» » Нағыз бақыт – сүйікті жар, аяулы ана болу

Нағыз бақыт – сүйікті жар, аяулы ана болу

Көгілдір экран арқылы тікелей эфирде жаңалық таратуға асыққан тілшілер қауымы жауапкершілік жүгінің ауыр екенін естен шығарған емес. Сол қатарға жерлесіміз Индира Тұрсынбайды жатқызуға болады. Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні қарсаңында жерлес журналисті әңгіме тарттық.

Ол Әбдіғаппар ауылында туған. Сондағы №213 мектепте білім алады. Балалық арманының асқақ шыңына жету мақсатында Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінде кәсіби білімін шыңдайды. Кейіпкеріміз соңғы курсында оқып жүргенінде-ақ «Алматы» телеарнасында еңбек жолын бастайды. Кейіннен «Қазақстан» ұлттық арнасы, «Астана» және «Евразия-1» арнасында тәжірибе жинақтап, көрерменге кеңінен танылады.



– Журналистика саласына қалай келдіңіз?
– Мен жоғары сынып оқып жүрген жылдары «Хабар» арнасы көрілімді арнаның бірі болды. Соңғы заманауи құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген арнада өзіміздің Сыр өңірінен шыққан танымал жүргізуші-тележурналист Қымбат Хангелдина, Қымбат Досжан, Дана Нұржігіт, Жайна Сламбек жаңалық таратты. Әкем «сенің де қолыңнан осы қыздар секілді журналист болу келеді» деп сенім артты. Әке арманын орындауыма анам қарсы болса да, кейіннен шешімді қолдап, ақ батасын берді. Арман қуып Алматы қаласына келдім. Өзім қалаған оқу орнына тапсырып, студент атандым. Алғашқы еңбек жолымды «Алматы» телеарнасында тәжірибе жинақтаудан бастадым. Ептілігім мен жұмысыма деген жауапкершілікті байқаған арна басшылары тілші етіп тұрақты жұмысқа қабылдады. Міне, 17 жыл болыпты осы салада шыңдалып, ізденіп келе жатқаныма.



– Мамандық таңдаудан жаңы­лыс­пағаныңыз сөзіңізден байқа­лып тұр. Ал өмірлік жар таңдауда ше?
– Бір қызығы, өмірлік жарым Асқар Омаров та осы саладан алыс емес. Екеуміз «Қазақстан» ұлттық арнасында жұмыс жасап жүріп таныстық. Әр күні қыж-қыж қайнаған ортаның ішкі асханасын жақсы білеміз. Қиындығымен қатар қызығы қатар жүретін бұл саланы түсінгеннен болар әлі күнге дейін арамызда түсініспеушілік орын алған емес. Мен тұрмысқа шыққан жылы ол кісі «Қазақстан» ұлттық арнасында орыс тілінде көрерменге жол тартатын ақпараттық аналитикалық сауықтық «Перезагрузка» бағдарламасын жүргізді. Қазіргі уақытта «ҚазАқпарат» Агенттігінің басқарма төрағасы болып жұмыс жасайды. Құдайға шүкір, екі ұлды тәрбиелеп отырмыз. Бақытты жармын.



– Тікелей эфирде жаңалық таратқаныңыз ел есінде. Алайда соңғы уақытта көрінбей кеттіңіз? Себебі неде?
– Жоғарыда айтып өткенімдей, алғаш еңбек жолым басталған телеарнада жарты жыл жұмыс жасаған соң таңғы жаңалықтарда жүргізуші керек болды. Аяқ астынан студиядан тікелей эфирде жаңалық тарату маған бұйырды. Осылайша бағым жанды. Қанша дегенмен қобалжу болғанын жасырмаймын. Бірінші рет тікелей эфирде жаңалық жүргізу студент үшін қиындау болғанымен, сүйікті ісің болған соң, бар қиындығын да сезінбейді екенсің. Ең бастысы, талабың болса, барлық нәрсе қолдан келетініне көзім жетті. Миллиондаған көрерменге тікелей жаңалық тарату көзге көрініп, біліне бермейтін ұжымның ортақ жұмысы. Сондықтан әр айтылар сөзден жаңылыспай, тыңдарман қауымға дұрыс жеткізе білсең әріптестер еңбегін ақтадың деген сөз. Ал соңғы кездері көрінбей кетуімнің себебі – 2006 жылдан бастап жеке аутсорсинг компания «ҚазБизнесМедиа» орталығында көрерменге жол тартар жаңа бағыттағы бағдарламалар сондай-ақ интернетке арналған контенттер жасап, видеоролик, аниматорлық роликтер жасаумен айналысамын.
– Телевизия саласында жүрген кезіңізде авторлық бағдарламаңыз болды ма?
– Әрине. Журналист ретінде өзіңді шыңдағың келген екен міндетті түрде авторлық бағдарламаң болуы шарт. Мен 2005-2006 жылдары «Қазақстан» ұлттық арнасында жұмыс жасап жүргенімде экономика қаржы тақырыбына арналған «Бизнес.kz» бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі болдым.
– Өзге журналистер секілді шеберлік курстарын немесе студия ашып шәкірт тәрбиелеу жоспарда бар ма?
– Жоқ. Шынымды шәкірт дайындауда оның талаптының дикциясы мен интонациясын қоюда білікті маман жұмыс жасамаса, баланың дауысы бұзылып кетуі мүмкін. Сондықтан бала оқыту үлкен жауапкершікті талап ететін болғандықтан, мұндай жұмыспен тәжірибелі маман ғана айналысу керек.
– Сұқбат барысында үрдіске айналған сұрағым бар еді. «Әйел бақыты» дегенді қалай түсінесіз?
– Ең әуелі, әйел бақыты сүйікті жар болу, аяулы ана атану.
– Сұхбатыңызға рақмет!

Лаура БИБАСАРОВА
27 маусым 2020 ж. 983 0