Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » "Көшеге көкемнің, ауылға атамның" атын беремін дейтін заман өтті

"Көшеге көкемнің, ауылға атамның" атын беремін дейтін заман өтті


Тіл саясатының аса маңызды ажырамас бөлігі – ономастика саласы екені айқын. Бүгінгі таңда ономастикалық жұмыстар – мемлекеттік саясаттың ең басты бағытының бірі. Себебі, мемлекеттің, ұлттың сипаты ең алдымен осы ономастикалық атауларынан көрінеді.


Тәуелсіздік алған тұстан бастап, Ономастика туралы заң қабылданды. Сыр өңірінде, оның ішінде біздің ауданда да заң аясында ауқымды істер атқарылды. Яғни, ауданға еңбегі сіңген тұлғалардың еңбегі еленіп, аудан орталығындағы және ауылдық округтердегі көшелерге есімдері берілді. Одан бөлек, облыстық ономастикалық комиссияның оң қорытындысына ие болғандары да жетерлік. Дейтұрғанмен қазіргі таңда тарихи географиялық атауларды сақтау және қалпына келтіруде, сондай-ақ азаматтардың байырғы халықтық және тарихи қалыптасқан атауларға құрметпен қарауын қалыптастыру мақсатында әкімшілік-аумақтық бірліктерді жаппай кісі есімімен атауға шектеу қойылуда. Биыл Қазақстанда Ұлттық халық санағы өтеді. Осы мақсатта Ұлттық санақты уақытылы және сапалы өткізу үшін жергілікті атқарушы органдарға 2020 жылдың 1 қаңтар мен 31 желтоқсан аралығындағы кезеңде әкімшілік-аумақтық бірліктерді құру, таратпау мен қайта құру, елді мекендерді құрамдас бөліктеріне атау беру, атауын өзгерту бойынша мораторий жарияланды. Десек те, әлі күнге дейін уақытша тоқтам жасалғанын түсіндірсек те ат беруге қатысты ұсыныстар толастамауда. Сондықтанда біз мемлекет тарапынан бұл бағытта қолға алынған маңызды мәселені ақпараттандырмақпыз.
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің 2017 жылғы 28 ақпандағы №17-388-5 тапсырмасына орай объектілерге, әкімшілік-аумақтық бірліктерге, олардың құрамдас бөліктеріне кісі аттарын беруге шектеу қойылғандығын, идеологиялық тұрғыдан ескірген көшелердің атауларын тарихи атаулармен, ұлттық танымға жақын дәстүрлі атаулармен ауыстыру жұмыстары қолға алынып жатыр. Нақтырақ айтқанда, Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына сәйкес Мәдениет және спорт министрлігі «Тарихи тұлғалар» мен «Жер-су атаулары» тізімін бекітті(29.12.2019-ғы №3670-Д//19-32-20.357-5-шығыс хаты). Тізімге 380 жер-су атауы мен 345 тарихи тұлғалардың есімі енгізілді. Ендігі кезекте жергілікті атқарушы органдарға аталған тізімге сай жұмыс жасауға қатаң тапсырма берілді. Біздің мамандардың тарапынан аталмыш тізімді негізге ала отырып, ұсыныс жасау қажеттілігі ескертілгенімен, кісі есімін ұсыну көбеймесе азаймай тұр. Осылай кісі есімі құрметіне атау беру жалғаса беретін болса, науқаншылдыққа айналып, кісінің құнын да, абырой-атағын да төмендетіп аламыз. Оған қоса, рулық, туысқандық қарым-қатынастағы ағайындар өзара араздасып, арты дауға айналуы мүмкін. Сондықтан алдағы уақытта әкімшілік-аумақтық бірліктерге, олардың құрамдас бөліктеріне атау беруде ҚР Президенті Әкімшілігінің қабылдаған шешімін басшылыққа алсаңыздар.
Ауданға ұсыныс берер кезде әр аймақтың жауапты мамандары және ауылдық округ жанындағы жергілікті қауымдастық мүшелері, аузы дуалы ақсақалдар, ел ағалары, зиялы қауым өкілдері ұсынылған есімді әбден елеп-екшеп, парасат таразысына салса құба-құп болар еді. Оған қоса, көшеге немесе объектіге атау беру атүсті қарайтын мәселе емес. Үлкен жауапкершілікті талап етеді. Осыны сезіне білсек, Заңды да сыйлығандықтың белгісі. Себебі, дүниеден өткен кісінің барлығына бірдей көше есімі берілмейді. Бұл бағытта ономастика жұмысының негізгі 3 критерийіне баса назар аударсаңыздар. Ол бойынша: «Аса көрнекті мемлекет қоғам қайраткерлерінің, ғылым, мәдениет қайраткерлерінің және Қазақстан Республикасы мен әлемдік қоғамдастық алдында еңбек сіңірген басқа да адамдардың есімдерін беру болып табылады» деп анық көрсетілген.
Республикалық, облыстық ономастика комиссиясына еліміздің бірқатар аймақтарынан түрлі ұсыныс түсіп, соның бәрі егжей-тегжейлі талқыланып, шешім шығарылады. Ал ұсыныс аудандық ономастикалық жұмысшы топтың қарауына келмес бұрын көше болса жергілікті қоғамдастық жиынында қаралып, қолдау тауып жатса хаттамамен рәсімделіп келуі шарт. Хаттамаға жиынға қатысқан адамдардың аты-жөні мен қойылған қолы қоса тігіліп, қолдап қарсы дауыс бергендер жазылады. Ал нысандарға атау беру және қайта атау ісінде ұжымдық кеңесте талқыланып, еңбек ұжымы жиналысының хаттамасы, объектінің бірінші басшысының ұсыныс хаты ономастикалық жұмысшы топ төрағасына жолданады. Айта кету керек, бұл тарапта «Жаңақорған ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» құжаттардың заңға сәйкес рәсімделгенін анықтап, ұсынушы орган.
Қорыта айтқанда, ономастика белгілі бір заңдылықтарға бағынады. Оны жан-жақтан тартқылап, әрқайсысымыз атамыз бен көкемізді ұлықтау құралына айналдырып алсақ, тарихты мансұқтап, тамырдан ажырап қалуымыз кәдік. Сондықтан көшеге есім беру не өзге де нысанға атау беру мәселесінде негізгі басымдық мемлекетшілдік пен ұлттық дәстүрге, министрлік бекіткен ортақ тарихи тұлғалар мен жер-су атауларына негізделсе нұр үстіне нұр болар еді.

Маржан ШЫНБАЕВА,
Жаңақорған ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жетекші маманы
19 ақпан 2020 ж. 1 150 0