№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Қанның исіне мас болған – атаман Анненков

Қанның исіне мас болған – атаман Анненков

 
ХХ ғасыр адамзатқа жауыздықтың, алауыздықтың, өлімнің көріністерін көп көрсетті. Себебі, бүгінгі бейбіт заманға дейін болған дүниежүзілік соғыстың екеуі де осы дәуірде орын алды. Бұл кезеңнің бүлдіршіндері де ерте есейді. Бұлай болуына, заманның легіне байланысты түрлі әлеуметтік жағдайлар түрткі болды. Ал, қарапайым халықты қорлықпен қырып, жан түршігерлік оқиғалардың болуына не әсер етті?

Қанның исіне құмартқан қанішер Анненковтың шекара маңындағы шектен шыққан қылмыстары жайлы жазбай кетпеске болмас. Патша үкіметінің құлаған, Кеңес Үкіметі енді құрылып жатқан кез еді. Жетісу жеріне бұрынғы патша үкіметін сақтап қалу мақсатымен Қазан төңкерісінен кейін ірі қолбасшы, атаман Анненковтың оңтүстік-шығыс шекара маңын большевиктерден тазарту үшін келген кезі. Жергілікті көнекөз қариялардың әңгімесін тыңдар болсақ, Анненков сұңғақ бойлы өте сұлу адам болған. Сырт көзге мейірімді, адал адамға ұқсағанымен ішкі жан дүниесінде адам шошыр аюандық арам пиғылдар бар. Аяушылық сезімі өлген, өте қатал, кісі өлтіру дегенді қалыпты жағдайға айналдырған оның ішінде, құдды адамзатта қайтарылмай кеткен есесі бардай. Алакөл өңіріндегі Кеңес Үкіметіне бүйрегі бұрған адамдарды азаптап өлтіріп, осы өлкеде 2 жылдай өз билігін жүргізген. Анненковтың жауыздығы бір басынан асып түскен. 1919 жылы Анненков Андреевка (бүгінгі Қабанбай батыр ауылы) атты мекенге екі рет шабуыл жасайды. Жеңіске жетпеген соң, 16 маусымда Тентек өзенін жағалап отырып, тауды асып барып сол тұстағы 5 ауылды басып алады. Осы жылдың жазында Анненковтың барлау тобы жергілікті сатқын кулактардың көмегімен аудан орталығы Үшарал қаласындағы астыртын ұйымды әшкерелеп, 15 шілде күні оның мүшелерін аяусыз жазалапты. Бұларды қолға түсіргеннен кейін қолдарына күрек ұстатып өз көрлерін өздеріне қаздырып, тірідей көміп өлтірген. Астыртын тағы бір топтың жетекшісі Владимир Мазин деген азаматты төсек тартып тұра алмай жатқанына қарамастан, Мазиннен Анненков өзі жауап алған. Соңында азаматтың қол-аяғын балталап шауып, құлағы мен мұрнын кесіп, ішін жарып, иесіз далаға тастап кеткен. «Қазақ тілі» газеті 1927 жылы 2 тамыздағы санында былай деп жазды: Осиновка поселкесінде Анненков кісілері Гречихин деген крестьянды ұстап алып, ат құйрығына байлап, сол бетімен тау-тасқа жыртқызып қоя береді. Бірақ, Гречихин, қалай екені белгісіз, тірі қалған екен. Байғұсты қайта ұстап, кеудесін ойып, жүрегін алып, оны алып барып «ас» деп, әйеліне бұйрық қылады. Әйелі жүректің күйеуінікі екенін білген соң талып қалып, сол бетімен ол да өліпті. 15 жастағы жас қыз бұлардан қорқып, жүректі асып бұзықтарға бергенде, бұзықтар жиіркенбестен жепті». 1922 жылы Анненков әскері қызылдардан біржолата жеңілгенін сезді. Сөйтіп, жан сақтаудың амалын қылмаққа Қытай шекарасындағы Селті жеріне сарбаздарын жинайды. Айласы таусылып, енді жеңістің келмейтінін білген Анненков барлық соғыс құралдарын орман түбіне тығып, еш із қалмас үшін орманды өртеп жібереді. Тірі қалған қанішерлерімен бұл мекенде жиналыс жасап: «Біз уақытша жеңіліп тұрмыз, қайта ораламыз. Қытайдан күш, көмек сұраймыз. Басқа жақтан да армия келеді. Кімде-кім елге қайтамын десе рұқсат, керек болған кезде шақыртамыз» деп әскерімен қош айтысады. Анненковта айла таусылсын ба?! Шындалы деген сайдың қайтар жолына 4 бірдей пулемет орнатып, қарусыз қайтып бара жатқан 2000-ға жуық әскерін өзі қырып салады. Сөйтіп, шағын ғана топпен өзі Қытайға ауып, қашып кетеді. Кетерінде Текелі тауының беткейіне қара таспен «Атаман Анненков» деген үлкен жазу қалдырған. Бұл жазу анық көзге ұрып тұрмаса да, мұнарлап әлі күнге дейін көрінеді. Осы кеткеннен Анненков бұл мекенге 7 жылдан соң қайта оралды. Ел дүрлікті, қорқыныш қайта бойды биледі. Бірақ, жергілікті халықтың бағына орай ол бұрынғы штаб бастығы Денисовпен бірге заң қызметкерлерінің қолына түсті. Залымның жан түршігерлік қылмыстары әшкереленгеннен кейін Семей қаласында сот болды. Осы соттың барысында, Қытайда 3 жыл түрмеде отырғанын, түрмеден шыққан соң Канадаға кетпек болып, ақыры кейбір эмигранттармен елге келгенін, өткен істеріне кешірім сұрайтынын айтқан. Мұндай залымдарға ешқандай кешірім жоқ екенін кесіп айтқан сот өз шешімін шығарды. Нәтижесінде, Денисов пен Анненков зұлымдықтары үшін ату жазасына кесілді.
04 сәуір 2018 ж. 896 0