Оның бағасы да біршама жеңілдетілді.
Біздің алдымызда үлкен сын тұр. Жаман айтпай, жақсы жоқ. Мемлекеттің басты байлығы – адам болса, әрбір тұрғынның денсаулығы мен өмірін сақтау үшін бәріміз де жауаптымыз. Халқымызда «сақтансаң сақтармын» деген сөз бар. Осы қағидаға құлақ асып, бір реттік бетперде киюді тоқтатпай, көпшілік ортадағы той-жиынды шектеп, өз өмірімізге жауапкершілікті күшейтіп, қандай жағдай туындаса да ауызбіршілікпен атсалысайық, ағайын!

08 қазан 2020 ж. 400 0