№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ішімдік жарға жықпасын

Ішімдік жарға жықпасын

Алкаголь ата-бабамыздан қалған сусын емес. Бірақ оған тәуелді адамдар аз емес. Әсіресе аға буынның қатарында арақпен достасқандар қатары көп. Соның салдарынан азаматтар отбасынан жырақтап психикалық, физикалық соққыға жығылып жатады. Сары судың кесірінен орын толмас қателікті азайту мақсатында Үкімет бірқатар шараларды қабылдауда. Осы жөнінде тоқталсақ.
Ішімдік қалтаны қағып қана қоймай адам денсаулығына зияны көп. Тіпті соның кесірінен бауыр мен бүйрекке әсер етіп, өлімге әкеліп жатады. Бірақ араққа құмарлыққа қоғамның еті үйреніп кеткендей. Алайда ішімдікке салынудың адам денсаулығымен қатар елдің дамуына кері әсері көп екенін ескере бермейміз.
Психолог мамандардың айтуынша, ішімдікке салынған адам еркінен тыс зорлық зомбылық, ұрлық, төбелес сияқты әрекеттерге жиі барады. Мұның соңы айтпаса да түсінікті. Соның салдарынан заңмен жазаланып жатады. Ащы суға тойып алып, көлік тізгіндегендер қаншама адамның өмірін қиюға себепкер болды десеңші. Алайда одан сабақ алғандар аз болып тұр.
Сонымен қатар отбасы берекесін бұзып, баланың бақытсыздығына бірден-бір себепкер ішімдікке салынған ата-аналар екені анық. Бұл жайлы ой бөліскен ел ағасы Мәметәлі Жәденов мұндай жайттарды болдырмас үшін заңды күшейту керектігін алға тартты.
– Бүгінде дүкендерде алкагольдік ішімдіктерді уақыт пен жасқа шектеу қоймай сатып жатқанын көріп жүрміз. Білуімше, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, сағат 21.00-ден 11.00-ге дейін дүкендерде арақ сатуға тыйым салынған. Құрамындағы этил спиртінің көлеміне қарай белгіленген орындарда мейрамхана, барлар мен дәмханаларда сатуға рұқсат етілген. Онда да уақыт шектеуімен. Алайда бұл заңға бағынғандар аз. Кез-келген жерде ашық сатылып жатқаны қынжылтады. Онсызда тысқа шыққан баласын үреймен күтіп отыратын ата-ана үшін бұл үлкен мәселе. Жастар арасында түрлі қылмыстар осы ішімдіктің кесірінен орын алып жатқаны белгілі. Заң жүзінде шектеу қойып мойынсынбағандарға айыппұл салып, белгіленбеген уақытта ішімдік сатуды реттеу керек, – деді қынжылады ел ағасы.
Иә ағамыздың сөзінің жаны бар. Қалтаның қамын емес, ұлт саулығын ойлаған әрбір сатушы осыны ұстанса, қоғамда қылмыс азайып, жастардың салауатты өмір салтын ұстануға деген құлшынысы артатыны анық. Заңның қаншалықты күшінде екеніне көз жеткізбекке бірнеше дүкендерден шектеулі уақытта спирттік ішімдіктерді сұрап көрдік. Бірі мұндай уақытта сатылмайтынын айтса, енді бірі ашық сатуға шығарып қойған. Орталықтағы бірқатар үлкен дүкен иелері алкагольді ішімдіктен бас тартқан екен. Мұны көргенімізде қуанышымызды жасырмай, алғыс білдірдік. Алайда сатып алушының жасы мен шектелген уақытқа қарамай саудалап жатқандарын көргенде заңды түсіндіре беру маңызды екенін ұғындық.
Заң үстемдігін білмекке Жаңақорған аудандық сотының аға сот приставасы Мейіржан Тұрғанбекұлын сөзге тарттық.
– Белгілі бір уақыт аралығында алкаголь өнімдерін сатуға уақыт пен жас ерекшеліктеріне қарай шектеу қойылған. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 200 бабында көрсетілгендей құрамында этиль спирті 30 пайыздан жоғары ішімдіктерді сатуға кешкі сағат 10-нан түскі 12-ге дейін шектеу қойылған. Ал этиль спиртінің пайыздық мөлшері 40 пайыздан асатын болса кешкі сағат 9 бен түскі 12 аралығында 21 жасқа толмағандарға сатуға заңмен тыйым салынады, – деді ол.
Жаңа айтып өткеніміздей бірқатар дүкен иелері ішімдік сатуды біржолата шектесе, Жаңақорғанда ішімдіктен түгелімен бас тартқан ауылдар да бар. Олар Өзгент, Қыркеңсе және Жаңарық. Онда арақ ішкендерді ауыл ақсақалдары қоғамдық кеңеске тартады екен. Мұндай игі іс берекенің бастауы. Қаншама отбасының шаңырағы шайқалып, бақытсыздыққа душар етер ащы судан бас тартқан ауылдардың бұл бастамасы бүгінде көпке үлгі болып отыр.
Тарихи деректерге қарағанда, жүзім шырынынан ішімдік саудасы V-VІ ғасырларда болғаны айтылады. Дереккөздерде дүние жүзілік денсаулық сақтау ұйымының нормативі бойынша жан басына шаққанда алкагольдік ішімдіктерді 8 литрден көп пайдаланатын елдің генофонды деградацияға ұшырайтыны айтылған. Ал Қазақстанда жан басына шаққанда алкагольдік ішімдікті пайдалану көрсеткіші 12 литрды құрайды екен. Мұның өзі ұлтқа төнген қауіп екенін көрсетіп отыр.
Расында арақтан келетін зиянды есептеп шығару мүмкін емес. Маскүнемдікке салынған адам біріншіден отбасында бақытсыз, ортасында абыройсыз, ағайын мен көрші-қолаң алдында беделінің жоғалуына алып келеді. Екіншіден, түрлі ауруларға шалдығады. Үшіншіден, өзінен туған ұрпаққа кеселі көп тиеді.
Қорыта айтқанда, «арақ атадан қалған ас емес». Осыны ескерейік ағайын!

Майра ӘБДУӘЛІ

27 наурыз 2020 ж. 805 0