№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Стартап жобалар бизнеске дем береді

Стартап жобалар бизнеске дем береді

Дамыған елдер шағын және орта бизнеске арқа сүйейді. Мәселен, АҚШ-та жұмысшылардың 55 проценті кәсіпкерлік саласында қызмет етеді. Озық елдер санатында болуы үшін бизнесті дамыту маңызды. Әсіресе, жастарды кәсіпкерлікке баулып, табысты бизнесмен болудың қыр-сырын үйрету керек-ақ. Міне осындай мақсатта Қызылорда облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы жүйелі жоспар құрып, тындырымды тірлік атқаруда. Соның бірі – «Жастар жылы» аясында «Kyzylorda Business Hub» стартап жобасы бойынша жұмыс жүргізу. Жоба жетекшісі Жандос Оразмаханов аудан жастарына бизнес-жоспарды құру жолы мен оны қалай іске асыру жөнінде тренинг өткізді.
Облыстық жастар саясаты мәселелері басқар­масының әлеуметтік тапсырысы аясында 2019 жылдың екінші жартысынан бастау алған жоба кәсіпкерлік сананы дамыту мен бизнеспен айналысушы жастар қатарын арттыруда тапсырмас мүмкіндік. Өйткені 16 мен 29 жас аралығындағы кез келген жас қатыса алатын аталмыш жобаның серіктестері «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті.
Алдымен стартап дегеніміз не? Соған тоқталсақ. Қолдауды қажет ететін жаңадан бастау алып келе жатқан жаңа бизнес жоба немесе жас компанияны айтамыз. Сондықтан да кез келген стартаптың өзіне тән ерекшелігі болуы тиіс. Ондай ерекшелік оның қайталанбайтындығында. Мысалы, сіз өзіңіз тұрып жатқан өлкеде дүкен ашатын болсаңыз, оны стартап деп атауға болмайды. Өйткені сауда орындары көп және олардың қызметі бір. Ал дүкенді стартап ретінде ашқыңыз келсе өзіндік ерекшелігі болуы тиіс. Мысалы, сатылатын тауарыңыз туралы ақпаратты атап айтқанда бағасы, сапасы, қолдану ерекшелігі ұялы телефонның қосымшасы арқылы көрінсе, керек болса кредит есебінде сатып алу және оны сатып алушыға тегін жеткізу секілді қызмет көрсету түрлерімен ерекшеленуі керек.
Осыған байланысты кез келген стартаптың мақсаты – тауар немесе қызмет көрсетуді жаңа сатыға көтеріп, тұтынушыға қолайлы болуы тиіс.
Хош! Тақырып ауанына көшейік. Жоғарыда аталып өткен жобаны түсіндіруде «Kyzylorda Business Hub» стартап жобасының жетекшісі Жандос Оразмаханов қатысушылар алдында әлемге әйгілі кәсіпкерлер мен миллионерлердің бизнес жолындағы жетістіктері жөнінде айтып, «Бизнес идеяларды іздеу және бағалау» тақырыбына кеңірек тоқталды.
Экономика ғылымдарының кандидаты, Қазақстан IT-мамандар Ассоциацисының директоры Нұрлан Құлмырзаев:
– Соңғы жылдары Сыр өңірінде жаңа заман талабына сай жобаларды жүзеге асыруға ерекше назар аударылып келеді. Соның бірі «Kyzylorda Business Hub» стартап жобасы байқауының жолға қойылғандығы. Сіздерде аталмыш «жоба не бере алады?» деген сұрақ туындауы әбден мүмкін. Жауабы оңай әрі түсінікті. Біріншіден, кәсіпкерлік сана және кәсіпкерлік дағдыларын дамыту. Екіншіден, белсенді кәсіпкерлерден сабақ алу және бірлесе жұмыс жасау. Үшіншіден жобаңызға ақшалай сыйақылар және инвесторлық көмек алу. Ол үшін қызылордалық 16 мен 29 жас арасындағы кез келген тұрғын өзінің стартап жобасын ұсына алады. Үздік шыққан 3 жоба ақшалай марапатқа ие болады, – деді.
«Kyzylorda Business Hub» байқауына 20-дан аса жоба ұсынушылар қатысты. Олар ақшасыз бизнес бастау және инвестор тартудың жолдарын білді. Сонымен қатар қатысушылар «Атамекен» палатасының өкілі мен нарық талабына сай жұмыс жасайтын менторлардан кеңес ала алатыны жөнінде ақпартқа қанықты.
Семинар-тренинг, лекциялық кездесулер аяқталысымен қатысушылар «Канвас» моделі бойынша жобаларын жасап, тақырыптарын қойды. Жандос Шынжырбайұлы мен Нұрлан Серікұлының түсіндірме жұмыстарының аясында жасалған жобалар байқаудың екінші күні жергілікті ментор кәсіпкерлердің алдында қорғалды.
Екінші күні жоба жетекшілері мен жобаға қатысушылар «Ордакент» ардагер және жастар ресурстық орталығында бас қосты. Оған аудан орталығындағы «Ақжол» сауда үйінің басшысы Нұрболат Аширов, жеке кәсіпкер «Тұрабай» және «Темірлан» темір сату орталығының директоры Дәулет Тұрабаев және «Нұр-Сәулемай» студиясының жетекшісі Мұхтар Шаханов ментор ретінде қатысты.
Аталған менторлар алдында бір күн бұрын сызып дайындаған жобасын қорғағандар саны 18 болды. Арнайы дайындалып әкелінген презентация бойынша байкенжелік Нұрбике Сахова өз жобасын қорғады. Ол көрпе-көрпешеге реставрация жасау және қыз жасауларын тігу үшін арнайы инвестор іздеп келгенін жасырмады. Жұмысы жайында айтты, түсіндірді, қорғады. Бірақ менторлар тарапынан қолдау таппады.
Жеке кәсіпкер Нұрболат Аширов «Primary shcool» жобасын қорғаған бірліктік Арай Исматова мен жаңақорғандық Шолпан апаның «Інжу» тігін шеберханасына өзі жеке қолдау білдіріп, көмектесетінін айтса, келесі турға «Жиһаз жасау», «Аудиторлық қызмет», «Дәнекерлеу орталығы» және «Қымызхана» жобасын өткізуді жөн деп тапты.
Ал жеке кәсіпкер Дәулет Тұрабаев «Видеомар­кетинг», «Лего-кірпіш», «Антикафе» және «Шұжық өндірісі» бойынша ерекше жобаларға таңдау жасап, қатысушыларға келесі кезеңге өтуге мүмкіндік сыйлады.
«Нұр-Сәулемай» студиясының жетекшісі Мұхтар Шаханов болса «Nomad style», «Сурет және бейнетүсірілім», «Оқу орталығы» және «Galya event» орталығының жобасына қолдау көрсетті.
Бір ментор 4 жобадан артық қабылдай алмайды. Бұл байқау шарты. Сондықтан жергілікті кәсіпкерлер неғұрлым тың жобаны таңдауда бас қатырғандары анық.
Ментолар алдында жоба қорғау сайысы аяқталысымен ішінен шыққан үздікті анықтау үшін менторлар өзара ақылдаса келіп қаржылай сыйлық 30 000 теңгені «Қымызхана» жобасымен Арайлым Өзбекбай, 50 000 ақшалай сыйды «Дәнекерлеуші» жобасымен Ержан Зәйдін, ал жүлделі 70 000 теңгені ««Nomad style» жобасымен Али Нұрберген қанжығасына байлады.
Менторлар алдында 18 жоба қорғалып, 14-і келесі турға жолдама алса, оның 3-еуі ерекшелігімен көзге түсті.
«Арман — адамға қанат бітіреді» — деген халықтың нақыл сөзі бар. Бүгінгі жиналған жастардың көзінен арманға деген талпыныстарын көрдік. Басқа сөзбен айтқанда мақсатқа жетудің нақты жоспары болмаса, мақсатыңыз жай ғана арман болып қала береді. Сондықтан осы жобаның негізгі мақсаты ойыңызда жүрген жоспарыңызды қалайда болса жүзеге асуына қол үшін беру.

Лаура БИБАСАРОВА
24 қыркүйек 2019 ж. 1 483 0