Әжей неге сонша тесіле қарады?..
Жұмыс бабымен Қарттар үйіне жолым түсті. Сыртқы есіктен кіргеннен-ақ дәліздің оң жағындағы орындықта отырған әжейдің тесіле қараған назарын сезіндім. Тіпті, ары өтіп кетсем де "Әжей неге сонша қарады?" деген ой көңілімнен кетпей қойды. Жұмыстарымды бітіріп, шығып бара жатып ол кісінің сол жерде әлі отырғанын байқадым. Тағы да маған тесіле қарады.
–Амансызба әжей! Мені біреуге ұқсаттыңыз ба?
–Жоқ қалқам, балаң бар ма?
–Аллаға шүкір, бар.
–Жұмыс істейсің бе?
–Иә.
–Қарағым, өмірдің әдемі, бірақ көзді ашып-жұмғанша өте шығатын қысқа шағы - жастық. Сол шақта бәріміз де жақсы қызмет атқарып, атақ-даңққа ие болғанды қалаймыз. Тіпті, соның ізін қуып кететініміз де бар. Сөйтіп жүріп, адамзаттың өмірге келгендегі ең негізгі мұраты - артына ұрпақ қалдыруды уақытша қызықтың көлеңкесінде қалдырып кетеміз. Мен де сөйткем. Жақсы қызметтерді атқардым. Абыройлы аттан да кенде болғам жоқ. Атақ-даңқым арта түссін, "Жұмысын жақсы орындайтын қызметкер" деп мақтасын, марапаттасын деп бар уақытымды сарп еттім.
Жар сүйіп, балалы болуды кейінге қалдыра бердім. Барымды арнаған қызметім бойдан әл-қуат кетіп, өзгенің көмегіне зәру етер қарттық жеткенде нәрін сорып, қалдығын лақтыра салған жеміс секілді етіп, зейнетке шығарып жіберді. Қызметтің қызығымен жүріп жалғыздықты сезінбеппін. Кең сарайдай үйде бос отырғанымда ғана жалғыздық жанымды жабырқатты. Биік үй, қызылды-жасылды дүние жиғанымнан не пайда, бір-ақ сәтте көзім жұмылса, кімге қалдырам? Сол дүниенің бір де біреуі менімен тілдеспеді. Сырымды тыңдап, жүдеген жанымды жұбатпады. Бір күні қатты ауырдым. Бас көтерер халім жоқ. Дәрімді әкеліп берер ешкім болмады қасымда. Иә, бауырларым бар. Әрқайсысы өз отбасында. Санаулы күнге келіп, кетеді. Қысылғанымда қасымнан табылуға шамалары келе бермейді. Ең болмаса тағдырластарыммен бір шаңырақта болайын деп осында келдім. Егер "Қарттар үйі" болмаса, қайда барар едік?..
Әжейдің әңгімесінен көңілім босап, жанарым жасқа толды. Бірақ, кейуананың көзінен бір тамшы да көрінбеді. Мұңға толы көздері "Жалғыздықта жылай-жылай жас та қалмаған" дегенді ұқтым.
"Қызмет - қолдың кірі", белгілі бір уақытта жуылады да кетеді. "Балалы үй – базар", көңіліңді өсіреді, өміріңді нұрландырады. Тіпті, өмірден өтсең артыңнан Құран бағыштап, жолыңды жалғайды.