№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ардагерлердің соғыстағы ерліктерін, тылдағы еңбектерін елі ұмытпайды

Ардагерлердің соғыстағы ерліктерін, тылдағы еңбектерін елі ұмытпайды

  Биыл Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына 75 жыл толады. 1941 жылы 22 маусымда басталған соғыс елге үлкен ауыртпалық әкелді. Ел қорғаны болған азаматтар мен болашығынан үлкен үміт күттірер жастар майдан даласына аттанды. Көбісі қайта елге оралмады, оралғандардың жартысы мүгедек күй кешті. Сырбаз сарбаз Сүлеймен.

   Жеңіс майдандағы жауынгерлердің жанқиярлық ерліктері жеңісті жақындату үшін, тылда аянбай еңбек еткен аға буын мен батыр аналардың арқасында бүгінде қамсыз күн кешудеміз. Кеңес ауылының өзінен майданға аттанған азаматтардың 85-і майдан даласында көз жұмды. «50 жылда ел жаңа, 100 жылда қазан» демекші, соғыс және еңбек ардагерлері қатары азайып келеді, жоқтың қасы деуге болады. Дегенмен, ардагерлердің соғыстағы ерліктерін, тылдағы еңбектерін елі ұмытпайды. Сол аяулы азаматтар қатарында ағамыз Сүлеймен ағайдың да есімі жаңғырып тұрады. Кеңес ауылының тумасы Сүлеймен Әлиев 1924 жылы Кеңес топырағында туылып, жастық шағы сол ауылда өтті. Әке-шешеден ерте айырылып, ағалары мен нағашыларының қолында тәрбиеленді. Бастауыш білімді «Укеш» мектебінде алды. Орта білімді Жаңақорғандағы «Қыш» мектебінде оқыды. Кейінірек бұл мектеп «ВЛКСМ-нің 30 жылдығы» аталды. 
Елге төнген қауіпке бей-жәй қарамай, жалынды жастық отымен отан қорғау үшін Сүлеймен Әлиев 1942 жылы небәрі 18 жасында өзі сұранып майданға аттанады. Арнайы жасақталған атқыштар құрамында дайындықтан өтіп, 1942 жылы 7 қазан күні ант қабылдайды. 1942 жылдан 1943 жылға дейін майдан даласында курсант, 1943 жылдың 1-ші қаңтарынан 10-шы қазан аралығында бөлім командирі, 1943 жылдың желтоқсаннан 1944 жылы мамыр аралығында взвод командирі, 1944 мамырдан 1945 жылдың қараша айы аралығында атқыштар құрамасының командирі дәрежесіне дейін өсті. Осыдан-ақ, абзал азаматтың адалдығын, жауапкершілікке берік, жүйелі жоспармен қадам жасағанын аңғару қиын емес. Елге мәлім лейтенант болып соғыс техникасын тиімді жүзеге асырған.
Майданда көрсеткен ерлігі бағаланып 1945 жылы «Германияның жеңгені үшін медалімен», 1955 жылы «Жеңістің 10 жылдық медалімен», 1965 жылы «Жеңістің 20 жылдығы медалімен», 1970 жылы «Жеңістің 25 жылдығы медалімен», 1975 жылы  «Жеңістің 30 жылдығы медалімен», 1971 жылы «СССР қарулы күштерінің 50 жылдық медалімен», 1979 жыл «СССР қарулы күштерінің 60 жылдық медалімен»  награтталды. Соғыста көрсеткен ерлігі үшін, СССР қарулы күштер министрі маршыл А. Гречконың «Алғыс хатын» алады.
Екінің бірінің бағына бұйыра бермейтін СССР териториясында еркін жүруіне серия №100375 1946 куәлігімен мәртебелі мандат беріледі. Осы мандатты ауыл өмірінің көркеюіне, гүлденуіне пайдаланады. Осы тұста Кеңес ауылында жүзім бақтар, алма, слива, қараөрік бақшалары егіліп, ауыл жасыл алқапға айналды.
Ол 1947 жыл мен 1981 жылдар аралығында ауылдық, аудандық, облыстық депутат болып сайланды. 1957 жылы Қазақстан коммунистік партиясының Оңтүстік Қазақстан өлкелік партия комитетінің тексеру комиссиясының мүшесі болды. 1955 жылы Алматыдағы Қазақ мемлекеттік ауылшаруашылық институтының агрономия факультетіне түсіп, 1960 жылы ғалым-агроном мамандығын алды. 1960 жылы Қызылорда  облыстық комитетінің мүшесі, 1958 жылы «Сталин» колхозында басқарма басшысы, 1959-1961 жылдар аралығында  Бірлік кеңшарында, Төменарық кеңшарында партком хатшысы болды. 1961-1962 жылдары Талап кеңшарында директор, 1963-1966 жылдары аралығында Қызылжұлдыз кеңшарында партком хатшысы болды.
1964 жылы Түгіскен тыңын игеру туралы  Қаулысымен тың игеру ісіне білек сыбана еңбек етті. 1966 жылы Түгіскен тыңы алқабында бірінші болып Келінтөбе кеңшары ашылды. Талап кеңшарынан енші алды. Осы ірі кеңшар директоры Жұмағали Атабаев, партком хатшысы болып Әлиев Сүлеймен бекітілді. Өмірден алған тәжірбиелері мен күш қайраттарын жұмсауымен және ұйымдастырушылық  қабілеттерінің арқасында Келінтөбе кеңшарының еңсесі көтерілуіне қызмет етті. Сол жылдары кеңшарда 200-ден аса шаңырақ қоныстанды. Қайнаған тіршілік қарқынымен ауылда құрылыс жұмыстары басталды. Гараж, қойма, мектеп, аурухана, клуб, тұрғын үйлер бой көтерді. Іскер азамматтың арқасында егін алқабы ауылшаруашылық техникалармен жабдықталды. Егіншілік ісі даму үшін 35 шақырымдық Келінтөбе каналы қазылды. Алғашқы жылдың өзінде 205 гектар күріш себіліп, гектарынан 40 центнерден өнім алды. Жеміс ағаштары отырғызылып, қауын-қарбыз егілді.
1975-1981 жылдар Келінтөбе кеңшарының директоры болып Әлиев Сүлеймен қызметке тағайындалды. Осы жылы Келінтөбе кеңшары аудандағы кеңшарлардың алдыңғы қатарында болды. Еткен еңбек бағаланып, 1970 жылы «Еңбектегі ерен ерлігі үшін» медалімен, 1971 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. 1973 жылы «Құрмет» грамотасымен марапатталды. Қаншама рет аудандық, облыстық, республикалық грамоталарымен марапатталды. Елдің игілігін өз мүддесінен биік қойып, халықтың мұхтаж болмауы үшін елге қажетті нысандарды салдырып, халықтың әлеуметін арттырды. Абыройлы қызметті адал атқарып, өмірінің 15 жылын Келінтөбе кеңшарының көркейіп кемелденуіне арнады.
Жары Сейдуалиева Разия екеуі 4 ұл 3 қыз тәрбиелеп, 19 немере, 30 шөбере өрбітті. Арыстай азамат 1981 жылы 5ші желтоқсанда 57 жасында дүниеден озды.
Ел үшін туған ерлерді ел ешқашан ұмытпайды. Бірімізге ардақты аға, бірімізге сыйлы әріптес бола білген Әлиев Сүлейменге туған жері Кеңесте де, Келінтөбе кеңшарында да қос көшеге атау берілді. Бұл Кеңес ауылы және Келінтөбе кеңшарының тұрғындарының Сүлеймен ағаға деген ықыластарының шынайы разылығы деп білеміз.

Нәлібай ҚҰРМАНИЯЗҰЛЫ
08 сәуір 2020 ж. 730 0