№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жастарды әскерге шақыру науқаны басталды

Жастарды әскерге шақыру науқаны басталды

Төтенше жағдай аяқталып, жастарды әскерге шақыру науқаны басталды. Жергілікті басқару органдарында әскерге шақыру медициналық комиссиялары жұмысын қайта бастады. Жылда маусым айында аяқталатын науқан биыл тамызға дейін созылатын болды. Осыған орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әскери қызметшілерді запасқа шығару және 2020 жылдың мерзімді әскери қызметке кезекті шақыру туралы жарлыққа өзгеріс енгізді.

Осы жылы шақырылушыларды қабыл­дау жоспары, сондай-ақ әскерге шақыруды ұйым­­дастыру тәртібі төтенше жағдайға бай­ланысты кейінге шегерілген еді. Қайта жалғасқан науқанның режимі де қатаң­датылды. Медициналық тексерулер екі метр­ден кем емес қашықтықты сақтаумен өткі­зіледі. Дезинфекция жиі жүргізіліп тұрады. Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, күзде шақырылатын әскери қызмет уақыты өзгермейді. Яғни, қыркүйек-желтоқсан айында Отан қорғаймын деген жастар әскер қатарына қосылады.
Қазақстан Республикасының Қарулы күш­­теріне, Ішкі істер министрлігіне, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, мемлекеттік күзет қыз­метіне мерзімді әскери қызметке шақырылады. «Әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңына сәйкес азаматтарды әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру және қамтамасыз етудің барлық түрлері әкімдіктерге жүктелді. Енді жергілікті билік медициналық комиссия құрамына дәрігер-инфекционистерді енгізіп, шақырылушыларды да, медициналық комиссия мүшелерін де медициналық маскалармен және вирусқа қарсы құралдармен қамтамасыз етеді. Жылдағы көрсеткішке сүйенсек, ауылдық округтердің жастары медициналық тексеруге келе бермейді. Көктемгі шақыруда аудан бойынша 89-ы әскерге аттануы тиіс. Бұл межені тамыз айына дейін орындаймыз, – дейді Жаңақорған ауданы қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы Рамазан Назаров.
– Әскерге баруға ниетті жастар аз емес. Бар. 2019 жылы күзгі әскерге шақыру барысында жастардың арасында Ресейде жұмыс жасайтындары белгілі болды. Олардың ата-анасы ақша тапқанын дұрыс санайды екен. Отан алдындағы борышты өтеу азаматтық іс. Осыны көп ата-аналар түсіне бермейді, – деді Рамазан Оңласынұлы.
Жалпы аудан бойынша әскерден жалтарып жүргендер саны 500-ге жуық. Бөлім бастығы айтқандай, олардың арасында көбі көрші елдерде жұмыс істейді. Кеңестік кезеңде әскерге бармаған ерлер өзін абыройсыз санайтын. Сондықтан алып империяның қай тұсында болсын азаматтық борышын өтеуге асығатын. Нарықтық қоғам мұндай ұстанымды күйретті. Қазір жастар үшін қаржы тапқан ұтымды. Содан болар әскерге барудан қашатындар көбейді. Ерлік – ердің ісі. Ескіден қалған ұлағаттан тәлім алмасақ, қалайша «Мәңгілік Елге» айналамыз. Сондықтан сананы нарық билеген заманда жастарға дұрыс бағыт-бағдар бере білген абзал.
Әскерге барған азаматтар мынадай тәртіпке бағынады. Алдымен екі апта ішінде жаңадан әскерге шақырушылар басқа жеке құрамнан оқшауланатын болады. Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынымы бойынша ПТР-зерттеу әскери бөлімдерге жеткеннен кейін жүргізілетін болады. Карантин кезінде үнемі медициналық тексеру және жас буынға әлеуметтік-психологиялық зерттеу жүргізіледі, сондай-ақ, бастапқы әскери дайындық курсы бойынша сабақтар ұйымдастырылады. Жеке құрамның індет жұқтыруын болдырмау үшін жас буынның әскери ант қабылдау рәсімі әскери қызметшілердің туыстарынсыз өткізіледі.
Естеріңізге сала кетейік, шақыру және кейінге қалдыру мәселелерін түсіндіру үшін азаматтар Қорғаныс министрлігінің CALL-орталықтарына жүгіне алады. Құзыретті лауазымды тұлғалар толық жауап береді. Телефон нөмірлері Қорғаныс министрлігінің ресми сайтында орналастырылған.
– Бүгінде жастардың патриоттық сезімі жоғары деп айта алмаймын. Бірақ, нарық заманында көбісі отбасын асырап, жұмыстан шыға алмай жатады. Дегенмен, әскерге бару негізгі міндет екенін естен шығармаған абзал. Сондықтан, барлық шақырту алған азаматтар уақытылы келсе деймін. Әсіресе ауылдық округ жастары тексерілуден көп жалтарады. Олар міндетті түрде комиссия тексерісіне келуі керек, – дейді аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің әскери қызметке шақыру жөніндегі инспекторы Нұркен Баянбайұлы.
Тақырыпқа тұздық болсын. Заң талаптарына сай әскерге бармай немесе өзге де тәртіп бұзатындарға айыппұл салынады. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 387 бабы бойынша әскерден жалтарғандар үшін жаза күшейтілгені белгілі. Яғни, әскери қызметтен босатуға заңды негіздері болмаған жағдайда 1000 айлықтық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады. Демек, 1, 982 000 теңге көлемінде айыппұл төлейді, болмаса сол мөлшерде түзету жұмыстарына немесе бір жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Ал, өзінің денсаулығына зиян келтіру, жалған құжат жасау немесе өзге де әдісті қолданғандарға 3000 айлық есептік (5 946 000 теңге) көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады немесе үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады.
Жалпы мұндай келеңсіздікке барудың мүлде қажеті жоқ. Ең бастысы азаматтардың айбыны асқақ, рухы мықты болса болғаны.

Мақсат ҚҰЛМЫРЗАЕВ,
«Жастар ресурстық
орталығының» аға кеңесшісі
06 маусым 2020 ж. 709 0