ШАРУАСЫ ШАЛҚЫҒАН ШАЛҚИЯ
Ел алдында есеп берудің бесінші күнін аудан әкімі Сұлтан Мақашов Ақүйік ауылынан бастады. Одан әрі Шалқия кенті, Жайылма, Сүттіқұдық елді мекеніне жолы түсті. Оған Қызылорда облысы бойынша еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаментінің басшысы Төреахмет Жолымбетов, аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Сопбеков және мәслихат хатшысы Ерғали Ильясов пен бөлім басшылары қатысты.
Есеп беру жиынындағы тәртіппен ел алдындағы баяндамасын жеткен жетістіктерінен бастаған ауыл әкімі Әбдімәулен Сабырхановтың сөзі төмендегіше өріс алды. Тұрғындар саны 3128 адамды құрайтын кенттің қарамағына Құттықожа елдімекені де қарайды. Негізгі табыс көзі «Шалқия Цинк LTD» АҚ-ның еншісінде. Өйткені зауытта жұмыс жасайтын 681 адамның 239-ы осы елді мекен тұрғындары. Өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында бөлінген қаржыға орталықта орналасқан саябақ қоршаланып, көшелерге тас төселген. Жылда жұмыссыздық мәселесін көтеретін ауыл тұрғындарының саны биылдыққа азайған. Өйткені мұнда қиыршық тас өндіретін «Казпром Қызылорда», КДСМ «Қыран», «Альянс», «УАД», «Мелиоратор», «Нұртас», «БИС.KZ» нысандары жұмыс жасайды. Осы мекемелердің арқасында жұмыссыздар деңгейі қысқарған деп айтуға болады.
Салық түсімінен де жоғары нәтижені иеленген шалқиялықтар бекітілген мүлік салығы 49,0 болса, оны 92,5 мың теңгеге, жер және көлік салығын 100 процентке орындап, өңір қазынасына жалпы құны - 8 712,4 мың теңге қаржы құйылған.
Ауылда 2019 жылы 12 адам жұмыспен қамтамасыз етілсе, 25 шаруақожалық 70га жерге егіс егіп пайдасын көрді. Ауыл әкімі сонымен қатар 2020 жылы атқарылатын жұмыстарға тоқталды. Соның ішінде түйткілін шеше алмай келе жатқан мәселе ауылдық клуб үйінің жайы. Бұл ретте аудан басшысы осы жылы 150 орындық клуб үйінің құрылысы басталатынын жеткізе келе, № 86 мектепке күрделі жұмыс жүргізілетінін де тілге тиек етті. Бұған республикалық бюджеттен 850 млн теңге бөлінетінін қоса айтты. Айта кететіні, жылдың басында аудан әкімінің бастамасымен аталмыш мектептің қатты отынмен жылытатын жылу қазандығы сұйытылған газға ауыстырылған болатын.
Есеп соңында жергілікті қоғамдастық төрағасы Махан Қошқаров электр желілері мен трансформаторды ауыстыру мәселесін айтса, ардагерлер атынан сөйлеген ауыл тұрғыны кент ішіне газ жүргізілсе, және кент сыртында өздігінен ағып тұрған 2 скважинаны аяқ суға пайдалануға кентке қарай құбыр жүргізілсе деген ұсыныс-тілектерін жеткізді. Оған аудан әкімі Сұлтан Ысқақұлы тиісінше жауабын берді. Осылайша бірлігі жарасқан берекелі ауылдың тұрғындары аудан басшысы мен ауыл әкімінің есебіне ризашылығын білдіріп, қауым болып алда атқарылар жұмыстың басынан табыла беретіндіктеріне сендірді.
ТҮЙІН. Талдап-таразылай келгенде, төрт ауылдың тұрғындары да аудан басшысының өркендеуге бастаған бастамаларына оң бағасын берді. Шешімін күтер ортақ қажеттіліктер де жоқ емес. Тұрғындар ауыз су, аяқ су, интернет желісінің жылдамдығы мен электр жарығы, ең маңыздысы көгілдір отынның игілігін көрсек деген ниеттерін де жасырмады. Ал бұл ретте аудан әкімі Сұлтан Мақашов халық тілеуі рет-ретімен орын-орынымен шешіледі деп айтқан сөзі ел көңілін бір көтеріп тастады.Лаура БИБАСАРОВА