ИННОВАЦИЯ – ДАМЫҒАН ЕЛДЕРГЕ ҚОСЫЛУДЫҢ ДАҢҒЫЛ ЖОЛЫ
Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексіне сәйкес, Қазақстан инновация рейтингі бойынша нашар көрсеткіш көрсетті: 2016-2017 жылдары 138 мемлекет арасында 59-орында тұрса, ал 2017-2018 жылдары бірден 25-тұғырға төмендеп, 84-орынға түсіп қалған.
Бәлкім, бізге инновация секілді «көтере алмас шоқпарды белге байлаудың» қажеті жоқ шығар? Оған қыруар қаржы шығындағанша, тек аста-төк шикізатымызды ғана сатып, отыра бермейміз бе?
Сарапшылардың байламынша, күпті көңілмен үзілді-кесілді түйін түйіп, бұл бағыттан түңіліп, қолды бір сілтеуге болмайды. Өйткені әлемдегі барлық тәуелсіз мемлекеттердің келешегі де, көрешегі де жасампаздыққа, жаңашылдыққа және өрге бастырар өнертабыстарға тікелей байлаулы. Бүгінгі әл-ауқатын байыптайтын да, баянды болашағын бекемдейтін де, сол! Жаңа технологияларға бет бұрмаған ел қазіргі күн сайын құбылған ұшқыр заманда құбыласынан жаңылып, даму даңғылының жиегіне шығып қалмақ.
Әлеуеті асқан, мерейі тасыған, іргесі берік, қадамы нық, ырысы мол, беделі зор мемлекеттердің барлығы қазіргі заманда осы тұғырына технологиялық өрлеу арқасында көтерілуде.
Ал тек шикізатқа тәуелділікке мойынсынған, сөйтіп, инновация мен индустриялану ісін жауып қойған елдердің күні қараң, бағыты бұлдыр, келешегі көмескі екенін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Мұны Венесуэланың мысалынан көреміз. 302 миллиард баррельге тең, яғни ғаламшардағы аса ірі мұнай қорын жалғыз өзі басып отырған мұнайлы ел ешқандай соғыссыз, лаңкестік басқыншылықсыз-ақ, жаһан жұртшылығының көз алдында жайрап бара жатыр. Халықаралық құқық қорғау ұйымдарының дерегінше, кейінгі бір жыл ішінде ғана Венесуэладан 1,5 миллион босқын өзге елдерге кеткен, Cejil халықаралық құқық орталығының дерегінше, венесуэлалық мигранттардың бұл көші жыл соңына қарай төрт миллионға жетуі мүмкін. Олардың көбі жат елдерде табыс табу үшін емес, тамақ үшін ғана жұмыс істеуге дайын көрінеді. Ондағы ахуалдың апатты дәрежеге жеткені сонша, тіпті мұнайшылардың, яғни елге кіріс пен валютаны әкелуші басты мамандардың өздері халықаралық агенттіктердің хабарлауынша, аштықтан көздері қарауытып, қара жұмысты атқаруға күштері жетпейтініне шағымданатын көрінеді.
Венесуэла инфляцияның алапат өсімі, мұнай бағасының құлдырауы кесірінен мемлекет табыстарының күрт төмендеуі нәтижесінде, ауыр жағдайға тап болды. Халықаралық валюта қорының болжамынша, 2018 жылдың соңына қарай Венесуэлада инфляция адам сенбес 1 миллион пайызға жетпек! Кезінде көлемі ұшан-теңіз, ал құны болса, күн санап шарықтаған «қара алтынға» малданған бұл республика инновациялық дамуға, экономиканы әртараптандыруға мән бермеді. Салдарынан, қазір ол өз тіршілігіне қажетті бар затты: дәретхана қағазынан бастап, адамдардың аяқкиіміне дейінгі тауарлардың бәрін өзгелерден импорттайды.
Демек, инновациялық дамудан бас тарту өркендеудің жаңа үрдістерін елемей және ел қажетіне жаратпай, болашаққа тек «көнекөз» лампалы теледидардың бұлдыр проекциясы арқылы қарауға тең болар еді.
Өзгелерден өз еліміздің жағдайына оралар болсақ, Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексіндегі инновация бойынша қазақстандық рейтингтің төмендеуі бірінші кезекте, ел экономикасында қарасы басым саналатын шағын кәсіпорындардың инновациялық белсенділігінің төмендеуіне, сондай-ақ дамыған шет елдермен салыстырғанда, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелерді (ҒЗТКӘ) қаржыландырудың төмен деңгейіне байланысты болыпты.
Сондай-ақ жаһандық рейтингте Қазақстан «жаңа технологияларды кәсіпорындарда пайдалану» көрсеткіші бойынша алдыңғы жылғы 71-тұғырдан енді 81-ші орынға, «компаниялардың ҒЗТКӘ-ге шығысы» көрсеткішінде 61-орыннан 95-ке дейін кері сырғып отыр.
Көрсеткіштердің нашарлауының бірнеше себебі анықталды. Біріншіден, Инвестициялар және даму министрлігінің дәйектеуінше, елімізде кәсіпкерлік белсенділік төмендеген, әсіресе, шетелдік капиталдың қатысуымен құрылған бірлескен кәсіпорындар саны азайған. Екіншіден, ішкі нарықтағы жобаларды несиелендіруге деген қолжетімділік төмен деңгейде сақталуда.
Үшіншіден, елдегі жаңа технологиялардың басым көпшілігі шетелдік өнімдер, сондықтан доллар мен еуроға шаққандағы теңгенің айырбас бағамының құнсыздануы отандық кәсіпорындардың ең озық технологияларды сатып алу мүмкіндіктерінің қысқаруына соқтырды. Төртіншіден, саны көп, бірақ сапасы шамалы шағын кәсіпорындар өз ісінде инновациялық шешімдерді ендіруге еш ынта-ықылас білдірмей, бүкіл еліміздің инновациялық қызметінің жалпы статистикасына теріс ықпал етуде. Бесіншіден, Қазақстанда ҒЗТКӘ-ні қаржыландыру көлемі дамыған елдермен салыстырғанда, тым аз, сәйкесінше, кәсіпорындар мен салалар үшін тиімсіз және тартымсыз болып қалуда. Оның үстіне, экономикалық ахуалдың күрделілігіне байланысты, отандық компаниялар ғылыми зерттеулерге немесе тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға емес, қысқамерзімді міндеттерге баса көңіл бөлуде.
Әйтсе де, «бәрі жаман» деп қара аспанды төндіре беруге де болмайды. Мәселен, «тікелей шетелдік инвестициялар және технологияларды тапсыру» көрсеткіші бойынша еліміз 95-тен 93-орынға дейін, «1 миллион тұрғындар санына шаққандағы патенттер» көрсеткішінде 69-орыннан 68-ге дейін көтерілді.
Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігіне, тиісінше, ғасыр ортасына қарай әлемдегі дамыған елдердің «отыздығына» қосылуына тікелей әсер ететін осы саладағы ахуалы мен рейтингін түзеу үшін Инвестициялар және даму министрлігі екі бағытта жұмыс жүргізуде.
Бірінші бағыт негізінен, салалық мәселелерді шешуге бағдарланған. Атап айтқанда, қолданыстағы инфрақұрылымның жағдайын жақсартудың, технологиялар мен инновациялар деңгейін көтерудің, компаниялардың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың, тікелей инвестициялар тартудың сан-салалы жұмыстары атқарылуда.
Мәселен, өндірістерді модернизациялау, өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарының еңбек өнімділігін арттыру мақсатында шығындарын өтеу және ұзақмерзімді лизингтік қаржыландыру түрінде мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Инновациялық гранттар мен жаңа технологияларды ендіруді қаржыландыру қолданылады. Елбасы Жолдауына сәйкес, Төртінші өнеркәсіптік революция (индустрия 4.0) элементтерін енгізу арқылы ел экономикасын технологиялық жаңғырту ісі қолға алынды.
2017 жылдың маусымында Қазақстан дамыған елдер қатарына кіретін ЭЫДҰ-ның Инвестициялар комитетінің қауымдасқан мүшесі ретінде ресми қабылданды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен, биыл 2022 жылға дейінгі Ұлттық инвестициялық стратегия іске қосылды. Осы және басқа да шаралар инвестиция тарту саласын реформалауға, индустрияландыру және инновация саласына құйылатын қаржы көлемін ұлғайтуға, соның арқасында келешекте орнықты экономикалық өсімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жауапты ведомство екінші бағыт аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыруға кіріскен. Министрліктің лауазымды тұлғалары, ведомстволық ұйымдар мен ұлттық компания басшылары Үкіметтің баспасөз орталығында, Орталық коммуникациялар қызметінде, медиа-орталықта брифингтер өткізіп, ақпарат құралдары арқылы халыққа қайырылып, онлайн конференциялар ұйымдастырып, саладағы атқарылып жатқан жұмыстар, ұсынылатын мемлекеттік қолдау түрлері, сондай-ақ инновациялық белсенді кәсіпорындар саны мен инновациялық өнімдер өндірісі көлемін арттыруға бағытталған негізгі құралдар туралы хабардар етіп жүр.
Дегенмен халық арасында, соның ішінде, бизнес тарапынан инновацияларға деген сұранысты арттыру үшін бұл жеткіліксіз болуы мүмкін. Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығының мәліметінше, 2017 жылы өткізілген зерттеу нәтижесінде, қызықты қорытынды жасалған: экономиканың нақты секторындағы кәсіп-орындардың басшылары инновациялық технологиялар туралы ақпараттың негізгі көзі ретінде «құрал-жабдықтарды, материалдарды, құрауыш бөліктер мен бағдарламалық қамтылымды жеткізушілердің» өкілдерін атапты.
Қарапайым тілмен айтқанда, инновацияны таратушылар – жаңа технологиялы өнімдерді, құралдар мен қондырғыларды өндіруші компаниялардың пиаршылары. Олардың көбі – шетелдіктер, біздің нарықты ен жайлаған ресейліктер екені құпия емес. Демек, отандық инновацияны өндірушілер мен салаға жауапты мемлекеттік құрылымдардың осы бағытты да күшейткені маңызды. Бұл үшін олардың өкілдерінен арнайы топ жасақтап, отандық зауыт-кәсіпорындарды ұдайы түрде аралап, еліміздің инновациялы төл өнімдерінің жат-жұрттық баламаларынан артықшылықтарын көрнекті түрде паш етіп отырған жөн. Әйтпесе, күндіз-түні өндірістің қамымен сабылған кәсіпкерлер арасында ғылыми мақалалар, жарияланған зерттеу нәтижелері сұранысқа ие бола алмай отыр, оларды оқуға уақыты да жете бермейді.
Ал мұндай өнімдер бізде бар. Статистикалық деректерге ден қояр болсақ, ЖІӨ-ге шаққандағы инновациялық өнімдердің үлесі кейінгі он жылда тұрақты түрде артып келеді. Мәселен, 2008 жылы өнеркәсіптік өндірістің жалпы көлеміндегі инновациялық өнімдердің үлесі небәрі 0,69% ғана болса, 2012 жылы бұл көрсеткіш 1,22 пайызға жетті. 2016 жылы оның еншісі 2,3 пайызға, ал 2017 жыл қорытындысында 3,7 пайызға дейін өсті.
Бұл ретте елімізде өндірілген инно¬вациялық өнімдердің жалпы құны 2011 жылғы 236 миллиард теңгеден 2016 жылы 445,8 миллиард теңгеге дейін өсті. Былтыр отандық инновациялық кәсіпорындар жаңа технологияларға құрылған 844,7 миллиард теңгенің өнімін шығарды. Яғни, триллион теңгемен есептелетін межеге жақындап қалды.
Жалпы алғанда, индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру бастау алғалы бері, Қа¬зақстанда инновацияның негізгі даму көрсеткіштерінің өсу үрдісі байқалуда. Бұл жерде 2013 жылдан бастап, халықаралық рекомендацияларға сәйкес, инновациялар бойынша статистикалық зерттеулер өнімдік, процестік, ұйымдастырушылық және маркетингтік инновациялар бойынша жүргізілгенін атап өткен жөн.
Сонымен, елімізде 2013 жылы барлығы 22 мың 70 кәсіпорын тіркелсе, соның 1 мың 774-і өз өндірісінде инновацияларды ендіріпті. Бұл тұрғыда көшбасшылар қатарынан Алматы (314 инновациялы кәсіпорын), Астана (179) қалалары және Қостанай (164) мен Қарағанды (148) облыстары қаралды. 2016 жылы республикадағы 31 мың 77 кәсіпорынның 2 мың 879-ы инновацияға бет бұрған. Көшті тағы да Алматы (590) мен елорда (543) бастады. Ал кейінгі тұғырларда өзгеріс орын алды. «Үштікті» өзге өңірлер арасынан суырылып, алға шыққан Шығыс Қазақстан облысы (296) тұйықтады. Инновациялық өндіріс орындары санын 238-ге дейін артырған Қарағанды облысы төртінші орынды қанағат тұтты.
Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитетінің дерегінше, 2017 жылы тіркелген 30 мың 854 кәсіпорынның 2 мың 974-і инновацияларды ендірген. Соның ішінде 582 инновациялық кәсіпорнымен Астана алға озды. 550 көрсеткішімен Алматы екінші орынға тұрақтады. Одан кейінгі орындарды Шығыс Қазақстан (303), Қарағанды (257), Қостанай (167) облыстары иеленді.
Алайда инновациялық кәсіпорындардың санына емес, олар шығарған инновациялық өнімдері, тауарлары мен қызметтерінің көлеміне үңілсек, жағдай өзгеше қалыптасады. Мәселен, алдыңғы рейтингте көшбасшылық тұғырды иеленген Алматы қаласы 2013 жылы небәрі 12 миллиард 504,9 миллион теңгенің, 2016 жылы бар-жоғы 17 млрд 186,3 млн теңгенің, ал өткен жылы 26 млрд 183,3 млн теңгенің «инноөнімін» нарыққа өткізген.
Ал бұл көрсеткіш бойынша Павлодар облысы алдына қара салмайды: өңір былтырғы жылы бір өзі 177 миллиард 881,5 миллион теңгенің инновациялық өнімін берді. Одан кейінгі үздік нәтиже – Астанаға тиесілі (149 млрд 277,5 млн теңге). Бұларға 125 млрд 231,6 млн теңге нәтижесімен ОҚО (қазіргі Түркістан облысы), Қостанай облысы (91 млрд 502,6 млн теңге), Шығыс Қазақстан облысы (80 млрд 472 млн теңге) жақындай алды. Қалған өңірлердің «инновациялық табыстары» 50 млрд теңгеден аспайды.
Саладағы тағы бір маңызды көрсеткіште де жап-жақсы ілгерілеу бар. Нақтырақ айтсақ, «кәсіпорындардың инновациялық белсенділігі деңгейі» 2004 жылғы 2,3 пайыздан 2014 және 2015 жылдары 8,1 пайызға, 2016 жылы 9,3 пайызға, ал 2017 жылы 9,6 пайызға дейін көтерілді. Рас, меже бұдан биік: дамыған елдердің, мысалы, Германияның бұл көрсеткіші – 70%, Канаданікі – 65%, Бельгиянікі – 60%.
Индустриалды-инновациялық даму арқасында 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында өңдеуші өнеркәсіптің бірқатар секторлары қарқынды өсімін жалғастыруда. Атап айтқанда, жыл басынан бері машина жасау саласы өткен жылға қарағанда өндірісін 17,2 пайызға, химия өнеркәсібі 11 пайызға, азық-түлік өнімдерінің өндірісі 5,2 пайызға, мұнай өңдеу саласы 4,4 пайызға, металлургия 3,4 пайызға арттырып отыр.
Өз кезегінде қазақстандық ғалымдар, отандық өнертапқыштар да әлемдік инновацияға төл үлестерін қосуда. Мәселен, «Қазақстандық» қорытпасын үлгіге алуға болады: «Минералды шикізатты кешенді қайта өңдеу жөніндегі ұлттық орталығы» ойлап тапқан «ферросиликоналюминий» атты жаңа материал болаттың қасиеттерін әлдеқайда жақсартады. Бұл инновациялық отандық өнім жаһандық түсті және қара металлургияда, машина жасау саласында үлкен перспективаға ие.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары бериллий алу технологиясын жасап шығарды. Олар әлемдік өндірісті аса улы газдардың бөлінуіне соқтыратын және энергияны өте көп шығындайтын «жоғары температуралық процестен» арылту мүмкіндігін тапқан. Бұл технологияда тіпті металды қорыту кезінде құны аса қымбат, отқа төзімді құрал-жаб-дықты қолданудың да қажеті болмайтын көрінеді. Отандық жаңа технологияны ендіру нәтижесінде, бериллий тотығынан электрлік, физикалық және химиялық бірегей қасиеттері бар 150-ден астам жаңа өнім түрлері алынды. Бұл өнім қазірдің өзінде Ресей, Украина, Беларусь, Польша, Израиль секілді елдердің әскери-өнеркәсіп кешендеріне экспортталуда. Қазақстандық әзірлемені өз кәсіпорындарында ендіруге АҚШ, Қытай, Үндістан секілді ірі державалар қызығушылық білдіріп, зерделеуде.
Қазақ ғалымы Серік Фазылов бастаған қарағандылық Органикалық синтез және көмір химиясы институтының ғалымдары жасап шығарған «гуминт» атты өнім де ауыл шаруашылығы саласындағы тың бетбұрыстың іргесін қалауы ықтимал. Бұл жаңа органикалық-минералдық композициялық тыңайтқыш жауын-шашынды кезеңде суды өз бойына жиып, құнарландырып, құрғақшылық кезеңде топырақ пен өсімдікке беріп отырады. Оның құрамындағы көмір қалдықтарынан алынған табиғи гумин заттары сондай-ақ өсімдіктердің өсуін жеделдетеді, оларды қолайсыз ауа-райы жағдайларына төзімді етеді, тұтастай алғанда, өнімнің шығымдылығын 15-20 пайызға дейін өсіре алады. Құны да өзге минералдық тыңайтқыштардан үш еседей арзан екен.
Тере берсе, бірталай отандық инновацияны табуға болады. Олар халықаралық деңгейде мойындалуда, бірқатары Қазақстанның әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлығын да алды.
Мұның сыртында ел Үкіметі шетелдегі атағы әлемге мәшһүр қандас және отандас ғалымдарды елге қайтаруға, сондай-ақ жер-жаһанның әр түкпірінен дарынды мамандарды, білікті ғылыми кадрларды тартуға мән беруде. Осы іске еліміздің шетелдегі елшіліктері, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, «Болашақ» бағдарламасы, Назарбаев университеті және басқа да ұйымдар мен құрылымдар жұмылдырылуда.
Десек те, бұл бағытта қомақты жетістіктерге жету үшін қаржылық және ұйымдастырушылық ресурстарды нақты шоғырландыру, шетелдік ғалымдарды тартуға арналған гранттық бағдарламаларды өрістету маңызды.
Мәселен, халықаралық тәжірибе бойынша жаңа технологиясы не үздік өнертабысы бар шетелдік ғалымға 3-5 жылға қомақты грант бөліп, елімізде төл ғылыми зертханасын түзуге, құрал-жабдық пен керек-жарақтарды сатып алуға, өз тобын құруға, яғни инновациясын елімізде даярлап, ендіруге жағдай жасауға, егер жоба табысты болып шықса, қаржыландыруды ары қарай ұзартуға болады. Мұнда бюрократиялық кедергілер мен қағазбастылықты азайтқан абзал.
Бірақ төрткүл дүниенің әр атырабынан шетелдік және қазақ ғалымдары мен инноваторларын елге тарту үшін тек материалдық ынталандырулар аздық етеді. Себебі, ғылым – жай ғана қаржы табу көзі емес, сонымен бірге өмір салты да. Ендеше, қаржы бөлу, биік ғылыми һәм басқарушылық лауазымға тағайындау сыртында, әлемдік деңгейдегі заманауи қызық зерттеу тақырыптары мен жобаларын ұсыну, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, болашаққа сенім беру, ең бастысы, шығармашылық әлеуетін жүзеге асыруына жағдай жасау секілді факторлар да ғалымдар үшін елді тартымды етеді.
Әрине, қазақстандық ғылым көгінде жарқырай жанған жекелеген жұлдыздар инновация саласындағы үлгіге, сектор драйверлеріне айналары сөзсіз. Бірақ олар елден «ақыл-ойдың» ағып кетуі мәселесін шеше алмайды. Мемлекеттілігін қайтадан құрғанына ширек ғасырдан енді ғана асқан Қазақстанға бұл салада алпауыт елдермен бәсекелесуге тура келуде. Бірақ олардағыдай ғылым мен инновацияны тәжірибеге, экономикаға, өндіріске ендіру ісін түпкілікті жолға қойғаннан кейін қазақ елінің отандық және шетелдік ғалымдар үшін тартымдылығы артып, беделі мәртебелі дәрежеге жетері анық.
Айхан ШӘРІП,
«Айқын».