№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ақмарал Шәріпбайқызы оң бағасын берген колледж

Ақмарал Шәріпбайқызы оң бағасын берген колледж

«NurOtan» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақмарал Әлназарова жұмыс сапарымен Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжінде болды. Ондағы мақсат – жаңарып келе жатқан оқу орнының бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып, күрмеулі мәселелерді шешу жолын қарастыру болатын. Бір жағынан «Жалынды жастар» бастауыш ұйымында аудан тұрғындарына қоғамдық қабылдау өткізді.
Айта кету керек, колледжге директор болғалы Жомарт Шауенов бір жылға жуық уақытта көптеген өзгерістер енгізген. Теориялық білімнен практикалық жүйеге басымдық берген басшы келешекте нағыз техникалық мамандықтарды дайындап шығуды жоспарлап отыр. Әрине оған оқу ордасы сай, әр мамандық бойынша білікті педагогтар қызмет етеді. Бірақ шешімін таппай тұрған жайттар да жоқ емес. Алдымен Ақмарал Шәріпбайқызы бастаған делегаттар жұмысымен танысайық. Топ құрамында «Nur Otan» партиясы Жаңақорған аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәжит Балқожаев, аудандық мәслихат депутаты Серік Абдуллаев пен Арман Мәжитов бар.
Бірінші кезекте студенттер тағамына мән берген Ақмарал Әлназарова асхана жұмысымен танысты. Заманауи типтегі 200 орындық асхана қайта жабдықталған. Тағамдары да қолжетімді, әрі сапалы. Енді «Тігінші», «Аспазшы» мамандығы бойынша оқитын студенттерге практикалық тұрғыда шыңдалып, кәсіби маманға айналуға мүмкіндік артты.
– Колледж дуалды оқыту жүйесіне көшкелі студенттер мамандықтары бойынша шыңдала түсті. Заманауи стандартқа сай еуропалық үлгідегі асханада «Аспаз» мамандығының оқытушылары шеберлік сағаттары арқылы түрлі тағамдардың дайындалу әдісін өндірісте өткізеді. Жатақханада жататын студенттердің ыстық тағаммен қамтамасыз етілуіне де қолайлы жағдай жасалған. Мұнан бөлек, аспазшы мамандығының студенттері бос уақытында асханада ерікті түрде жұмыс жасау арқылы білімін шыңдайды, – деді колледж директоры.
– Қанша студент білім алады?
– Қазір екі топта 45 студент оқиды. Жалпы оқыту жүйесінің үштен бір бөлігі ғана теориялық болса, қалған бөлігін практикаға арнаймыз.
Бас партия өкілдері одан әрі тігін тігу шеберханасының жұмысымен танысты. Шеберхана жақында ғана студенттердің игілігіне беріліпті. Ол 27 станокты тігін машинасымен жабдықталған. Бүгінгі таңда «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандығының студенттері өз оқу орнында практика мен теорияны ұштастыруда. Әр түрлі қызмет түріне арналған киім-кешектер, әсіресе қазақтың ұлттық киімдері шеберхана ішінде көз тартып тұр. Колледж басшылығы осы орайда бір өтінішін жеткізді. Аудандағы, жалпы Сыр өңіріндегі мекемелер мен өндіріс орындарына отандық өнім, яғни жаңақорғандық студенттердің қолынан шыққан бұйымдарды өткізуге ықпал жасауын сұрады. Бұл уақыттың еншісіндегі жоспар.
Колледж жұмысына оң бағасын берген Ақмарал Шәріпбайқызы 1961 жылы іргетасы қаланған жатақхананың бүгінгі ахуалын көрді. Кездесудегі негізгі мәселе осында еді.
Шынын айту керек, келешек мамандық иелерінің жатын бөлмесін көрген жетекші партия өкілдері облыстық деңгейде осы мәселені көтеретінін жеткізді. Облыс бойынша осындай деңгейде 14 колледж барын, бүгінде олардың әлеуетін арттыру бойынша жұмыс атқаруды қолға алып жатқанын жеткізген партия жетекшісі колледжді күрделі жөндеуден өткізу  немесе мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестік аясында жаңа ғимарат құрылысын бастау маңызын сөз етті.
Осы күні «Жалынды жастар» бастауыш ұйымының ұйытқы болуымен көпбалалы және тұрмыстық әлеуеті төмен отбасыдан шыққан аналар Ақмарал Әлназарованың жеке қабылдауында болды. Тұрғындардың талап-тілегін тыңдаған партия өкілі алдағы уақытта кеңесілген мәселелердің шешімін табатынын жеткізді.
Әлібек ТЕМІРБЕК
02 ақпан 2020 ж. 1 057 0