№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » "Жаңақорғанда коронавирус жоқ, өтірік екен" деген ақпарат жалған

"Жаңақорғанда коронавирус жоқ, өтірік екен" деген ақпарат жалған

Жаңақорғанда коронавирус жоқ, өтірік екен. Осыған саятын жалған ақпарат Whatsapp желісінде желдей есіп жүр. Оның үстіне ел арасына «енді азық-түлік тапшылығы басталады» деген өсек-аяң да жиіледі. Онсыз да әр күнін үреймен өткізіп жүрген аудан тұрғындарын әбігерге салып, тынышын алғандар не ұтады? Шынында карантин уақытында жалған ақпарат таратушылар неге көбейді? Кез-келген фейк ақпараты құқық қорғау органына тіркеліп, қылмыстық іс ашылып, анықтау, тергеу жұмыстары жүргізілетіні белгілі. Бүгін біз осыны саралайтын боламыз.

Қазір «жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» деген нақыл «хит» болды. Оның да қолданатын тұсы болады, біз басқасына араласпаймыз, негізгі мақсат елді мазақ еткендерге шара бар ма, соны анықтау. «Жамандықты шақырма» деуші еді ескінің көзін көргендер. Біз керісінше шақыруға құмартып барамыз. Бекшин айтпақшы, «наконец-то» келді деп өсек таратты. Наурыз айының 19-ында «Жаңақорғанда коронавирус жұқтырған тіркеліпті» деген жастың жалған ақпары тек аудан жұртын емес, Шиелі мен Түркістан тұрғындарын сендіріп қойды. Бірақ қылмыстың арты ашылып, жас жігіт өзіне қатысты сот үкімін күтіп отыр. Осы секілді жасы егде тартқан азаматшаның да аудандағы індетті өтірік деп сүйінші сұраған болатын. Ол да жазасыз қалмайды.
Осы ретте Заң талаптарына құлақ түріп көрейік. Қазақстанда жалған ақпарат таратқаны үшін 20 АЕК сомасындағы айыппұл төлеуден бастап, 7 жылға бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза көзделген.
Жалған мәлімет жасағандарға ҚР Қылмыстық Кодексiнің бірнеше бабы қолданылады. Мәселен, 274-бап. Көрі­неу жалған ақпарат тарату. Бұл бап бойынша жазаның ең жеңілі 1000 айлық есептік көрсеткіш (АЕК). Жалған ақпарат таратқандар осы мөлшерде айыппұл арқалайды немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, 400 сағатқа дейінгі мер­зімге қоғамдық жұмыстарға тартылады немесе бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан шектеледі. Егер көрінеу ақпаратты сыбайластықпен, яғни өзге де қызмет түрлерімен біріге жасайтын болса, онда 3000 АЕК немесе 800 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тартылады не 3 жыл бас бостандығынан айырылады.
Осы баптың 1 немесе 2-бөліктерінде азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі залал келтіргендергендер 5000 АЕК айыппұл төлеуді, болмаса 1200 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тартылады немесе 5 жылға сотталады. Бұл төтенше жағдай кезінде, қазіргі карантин уақытында осы мәселе ушығып тұр. Одан бөлек, 174, 273, 439, 456-бап бойынша да жалған ақпар бергендер жазасыз қалмайды. Жалған ақпарат тарату туралы 2015 жылы жаңа Қылмыстық кодекс қабылданғаннан кейін, қылмыс түрінде қарастырыла бастаған.
Жоғарыда айтқандай қазір екі іс бойынша құқық қорғау саласы ақпарды анықтап, сотқа жолдауда. Сондықтан бұл ойнайтын нәрсе емес, айлығы шайлығына жетпей жүргендер желдей ескен жалған ақпартты естігенде психологиялық дағдарысқа ұшырайтыны жасырын емес. Карантин жарияланғалы аудандағы ірі сауда орындарында кезекке тұрған аудан тұрғындарының есебі жоқ. Дәріханаларда да сондай көрініс. Түрлі фейк ақпаратқа сенгендіктен көше кезіп жүр.
– Қазақ сенгіш халық қой, оның үстіне әлем елін әбігерге салған коронавирустың аудандағы ахуалы ушығып тұрғанда жалған ақпарат таратуға болмайды. Нақты ақпаратты әкімдік немесе БАҚ өкілдері жариялап тұрады. Аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесінде 20-дан аса медицина қызметкері науқастарды емдеуі ісімен айналысып жатыр. Сондықтан тек ресми емес ақпараттарға сенейік, – деді ауданның бас дәрігері Яхия Шорабаев.
Айта кететіні, журналистика әлемінде «фактчекинг» деген термин бар. Әсіресе, әлеуметтік желі де кез-келген ақпаратты қалың оқырманға таратпас бұрын әуелі тексеруді талап етеді. Сараптап, талдап, интернеттегі сілтемелерін тіміскілеп, ақпараттың шыққан түпнұсқасын анықтауды – фактчекинг деп атайды. Бұлай жасауға бір ғана себеп бар. Ол – бүгінде жымысқы пейілді адамдар желіге өз атымен емес өзгенің есімімен тіркеліп, жалған аккаунт ашады. Сосын ел ішіне сан түрлі елді араздастыратын, бұқараны билікпен шағыстыратын жалған ақпараттар таратады. Бұл кімге керек, ойнаймын деп опық жеп қалмаңыз.
Мәселен, 2016 жылы жер мәселесіне қатысты митингілер кезінде осы оқиғаларға түк қатысы жоқ фотосуреттерді Facebook-те «Қызылорда қаласындағы митинг» деп жариялаған азамат 2 жылға бас бостандығынан шектеу жазасына тартылды. 2017 жылы YouTube сервисінде тұрғын үйлердің біреуі құлағаны жайлы видео таратқан Семей тұрғыны кінәсін мойындап, 2,5 жылға бас бостандығынан шектеу жазасына тартылды. Бұл дегеніңіз, жалған ақпарат таратушылар жазасыз қалмайды. Бұл біздің ауданда таратылған түрлі фейк ақпараттарға да қатысты.
Қысқасы, «Атың шықпаса жер өртенің» кейпін кигендерге тыныштық жақпаса жаза дайын. Ал қалта телефоныңызға келген хабарламалардың рас-өтірігіне көзіңіз анық жетпей таратпағаныңыз жөн. Оның салдары өзгені емес, өзіңізді сергелдеңге түсіреді. Осыны ескерткім келеді, жерлестер!

Әли ТЕМІРБЕК
07 сәуір 2020 ж. 780 0