№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жас өрен, ғаламторға тәуелді болма!

Жас өрен, ғаламторға тәуелді болма!


Әдеттегідей жексенбі күні қарашаңыраққа бас сұқтық. Апамның бір нәрсеге ренжулі, зілді даусы естілді.
– Бүгінгінің балаларын-ай! Далаға шығып ойнағанды білмейді. Біреу аяғынан байлап қойғандай компьютердің алдында күн ұзақ шұқшиып отырады да қояды. Осы көк жәшіктен не іздейді екен? – деп күмбірлеп сөйлеп жүр.
Әрине, немерелерін жек көргендіктен емес, олардың бір мезгіл бой жазып, таза ауамен тыныстап, далада асыр салып ойнағанын қалағаннан болар.
Біраздан кейін апамның ренжитіндей жөні бар екенін түсіндім. Ағамның үлкен баласы компьютерге шұқшиып отырса, кішірек үшеуі қырғи-қабақ болып телефонға таласып-тартысуда. Қастарына барып байқасам, интернеті бар ұялы телефонға таласып жатыр екен. Бар есілдерті телефондағы ойынды бірінші болып ойнау. Аяғында оларды тыныштандыру үшін қалтамдағы телефонымды беріп, құтылдым.


ҚАЙТПЕК КЕРЕК?

Иә, бүгінде әр үйде компьютер, әр адамның қолында интернеті қолжетімді смартфон бар. Әрине, компьютер адамзаттың заман талабына сай дамуына ықпал ететін құралдардың бірі, әрі оны кез-келген адам меңгеруге міндетті екені айқын. Бүгінде компьютерлер біздің өміріміздің бір бөлігіне айналды. Ол біздің өміріміздің барлық салаларына кірді және өмірімізді бұл ақылды машинасыз көру мүмкін емес. Тіпті, заманауи технологияларды жетік меңгеру арқылы бәсекеге қабілетті боламыз. Үшінші жаңғыруды міндет еткен Жолдауындағы «Цифрлы Қазақстанның» негізгі компоненті информациялық технологияны меңгеруде екені даусыз. Яғни, компьютерден де, ұялы телефоннан да қашып құтыла алмайсыз. Тек оны игілікке жаратуды үйренсек. Әсіресе, балаларға тиімді қолданудың жолын көрсете білсек ғой...
Жалпы, үйіңізде компьютер болса, ол ғаламторға қосылса оның пайдасы шаш-етектен. Мәселен, кез-келген мемлекеттегі танысымызбен интернет арқылы хабарласа аласыз. Өзіңізге керек мәліметті ғаламтор арқылы жылдам тауып алып, керегіңізге жарата бересіз. Көлемді мәліметтер сақтап, күнделікті жұмысқа қолдануға мүмкіндік жасайды. Ең бастысы, компьютерді пайдалану жұмыс өнімділігін арттыру болып табылады. Яғни, есеп-қисап жасау, мәліметтерді өңдеу, құжаттарды қағазға басып шығару істеріне пайдаланып, уақытты үнемдеуге болады.
Мейлі компьютер болсын, мейлі ұялы телефон болсын олардың теріс әсері көп-ақ. Мамандар жұмыс істеп тұрған компьютер өз айналасында толқын ұзындығы 1,5 метр болатын электромагниттік өріс құрайды, сол өріс аясында түскен адам зиянды ультракүлгін сәуле әсеріне ұшырайды дейді. Осындай сәулелердің тағы да басқа шығар көздері болып ұялы телефондар, микротолқынды пештер, теледидар және радиоқабылдағыштар саналады екен. Ал, олардың денсаулыққа тигізетін зиянды әсері де бар. Мәселен, компьютер алдында ұзақ отырғанда, көбінесе оның адамның жүйке жүйесіне әсер етуі басым болады. Ауру бірден басталмайды. Бірте-бірте шаршау сезімі жиі пайда болып, адамның ашуланшақ болуы байқалады. Есте сақтау қабілеті нашарлап, өмірге деген қызығушылығы азаяды. Ал, Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау ұйымы компьютер ойындарын құмар ойын қатарына енгізіп, ол адам психологиясының бұзылуына әкеп соқтыратын алға тартуда. Жаһандық ұйым озық технологияны ұзақ пайдаланудың бала психологиясына қалай әсер ететінін саралапты. Біріншіден, ғаламтордағы шамадан тыс ақпараттар баланы жалқаулыққа душар етеді. Екіншіден, бала айналасындағы адамдармен қарым-қатынас қабілетін жоғалтады. Үшіншіден, бала сол ойындарға тәуелденіп, ойынның құлына айналады. Төртіншіден, бұндай балалар қоғаммен қатынасын үзеді екен.

МАМАНДАР НЕ ДЕЙДІ?

Осы орайда, «Компьютерге байлану» ауруы негізінен кімдерде пайда болады? Бұдан шығатын жол қандай?», – деген сұрақтар туындайды. Әрине, бұл сауалдарға жауаптар да әр алуан. Десе де, мамандардың өз аузынан есту мақсатында аудандық емханаға ат басын бұрдық. Біздің сауалдарға аудандық емхананың психологы Жаңабек Искаков жауап берді. Оның айтуынша, компьютерді қолданғанда көздің көру деңгейі төмендеп, «астенопия» жағдайы туындайды. Шектен шыққан ойынпаздық – «лудомания» дерті пайда болып, бала құмар ойынына, яғни «аддикцияға» шалдығады.
– Қазіргі таңда технологиялар қатты дамығандықтан, адамдардың басым бөлігі заманауи технологияларға тәуелденіп қалған. Оның ішінде мектеп жасындағы балалардың көңілін бөлетін компьютер мен ұялы телефондар. Бұл дүниелер баланың психикасына кері әсерін тигізеді. Егер ата-ана баланы дер кезінде бақыламаса, бала желінің шырмауынан шыға алмай қалуы мүмкін. Осы тұста, бір оқиға есіме түсіп отыр. Бірде психолог мамандар мектеп жасындағы баладан «Өскенде кім болғың келеді?», – деп сұрапты. Бала ойланбастан «Теледидар болғым келеді», – депті. Бұл жауапқа аң-таң болған психологтар баладан себебін сұрайды. Сонда бала «Менің ата-анам күндіз жұмыста болады. Кешке жұмыстан келісімен бар уақыттарын теледидар көріп өткізеді. Сондықтан теледидар болғым келеді. Ата-анам сол теледидарға көңіл бөлгендей маған қараса екен деймін», – деген екен. Бұдан шығатын нәтиже, қазіргі ата-ананың балаға аз көңіл бөлуінде. Ал, ата-ана мейіріміне қанбаған бала жалтақ, өз-өзіне сенімсіз болып өседі. Тура осындай балалар «компьютерге байлану» дертіне тез шалдығады. Мұның соңы «суицидке» соқтыруы да мүмкін. Сондықтан, ата-аналар балаларына көбірек көңіл бөлуі керек», – дейді аудандық емхана психологы Жаңабек Искаков.

Әйгерім Сейтмұратова, мұғалім:
– Қазіргі бала бұрынғыдай кітап оқып, үй тапсырмасын шешіп, басын қатырып жатпайды. Олар қай пәннен болмасын барлығының шешімін ғаламтордан ала салғанды жөн көреді. Осыдан жалқаулық пайда болады. Компьютерде көп отыратын бала біріншіден, енжарлыққа ұшырайды. Екіншіден, баланың психологиясына кері әсер етіп, бала ашуланшақ болады. Себебі, олар ғаламтордан әртүрлі мәліметтер алып, сана-сезімдерін улайды. Бұған тағы бір себеп, ата-ананың жұмыс басты болып, бала тәрбиесіне жіті көңіл бөлмеуінде. Егер ата-ана компьютерде отырған баласын бақылуына алып, оған керекті деректерді бірге отырып қарап, қалған уақытында ғаламторда ойын ойнауына шектеу қойса, баланың «ойынға тәуелденуінің» алдын аламыз деп ойлаймын.

Гүлзада Файзраманова, педагог-психолог:
– Баланың компьютер ойындарына байлануы бүгінгі күннің дертті мәселесінің бірі екені бәрімізге мәлім. Кейінгі балалар бар қиындықтың шығар жолын ғаламтордан іздеуді дағдыға айналдырған. Компьютер мен смартфондар арқылы ғаламторға кіріп саналарын улап жатыр. Ол жерде неше түрлі арам пиғылдағы атыс-шабыс ойындардың бар екені рас. Бала сол ойындардағы басты кейіпкерге өздері айналып, жан-жағын қырып жатады. Осыдан баланың психикасында ауытқулар пайда болып, айналаға деген көзқарастары ауысады. Біз бала бойындағы ауытқуларды күнделікті тұрмыста байқамай қалуымыз мүмкін. Бірақ осы балалардың ертеңгі күні жақсы адам болып қалыптасатынына ешкім кепіл бола алмайды. Сондықтан, баланы қадағалап, қоғамдық дерттің алдын алуымыз керек.
Санкт-Петербургтегі В.Бехтерев атындағы психоневрологиялық институты ғалымдарының зерттеуінше, компьютерге үйірсектіктің он белгісі бар. Яғни, балада компьютерде бір ойынды ойнап бірнеше сағат отыру, ата-анасымен ұрсысып, үйге кешігіп келу, сабақ үлгерімі нашарлап, сабақтан жиі қалу, баланың достарымен қарым-қатынасы азайып, өзі сияқты компьютерге үйірсектермен ғана араласуы, күнделікті ақшаға сұранысын көбейту, берген уәдесін орындамау, ашуланшақ, мазасыз мінездер пайда болу, ұйқысы бұзылып, зейіні мен есте сақтау қабілетінің нашарлауы, көз жанары төмендеп, басы ауруы жиілеу секілді белгілер пайда болады. Егер осы белгілердің бесеуі бала бойында анықталса, оған «компьютер ойынына тәуелділік ықтимал» деген анықтама қойылады. Ал, егер жеті немесе одан да көп белгі байқалса, ол «тәуелділіктің құлы» деп саналады екен.

ТҮЙІН. Біздің бұдан түйгеніміз, уақыт ағымына сай болу үшін заманауи технологияларды меңгерген жөн. Өйткені, ақпарат көздері барынша дамыған кезеңде артта қалмай көшпен бірге жүргеніміз абзал. Ақпараттық технологиялар арқылы біздің біршама жұмыстарымыз жеңілдейтіні анық. Дегенмен, әр нәрсенің жақсы жағымен қатар зиянды тұстары болатынын да ұмытпағанымыз дұрыс. Мамандардың «ғасыр дерті» деп атаған «компьютерге тәуелділіктен» сақтануды ата-аналар қаперінен шығармағаны игі...

Айсұлу АЛДАНАЗАР
18 қыркүйек 2019 ж. 1 111 0