Құқығыңызды білесіз бе?
«Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қасым-Жомарт Кемелұлының Қазақстан халқына Жолдауының сот жүйесіне қатысты басымдықтарын насихаттау жұмысы ауылдық округтерде жалғасын тапты.
Аудандық соттың ұйымдастыруымен өткен көшпелі жиынның насихат тобы құрамында аудандық сот төрағасы Әлия Түбекбаева, аудандық «Nur Otan» партиясы Жаңақорған аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәжит Балқожаев, аудандық мәслихаттың депутаты, аудандық мұрағат басшысы Зағипа Абжалелова, Жаңақорған аудандық «Әйелдер» кеңесінің төрайымы, «Билер кеңесінің» мүшесі Азия Қыстаубаева болды. Насихат тобы Қожамберді, Қосүйеңкі, Екпінді, Қыраш ауылы халқымен кездесіп, түсіндірме жұмысымен қатар, ондағы өзекті мәселелерді де назардын тыс қалдырмады.
Кездесу барысында сот төрағасы Әлия Түбекбаева Мемлекет басшысының Жолдауында сот жүйесінің алдына қойған азаматтардың құқықтарын қорғалуын қамтамасыз ету мәселелеріне кеңінен тоқталды. Сондай-ақ құнды құжатта жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы мен әйелдерге, әсіресе балаларға қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жауапкершілігін тез арада қатаңдату керектігі айтылғанын атап өтті. Сот төрағасы сот жүйесіндегі жаңашыл жаңалықтарға тоқталып, жиналған жұртшылыққа «Сот кабинеті» арқылы қашықтықтан сот процесіне қатысу және электронды түрде арыз, шағым беру жүйесінің жұмысын түсіндірді.
– Бүгінде ресми дерекке сүйенсек, еліміздегі әрбір төрт адамның біреуі сотқа жүгінеді. Осы олқылықтың белең алуын төмендету, сот жүйесіне халықтың сенімін арттырып, халық арасындағы дауласушылық деңгейін азайту мақсатында құрылған «Отбасылық сот», «Smart-sot», «Татуласу сотқа дейін, сотта» пилоттық жобалары мен «Билер кеңесі» құрылып, нәтижелі жұмыс жасауда. Ел ішінде кикілжіңдерді өзара шешу, елді мекендердегі ауызы дуалы, сөзі өтімді ауыл халқының мұң-мұқтажын сезіне білетін қариялардан құралған «Билер кеңесі» әрбір ауылдық округтерде болу қажет, – деді Әлия Түбекбаева.
Өз кезегінде «Nur Otan» партиясы Жаңақорған аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәжит Балқожаев Президенттің Жолдауынан туындаған халықтың әлеуметтік жағдайына қатысты мәселелерді атап көрсетті. Сот жүйесіне жүктелген міндеттердің ауыр екенін, оны шешу тек соттың қарамағындағы іс емес, халық, қоғам бірлесіп шешілетінін айтып өтті.
«Бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» даналық сөзін әңгімесіне арқау еткен «Билер кеңесінің» белді мүшесі Азия Қыстаубаева, жиналған көпшілікке отбасының құндылықтарын дәріптеп, бала тәрбиесіне тоқталды.
– Ауыл – нағыз қазақылықтың қайнаған ортасы. Сондықтан жергілікті тұрғындар қазақы салт-дәстүрден қол үзіп қалмауы тиіс. Мәселен, нәресте дүниеге келгеннен бастап оның бойына адамгершілік, сыйластық, үлкенге құрмет көрсету, адалдық сынды қасиеттерді қалыптастыру қажет. Бүгінгі ата-ананың бала тәрбиесіндегі жіберген қателіктері қазіргі таңда қылмыстың көбеюінің бірден-бір себебі болуда. Жаңа заман талабы деп халқымызға тән болмысымызды жоғатпауымыз керек. Батыс елдерінен баланы қажетсінбеу, бір жыныстылардың некеге тұруы сынды теріс қылықтарын емес жаңа технологиямен елді дамыту сынды қоғамның алға ілгерілеуіне қажет дүниені алуымыз керек, – деді Әйелдер кеңесінің төрайымы Әзия апай.
Жүздесу барысында аудандық мұрағат басшысы Зағипа Абжалелова:
– Жастар – біздің болашағымыз, оларға жол сілтеп, бағыт-бағдар беру біздің міндетіміз. Бүгінгі қоғамның көрінісіне айналған мәселелерді, тек осындай кездесулерде ғана емес күнделікті мектепте ұстаздар, үйде ата-ана баланың жас ерекшелігіне қарай түсіндірме жұмыстарын жүргізіп отырса игі, – деген тілеген жасырмады.
Айта кету керек, кездесуге барлық ауылдық округтегі тұрғындар белсенді қатысып, көкейлерінде жүрген сұраққа жауабын алды. Ал, қордаланған бірқатар мәселелерді «Nur Otan» партиясы Жаңақорған аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәжит Балқожаев партия назарынан тыс қалдырмай, айтылған ұсыныс пікірлерді жергілікті билік өкілдеріне жеткізетін тілге тиек етті.
Майра ӘБДУӘЛІ