№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » МЖӘ: Тиімділігі көп жоба

МЖӘ: Тиімділігі көп жоба

  Сыр өңіріндегі қарқынды жүзеге аса бастаған жобаның бірі – мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ). Бүгінде бағдарлама аясында 84 жоба іске асуда. Ал, 38 жобаға келісім-шарт бойынша қол қойылған. Оның ішінде, Жаңақорған ауданында 24 жоба мақұлданып, алтауына қол қойылды. Жалпы, кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған жобаны жетілдіріп отыру да маңызды. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды «Қызылорда облысының мемлекеттік-жекешелік әріптестігінің өңірлік орталығы» ЖШС директоры Өтежан Бауыржаннан білген едік.

   Айта кететіні, «Мемлекеттік-жеке­шелік әріптестік – Бизнестің өрісті жолы» тақырыбында семинар өтіп, оған екінші деңгейлі банктердің өкіл­дері қатысты. Форумда мемле­кеттік-жекешелік аясында салынатын әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруда банктерден қаржы тартуға болатыны белгілі болды. Орталық басшысына осы тетіктің мән-жайын түсіндіріп беруді сұрадық.
– ҚР Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушы 2015 жылғы 25 қарашадағы №725 «Мемлекеттік-жеке­­шелік әріптестік жобаларын жос­парлаудың және іске асырудың кейбір мәселелері туралы» бұйры­ғының 5-1 тарауына сәйкес жекеше әріптес МЖӘ жобасын іске асыру мақсатында қарыз қаражатын алу үшін инвестициялық шығындардың өтемақысы (ИШӨ) түріндегі ақшалай түсімдер бойынша талап ету құқығын кредитор-банкке кепілге береді.
Бұл үшін жекеше әріптес инвес­тициялық шығындардың өтем­ақы­сын аудару үшін кредитор-банк­­те шот ашады. Мемлекеттік әріптес өз кезегінде инвестициялық шығындардың өтемақысы түріндегі ақшалай төлемдерді осы шотқа жібереді.
Банкте ақша қаражаты тек қана негізгі борышты және қарыз бойынша сыйақыны өтеу үшін пайдаланылады. Ақша қаражатының қалған бөлігін банк-кредитор жекеше әріптестің негізгі шотына аударады, – деді ол.
Демек, МЖӘ аясында кәсіпкер мен банк бірлесе жұмыс жасауға толық мүмкіншілікке ие. Ол үшін МӘЖ туралы келісім шарт болса, онда кез келген банк қаржыландыра алады. МЖӘ қазір осы жүйе бойынша жұмыс жасауда екен. Яғни, кез келген жобаның белгілі мөлшерін, 30-50 процентін банктер қамтамасыз етуге қауқарлы. Бұл енді үш жақты тиімді тәсілге айналды.
– МЖӘ жобаларын жоспарлау бары­­сы да оңтайландырылуда. Бұрын бұл 5 кезеңнен тұрса, қазір 3-кезеңге дейін төмендетілген, инвестициялық ұсынысқа сараптама жасалады, байқау өткізіледі, МЖӘ келісім шарты жасалады. Ал, бұған дейінгі жобаның тұжырымдамасы мен МЖӘ келісім шарты жобасының сараптамасын жасау деген талап алынып тасталған. Десе де, бұл қайта қаралып, Заң нормаларына өзгертулер енгізілуі мүмкін. Яғни, тәртіп күшейтіледі. Ең бастысы, ынта мен жоспар және кәсіпкер қолында қаржы болса болғаны, – деді Ө.Бауыржан.
Бұл жоба арқылы ғимарат қана салу шарт емес, мемлекеттік мекемелерге күрделі жөндеу жұмысын жүргізуге де болады. Мәселен, Жаңақорғандағы әкімшілік және агро-техникалық колледж, емхана және музейдің жылыту жүйесін (газдандыруға) жүргізуге байланысты екі жоба дайын екен.
– Қолданыстағы заңда басым­дық берілген жеке қаржылық бастама тетігі жөнінде тарқатып айтсаңыз.
– Ең алдымен мемлекеттік әріптес келіссөздерге қатысу үшін сұранымды рәсімдеуі қажет. Сондықтан алды­мен жоспарлау жүйесінің деком­позициясын және жобадағы жұмыс­тардың мемлекеттік әріптес жағынан қажеттілігін айқындап алғаннан кейін ғана бастамашылық еткені абзал. Мәселен, жоба жергілікті болса, сол аймақтың 5 жылға құрылған даму бағдарламасын және қоғамдағы қажеттіліктерді зерттеу қажет. Мемлекеттік әріптестікке сұраным түскеннен кейін қорытынды шығарылып, жобаның техникалық-экономикалық параметрлері, бюджет төлемдері және мемлекеттік қолдау мөлшері көрсетіледі. Осы мезеттен бастап мемлекеттік әріптес басқа мүдделі тұлғалардан балама ұсыныстар мен сұраныстар күтеді. Егер белгіленген мерзімде балама ұсыныстар түспесе, өтініш берушімен тікелей келіссөздер жүргізу бойынша комиссия құрылады, – деді директор.
Иә, МЖӘ аясында жұмыс жасаймын деген кез келген кәсіпкерге жол ашық. Жаңақорғандық кәсіпкерлер биыл белсенді іске кірісті. Олар биылға 18 жобаның жұмысын бастап, мүмкіндігінше жыл соңына дейін пайдалануға беруге жұмыс жасауда. Бір сөзбен айтқанда, бұл жоба елдің әлеуметтік мәселелерді шешуде үлкен мәнге ие. Бұл әлемдік тәжірибеде дәлелденген.
Дамыған елдерде бұл жоба ХХ ғасырдың орта кезінде кеңінен қолданысқа енген. Мәселен, Америка Құрама Штаттарында білім беру бағдарламаларын қаржыландыруда мемлекет пен жеке сектордың бірлесіп жұмыс атқаруынан басталған. Кейіннен 1950 жылдары қоғамдық пайдалану нысандарын қаржыландыру қолға алынса, 1960 жылдары қаланы модернизациялау мен қайта құруда жекменшік кәсіпорындар қатысып, бұл байланыс нығая түсті. Осылайша мемлекеттік маңызы бар тас жолдар мен магистральдарды салу және пайдалануға беруде жеке меншік сектор негізгі рөл атқарды.
Қорыта айтқанда, МЖӘ аясында биылғы заң жобасына енген банктер қызметі алдағы уақытта әлеуметтік нысандардың ертерек ел игілігіне берілуіне септігін тигізер деген ниет бар. Тек кәсіпкерлердің белсенділігі болса болғаны.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.

03 мамыр 2019 ж. 1 215 0