» » КАРАНТИН ЖЕҢІЛДІКТЕРІ: ТАЛАП ПЕН ТӘРТІПТІ САҚТАУ – МІНДЕТ

КАРАНТИН ЖЕҢІЛДІКТЕРІ: ТАЛАП ПЕН ТӘРТІПТІ САҚТАУ – МІНДЕТ

Дерек көздеріне қарағанда, елдегі карантиндік талаптарға сай коронавирус жұқтырғандар саны азайды. Яғни эпидемиологиялық ахуал тұрақтанып келеді. Бірақ, бұл – вирусты толық жеңдік деген сөз емес. Сондықтан карантин кезінде енгізілген қатаң шараларды кезең-кезеңімен жеңілдету маңызды. Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой осылай деп мәлімдеді.

Министрдің сөзінше, карантин шараларын жеңілдету кезінде санитарлық талаптар сақталу тиіс. Яғни маскалы режим мен ара-қашықтықтың сақталуы міндетті. Ең бастысы, енгізілген екі апталық карантин кезінде елде жағдай тұрақталып, медицина мамандары мен ұйымдарының жұмысы жеңілдей түскен.
Қарусыз майданда алдыңғы шепте еңбек еткен медицина мамандарының арқасында вирустан жазылып шық­қандардың саны 63 проценттен асты. Індетті жұқтырғандардың тәу­лік­тік өсімі 4 проценттен 1,7-ге азай­ды. Стационардағы орындардың жүктемесі 46, жедел-жәрдем көмегіне жүгінушілер саны 38 процентке төмендеді.
Коронавирус жұқтырушылардың саны, пандемиядан қайтыс болған­дардың деңгейі және ауруханаларда төсек-орындардың аптасына 70 про­центке азаюы елде жарияланған карантиндік шаралардың жеңіл­детілуіне себеп болды. Енді сани­тарлық тазалықты, маскалық режимді және әлеуметтік қашықтықты сақ­тай отырып сауда-ойын сауық орта­лықтары, сауда орындары, жабық азық-түлік базарлар жұмысын бас­­тайтын болады. Сонымен қатар балалар коррекциялық орта­лық­­тары, үйірмелер, білім беру орта­лықтарында әр топта 5 бала­дан асырмай жұмыс істеуіне рұқсат. Мектепке дейінгі білім беру орта­лықтары да кезекші топтарды аша алады. Сұлулық салондары, шаш­тараз, косметикалық және кос­мето­логиялық қызмет көрсету орта­лық­тары алдын ала жазылу арқылы жұмыс істейді.
Мемлекеттік органдар және басқа да ұйымдар, кеңсе қызметкерлерінің 80 пайызына қашықтан жұмыс істеу тәртібі сақталады. Сондай-ақ таза ауада қашықтық сақтай отырып, жеке және топтық жаттығулар жасауға рұқсат етіледі. Ұлттық құрамалар 30-дан аспайтын адам жиналып жаттығу өткізе алады. Көше, парк, саяжайларда 3 адамнан серуендеуге болады. Қоғамдық көлікте маскалық режимде, санитарлық талапты сақ­тай отырып жүруіне рұқсат етіледі және 50 пайызға ғана жолаушы тасымалдай алады. Алайда өз күшінде қалған, жұмыс жалғастыруға тыйым салынған нысандар да жоқ емес. Мәселен, жаппай той тойлау шаралары, көңіл көтеру мекемелерінің, кинотеатр, фудкорт, банкет залдары мен мейрамхана, түнгі және ойын клубтарының жұмыс істеуіне шектеу қойылған. Мәдени нысандар, музей, конференция, көрме, форум ұйымдастыруға сондай-ақ спорт зал, фитнес зал, бассейн, аквапарктар мен діни нысандардың жұмыс істеуіне рұқсат етілмейді.
Жаңақорған аудандық тауарлармен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Шынар Айдарованың сөзінше, жеңілдетілген карантиндік талап-міндеттерді сақтау арқылы індетті жеңуге болады. Егер талап сақталмаса, індет қайта өршіп кетуі мүмкін. Олай болса, өзіміз үшін, өзіміздің жақындарымыз үшін талапқа бағыну міндет. Өйткені талай жайсаң жандардан айырылып, қара жамылғанымызды ұмытпау керекпіз!
Айта кететіні, әлем бойынша коронавирус 17 миллион аса адамнан анықталды, оның 670 мыңы өлді. АҚШ-та эпидемиологиялық ахуал күрделене түсті. Онда вирус жұқтырғандар саны 4,5 миллионнан асты. 30 шілдедегі статистикаға сүйенсек, Бразилия, Үндістан, Ресей, Оңтүстік Африка Республикасы, Мексика, Перу, Чили, Испания, Ангияда эпидемиологиялық ахуал толық тұрақтанған жоқ. Қазақстан 213 елдің ішінде 26 орында тұр. Егер халық санымен есептейтін болсақ, бұл – жоғары көрсеткіш. Мұнымен мақтануға болмайды. Сондықтан талап пен тәртіпті сақтау міндетіміз. Осыны ұмытпау керек.
01 тамыз 2020 ж. 515 0