№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Сервистік қызметке салғырттық жат

Сервистік қызметке салғырттық жат


Шіркін-ай, ойдан жүйрік не бар?! Кейде қыр мен даланы оймен шарлап, сан сұраққа жауап іздейсіз. Қазір не көп, мемлекеттік бағдармалар көп?! Әр салаға бағытталған. Сала-саланы дамытуы тиіс-ақ. Бірақ дамып кеттік пе? Оның бағасын сала мамандары мен сарапшылар берер.


Айтайын дегенім, кейбір саланың дамуы­на сервистік қызмет жетіспейтіндей көрінеді. Иә сапалы қызмет көрсету жағы кемшін. Мейлі сауда болсын, мейлі кәсіпкерлік саласы болсын, мейлі халыққа қызмет көрсету саласы болсын. Сөзіміз дәлелді, дәйекті болсын.
Жаңақорғанда сауда орындары көп. Бір барған жеріне қайта баруды қаламайсыз. Неге? Ащы болса да, шындық, қызмет көрсету мәдениеті төмен. Көбіне сатушы дөрекі (Түркістан қаласындағы базарға бір зат алуға барып, он зат алып қайтасыз. Себебі сатушы іші-бауырыңа кіріп, қызмет көрсетеді). Кейде өзіміз де саудаласқымыз келеді. Өйткені Түркістанда әлгі зат әлде­қайда арзан екенін білесіз. «Алсаң ал, алмасаң қой» деп шығарып салады. Одан кейін ол жердің есігін қайтып ашпайсыз.
Жұмыстан кейін үйді бағытқа алдым. Анам қызанақ ала келші деді. Дүкенге тоқтадым. Сатушы жап-жас келіншек екен. Қызанақтың бағасын, сапасын сұрадым. Мұрнын шүйіріп жауап қатты. Сосын қызанақты теріп ала бастағанмын.
– Ірісі мен майдасын араластырып алы­ңыз?
– Неге? Жеуге жарамдысын алмаймын ба?
– Жоқ болмайды. Әркім қажеттісін теріп алса, майдасын кім алады? – деп жекіді сатушы.
Қызанақтарды орнына қойып, дүкеннен шықтым. Енді қайтып бұл дүкенге бас сұқ­пасым анық.
Көліктің дөңгелегін жөндейтін орталыққа, шаштаразға, асханаға және т.б. жерге барсаңыз да осы.

***

Жақында Шиелі кентіне жолым түсті. Ұзақ жолға шығатын болып, көліктің қою майын ауыстыру қажет болды. Таныстарым «Магнит» деген жерге жөн сілтеді. Айтқанындай «Магнит» десе магнит.
Қызмет көрсетуші амандық-саулықтан кейін:
– Қандай шай ішесіз? Қызыл, көк немесе сүт қатқан, әлде кофе ме? – деді.
Таңырқап қалдым...
Жүзіне күлкі үйірілген жігіт:
– Клиенттерге шай тегін. Жайғасып отыра беріңіз, – деп мән-жайды түсіндірді.
Бірнеше кісі отыр екен. Солардың қасына жайғастым.
– Мұнда сапалы қызмет көрсетеді. Сон­дықтан осы жердің қызметіне үнемі жүгі­немін, – деді Ержан есімді азамат.
Шынында, жайлы жағдай жасалған. Отыратын жер жарық, бәрінен бұрын, қызмет көрсетушілердің жүзі жылы. Сәлемі түзу. Кішіпейіл. Ізетті.
Міне, бізге жетпей тұрғаны нақ осы – қызмет көрсету сапасы.
Шиелі ауданында кәсіпкерлік саласы қалыптасқан. Оған дәлел келтірейін. Осыдан бірнеше жыл бұрын немере інім кәсібін ашуды ұйғарды. Содан Жаңақорған кентінен кәсіпкерлігіне жайлы жер іздеді. Бірақ шешімін өзгертіп, Шиеліден темір цехын ашты. Қазір тапсырысы көп. Маусымдық жұмыс кезінде тапсырысқа үлгермегендіктен бірнеше бригада жасақтайды.
Осы күні інімнен:
– Неге Шиеліден аш­тың? – деп сұра­май­мын ба?
– Тұрғындардың менталитетіне байланыс­ты. Алдымен осыны зерттедім, – деді ол.

***
Жаңақорған ауданының әкімі Ғалым Әміреев – кәсіпкерлік саласын жетік мең­герген менеджер. Ауданда кәсіпкерлік саласын дамытуға мән беріп, қайтарымсыз гранттар беруге бастамашыл болды. Одан бөлек, агро-индустриялық аймақтар құру және т.б. бастамалары көп. Статистика бойынша, Жаңақорған Сыр өңірінде белсенді кәсіпкерлік жөнінде көш басында. Өткен жылы республика бойынша кәсіпкерлік саласын қолдау бойынша екінші орында болды. Бірақ сервистік қызмет көрсету жағы мықты дей алмайсыз. Жаңақорғандықтар сауда мәдениетімен мақтана алмайды.

***
Жазбаны әлеуметтік желіге жүктедім. Фейсбукты қолданушылар қызу қолдап, Кенже Әкімбекова, Жадыра Байсалбаева, Абзал Кошанов, Гауһар Әмитова, Тоқтар Әжімұратов, Нұржан Үсенов, Назым Кен­жеәліқызы түрлі саладағы қызмет көр­сету­дің сапасы жайлы өз ойларын қосып, сын садағын қадады.
Қызмет көрсету саласының қызметіне тоқталды. Әсіресе, Түркістан қаласындағы жекеменшік клиникалардағы ілтипатты ерекше қозғады...

P.S.: Түйген ойым, бәрі де қызмет көр­сету сапасына байланысты. Егер сервистік қызмет көрсету мәдениеті жоғары болса, туризм де, кәсіпкерлік те дамушы еді. Айналып келгенде, мұның бәрі экономикаға қуат береді.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
17 тамыз 2019 ж. 920 0