» » Аудан спортының мерейі үстем

Аудан спортының мерейі үстем

2020 жылдың ақпан айы аудан спортшылар үшін толағай табыстармен басталды. Облыс және республикалық додаларда жаңақорғандық жастар жерлестерін жүлделермен қуантты. Соның бір парасын сараптап өтсек. Алдымен балуандардан бастайық.
Атырау қаласында самбо күресінен өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында Сыр балуандары қоржынға 9 медаль салды. Екі күміс, жеті қоламен қорытқан қызылордалықтарға бұл жолы алтын бұйырмады. Қоржындағы бір күміс пен екі қоланы Жаңақорған ауданының №8 спорт мектебінің спортшылары сыйлады.
Алдымен 72 келіде өнер көрсеткен Алиса Нұртас қолаға қол созды. Былтыр жастар арасында ел чемпионы атанған Алисаға бұл жолы бұйырғаны қола болды. Ал 80 келіде бақ сынаған Мереке Құдайбергенова алтынға бір табан жетпей қалды. Ақтық сынға дейін сүрінбеген балуан қыз тек шешуші сәтте есе жіберіп алды. Белбеу күресінен Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы күміспен қуантса, тағы бір жерлес балуан Меруерт Әбубәкір қоланы қанағат тұтты.
– Шыны керек, жарыс жоғары деңгейде өтті. Ақтық сынға шығып, алтынмен қуынтамыз деген едік, бұйырғаны қола болды. Енді кеткен қателіктер бойынша жұмыс жасап, келесіде алтын тұғырдан көрінуге тырысамыз. Алда қазақша күрес, дзюдо мен белбеуден ел біріншілігі күтіп тұр. Сол додаларда Сыр елін алтынмен сүйіншілейтін боламыз, – деді Меруерт.
Али ТЕМІРБЕК
16 ақпан 2020 ж. 530 0