Билер кеңесінің көмегімен тараптар татуласты
Көшпелі қазақ қоғамындағы билер кеңесі даулы мәселелерді шешкен органдардың бірі болып табылады.
Қазіргі Билер кеңесінің басты мақсаты-халық арасындағы ұсақ-түйек дауларды сотқа жеткізбей-ақ ауыл ақсақалдарының, яғни билердің араласуымен, кеңесімен шешу. Бұл игі бастама азаматтар үшін де, сот органдары үшін де тиімді, жалпы ел ішіндегі дауласушылық деңгейін азайтуға ықпал етеді.
Қазіргі таңда Жоғарғы Соттың бастамасымен кешегі текті жүйе тетігінің бірі, дарабоз билердің дәстүрлі билік жүргізу тәсілі бітімгершілікті қайта жандандыруды қолға алынды.
«Билер кеңесі» бейтарап көзқарасты ұстанады, дау-жанжалдарды шешудің осынау баламалы әдісі тараптардың өзара тиімді мәмілеге келуіне жол ашады.
Қазіргі таңда ауданымызда «Билер кеңесінің» жұмысы» жүйелі жолға қойылған.
Аталмыш кеңес жергілікті тұрғындар арасында дауларды дәстүрлі жолмен шешіп, тараптарды татуластыруды көздейді.
Мәселен, Жаңақорған аудандық сотына некені бұзу жайлы және қарыз ақша өндіру туралы талап арыздарымен талап қоюшылар жүгінген. Сот отырысында төрағалық етуші судья Ә.Б.Түбекбаева тараптарға аудандық Билер кеңесінің қатысуымен бітімгершілікке келудің мүмкіндіктерін түсіндірген. Нәтижесінде, Билер кеңесінің мүшелерімен өткізілген әңгімелесуден кейін, тараптар келісімге келген. «Билер кеңесінің» көмегімен дау оң шешімін тауып, тараптар өзара татуласып, азаматтық істер тоқтатылды.
Енді Билер кеңесі ескі дәстүрді жаңғыртып, даулардың бітіммен шешуілуіне үлесін қосып және халық үшін қолайлы, әрі сот органдарының да жұмысын жеңілдете түсері сөзсіз.
Сондықтан ел ішіндегі кейбір кикілжің, дау-дамайларды сотқа жеткізбей шешуде «Билер кеңесінің» ықпалы зор екенін атап өткен жөн.
Ақпарат:Жаңақорған аудандық сотының баспасөз қызметі