Соңғы жаңалықтар

"Талантты Жұлдыздар"

24 сәуір 2024 ж. 53

№32 (8743) 23

23 сәуір 2024 ж.

№31 (8742) 20

20 сәуір 2024 ж.

№30 (8741) 16

16 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » Биыл күннің ыстық болғаны соншалық кондиционер орнатамын деушілердің саны артты

Биыл күннің ыстық болғаны соншалық кондиционер орнатамын деушілердің саны артты

  Шіліңгір шілдеде жұртшылық ыстықтан қорғанудың жолын іздеп әлек. Аптап ыстық алқымнан алғанда үйдегі немесе жұмыс кабинетіндегі кондиционер қорғаныш болады. Техника болғандықтан істен шықпай тұрмайды. Мұндай уақытта кондиционердің тілін түсінетін мамандарға сұраныс артады. Оны кейіпкерімізбен сұхбаттасу барысында аңғардық. Алтынхан Дулатовтың телефонына тыныштық жоқ. Үйіне арнайы іздеп келушілердің де қарасы көп. Күніне оннан аса тұрғынға қызмет ететін азаматтан бірнеше сұраққа жауап алдық.

Кондиционер немесе қазақша айтқанда, ауа баптағышты мемлекеттік мекемелер мен жеке үйлерден, коммерциялық нысандардан кездестіруге болады. Оның көмегімен бөлмедегі ауа салқындатылады. Ал оны құру мен тазалау және жөндеу Алтынханның қызметі.
– Мен бұл кәсіпті серік еткелі 11 жыл өтті. Өзім №110 мектеп-лицейде денешынықтыру пәнінен сабақ беремін. Бұл қосымша жұмыс маусымдық болған соң, жаз мезгілінде сұраныс артады. Биыл күннің ыстық болғаны соншалық кондиционер орнатамын деушілердің саны жылдағыдан үш есе артты, – деді ол.
Иә, күн сайын термометр көрсеткіші жоғарылап, даладағы температура 42 градустан түспей тұр. Оның үстіне қалта телефонына 112-ден келетін хаттар кейде ауа температурасын 45-тен асырып көрсетеді. Синоптиктер де Қызылордада ыстық екенін жиі айтады. Бірақ, біз мұндай ыстыққа бой үйретіп қалдық.
– Жеке тұрғындардан бөлек басқа мекемелермен жұмыс жасайсыз ба?
– Әрине, «Шапағат» деп аталатын жеке кәсіпкерлігіміз бар. Құрамы Біржан Иманбаев, Дулат Асылханов пен Абдіғаппар Бердібек есімді жастардан құралған. Қазір «Қызылқұм», «Байкен-U», «СКЗ-U» және «Шалхия Цинк» ЛТД мекемесімен келісім шарт арқылы жұмыс істейміз. Одан бөлек аудан орталығындағы мекемелер мен мейрамханалардан ұсыныс көп түседі.
– Кейінгі шыққан ауа баптағыштар жиі бұзылады, ол неден?
– Техника болғасын бұзылмай тұрмайды. Жаңа кондиционерлердің салқындату қабылеті күшті. Оның үстіне, мынандай ыстықта үй иелері бірнеше сағат бойы өшірмейді. Сондықтан корнизаты жиі бұзылады. Оның үстіне майын жиі ауыстырып тұрғаны жөн. Қазіргі сұраныстағы кондиционердің ішінде «Веко», «Atlantik» және т.б. ұзақ уақытқа шыдайды. Негізі, күтімі тұрғындардың өзіне байланысты.
– Бір құрылғыны қанша уақытта құрасыз, ақысы қанша?
– Бір сағатта жаңа құрылғыны құруға болады. Ал бағасы кондиционер көлеміне байланысты. Баға қолжетімді. Кейбір тұрғындар үйлеріне екіден, үштен орнатып жатады.
Егер кондиционер уақытында тазаланып тұрмаса, оның денсаулыққа тигізер әсері қауіпті. Лас сүзгіштен үйде шаң, микробтар және зең бөлшектері таралады. Алтынханның сөзінше, кондиционерді тазалау аса қиын емес. Оны кез-келген адам жасай алады. Біз соны сөз ете кетсек.
Алдымен кондиционер сүзгісін жуудан бастаңыз. Сыртқы қақпақты мұқият шығарып алу қажет. Одан кейін сүзгіні алыңыз. Енді шешіп алған жоғары және төменгі сүзгілерді тазалауға кірісіңіз. Ол үшін алдымен кір сабынды суға көпіршітіп аласыз. Содан кейін сол сабынды суға сүзгіштерді салып жарты сағат шамасында жібітіп қою керек. Әбден жібіген сүзгішті ағын суға немесе себезгінің астына жақсылап шайып алып, кептіріп қою керек.
Сүзгілер жақсылап құрғағаннан кейін, оларды орнына қою керек. Кондиционердің басқа элементтерін қалай тазалау керек? Агрегаттың қалыпты жұмыс істеуі үшін сүзгілерді ғана жуу жеткіліксіз, басқа да бөлшектерді тазалау қажет. Радиатордың жұқа пластиналарындағы шаң мен кірді щетка немесе шаңсорғыштың көмегімен тазалау керек. Желдеткіштің қатты кірлеген, ластанған жерді сабын ерітіндісімен 15 минутқа сулап жібітеміз. Содан кейін, кондиционерді ең аз қуатына қосуға болады. Сонда жібіген кір өзі ағып түседі. Ал қалған қалдықтарды ылғалды шүберекпен жақсылап сүртіп аласыз.
Міне, бүгін біз жазда таптырмайтын маман иесінің қызметімен осылай таныстық, әрі қолынан келгенге маусымдық жұмыс көп екенін ұқтық.

Әлібек ТЕМІРБЕК
06 маусым 2020 ж. 502 0