№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ИННОВАЦИЯ – АГРОӨНЕРКӘСІП ӨНІМДІЛІГІН АРТТЫРАДЫ

ИННОВАЦИЯ – АГРОӨНЕРКӘСІП ӨНІМДІЛІГІН АРТТЫРАДЫ

  Дәстүрлі «Дала күні» семинар-кеңесі биыл Шиелі ауданындағы «Ақмая» инновациялық шаруа қожалығының егіс алқабында ұйымдастырылды. Аралдан бастап, Жаңақорғанға дейінгі аралықтағы егіншілікпен айналысатын шаруашылық иелері аталмыш қожалықтың тынысымен танысып, агросекторды дамыту мәселелері бойынша тың тәжірибеге қанықты.

  Әуелі аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев пен аудан ақсақалдары егіс алқабына дән сеуіп, егіннің бітік шығуына батасын берді. Айрықша атап өтерлігі, дән салынған ыдысты дала академигі Ыбырай Жақаевтың өзі қолданған.
Мұнан кейін «Akmaya Smart Farm» ақылды ферма жобасы аясында көрме жұмысын аралады. Агроөндіріске сандық технологияны енгізу және оларды кеңінен қолдануға бағытталған көрме барысында «Жылжымалы зертхана», «Агро-дрон», өнімділікті арттыруға арналған зиянсыз қоспалар, кең спектрлі сенсорлармен қамтылған John Deere және Class заманауи техникасының мүмкіндіктері таныстырылды. Шаруа қожалық төрағаларын Шымкент қаласынан келген «Агро-дрон» ЖШС-нің ұшқышсыз басқарылатын «Qarlygash aviation» қондырғысы қызықтырды. Серіктестік өкілі, инструктор Ғазиз Мусантаевтың айтуынша, егіс алқабына трактормен себілетін химикаттарды 50 процентке дейін шығынын азайтады.
  – Бұл дрон Шымкентте құрастырылады. Салмағы бар-жоғы – 9 келі. Сағатына 5 гектар жерге қалаған қоспаңызды сеуіп береді. Негізі ұшу ауқымы 1-5 метр аралығы болса, ең жоғарғысы 30 метрге дейін ұшады. Ал, құрылғыны құрастыру, жинау өте оңай. Әрі қуаттағыш құрылғысы да ұзаққа шыдамды. Егер шаруа қожалықтар осы дронды біздің компаниядан сатып алса, серіктестік базасында өздерінің жіберген адамын 15 күндік оқумен қамтамасыз етіп, сертификат береміз. Бұл заманауи құрылғы өнімділікті арттырып, қаржыны үнемдеуге таптырмас технология, – деді инструктор Ғазиз Еркінұлы.
Сондай-ақ көрмеде «Ақмая» шаруа қожалығы базасында «Нақты егіншілікке арналған «Akmaya Smart Farm» цифрлық платформасының жүзеге асыру бағыты таныстырылды. Бұл жөнінде сәл кейінірек. Бірінші кезекте, облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен өткен «Дала күні-2019» семинар-кеңесіне кезек берсек.
Отандық ғылыми зерттеу орталықтары мен аудан, қала әкімдері, орынбасарлары, облыстық басқармалар мен жауапты сала басшылары қатысқан кеңесті облыс әкімі ашты.
  – Биылғы дән себу рәсімін өткізуде Ақмая ауылын бекер таңдаған жоқпыз. Өйткені, күріш өсіру тарихына үңілсек, осы ауылдың топырағы 16 «Еңбек ерін» шығарған қасиетті мекен. Биыл да, күріш тұқымын сауықтыру, әртараптандыру бағытында майлы, мал азықтық, бақша дақылдарының өнімділігін жоғарылатуды қолға алдық. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы бойынша Сыр өңірінде маңызды жобалар іске асырылуда. Бір ғана мысал, мемлекеттік қолдауларды ұтымды пайдаланған облыс егіншілері соңғы жылдары ақ күріштің молшылығын жасауда табысты еңбек етіп, жыл сайын ел қамбасына жарты миллион тонна астық құйып келеді, – деді Қырымбек Елеуұлы.
  Сондай-ақ аймақ басшысы өткен жылы орын алған су тапшылығын болдырмау үшін биыл артық егілетін күрішке суармалы су жеткізіп беруді әкімдік өз мойнына алмайтындығын шаруашылық басшыларына ескертті.
Семинар-кеңесте белгілі бол­ғандай, 2019 жылға бекітілген ауыл шаруашылығы дақылдарын орна­ластыру сызбасына сәйкес тұрақты суаруға 4,2 млрд. текше метр су қажет екен. Ал, 2019 жылғы 18 сәуірдегі жағдай бойынша, Шардара су қоймасында 5,1 млрд. текше метр, Көксарай су реттегішінде 2,1 млрд текшеметр су жиналуда. Осының бәрін ескере отырып, өңір басшысы су үнемдейтін суару технологияларын белсенді енгізуді және өзге де ауылдарда «ақылды ферма» тәжі­рибесін қабылдауды тапсырды.
Мұнан кейін көктемгі егіс жұ­мыс­тарына дайындық барысы және инновациялық жобаларды енгі­зу жайында облыстық ауыл­шаруашылығы басқармасының бас­шысы, Шиелі, Қазалы, Жалағаш ауданының әкімдері мен отандық ғылыми зерттеу орталығы директорлары баяндама жасады.

  ИННОВАЦИЯ ИГІЛІГІ

   Әлгінде айтылғандай, семинар-кеңестің Ақмая ауылында өтуінің бір себебі бар. Заманында бұл ауылдан 16 “Социалистік Еңбек ері” шыққан. Бүгінде осы ауылдың әлеуметтік-эко­но­микалық ахуалын тіктеп отырған іргелі шаруақожалықтың бірі – «Ақмая» инновациялық шаруа­қожалығы. Төрағасы Дәулет Жұмабеков. Өткен жылдан бастап, облыстық ауылшаруашылығы бас­қармасының жетекшілігімен Ж.Жиен­баев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен біріге отырып, «Ақмая» ш\қ базасында «нақты егіншілікке» арналған «Akmaya Smart Farm» цифрлық платформасы жүзеге аса бастаған. Жоба аясында шаруашылықтың 800 гектар егіс алқабына цифрландыру жұмысы жүргізіліп, алынған деректер өңделген. Осы деректер негізінде алқаптың электрондық картасы және алынған топырақ үлгілері негізінде топырақтың агрохимиялық картограммалары әзірленген. Оған қоса, ауылшаруашылығы техни­касының GPS-мониторингін енгізу үшін техникалық шешім ұсынылып, «Ақмая» шаруашылығында кең спектрлы сенсорлармен қамтылған Deere және Class заманауи техни­касының мүмкіндіктері толығы­мен пайдаланылуда. Ал, жоба аясында құрылған автономдық метеостанциялар топырақ, ауа, су, күн туралы деректердің толық спектрін жазып, деректерді нақты уақыт режимінде жүйенің орталық серверіне жібереді.
  Аталған метеодеректер ауа-райы жағдайларын ескере отырып, өнді­рістік процестерді түзету үшін, кризистік сәттердің алдын алу үшін қолданылады. Яғни, түрлі құрғақшылық, зиянкестердің жаппай көбеюі сынды мәселелерді алдын алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ келешекте жер бедерінің карталарын, егістіктердің әртүрлілігін, аурулардың, арамшөптердің және зиянкестердің таралуын,топырақ карталарын және шаруашылық қызметін цифрландыру бағытында кеңістік деректерді цифрлау бойынша жұмыстар жүр­гізіледі. Бір сөзбен айтқанда, «Ақ­мая» пилоттық шаруашылығы Сыр өңіріндегі фермерлер үшін демонстрация алаңына айналады. Мұн­да әрбір фермер өз табысын қалай арттыруға болатынын, көбірек түсім алуы, тәуекелдерді басқаруы, агросекторды цифрландыру бағыты бойынша жауап табатын болады.
«Дала күні-2019» семинар-кеңесін түйіндеген облыс әкімі Қырымбек Көшербаев басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне егіншілік саласына әртараптандыру мен өнімділікті ұлғайтатын санды тех­нологияны және су үнемдеу про­цестерін енгізуді тапсырды.
Айта кету керек, келелі кеңеске ауданнан делегат ретінде аудан әкімі Ғалым Әміреев бастаған сала басшылары, ауыл әкімдері мен шаруа қожалықтары төрағалары барып, тың тәжірибемен танысты.

Әбдісамат ӘБДІШ,
Жаңақорған-Шиелі-Жаңақорған.



30 сәуір 2019 ж. 1 387 0