Соңғы жаңалықтар

№92 (8906) 2

02 желтоқсан 2025 ж.

№91 (8905) 29

29 қараша 2025 ж.

№90 (8904) 25

25 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » Көлік саудасы көңілден шыға ма?

Көлік саудасы көңілден шыға ма?


Қазақта «ескі көлік есіңді шығарады» деген сөз бар. Рас, ескі техниканы қанша әлпештесең де жаңармайды. Әбден әбігерге салады, бір жерін реттесеңіз келесі күні екінші ақауы шығып тұрады. Сондықтан қазір екінің бірі жылы жаңа немесе су жаңа көлік тізгіндеуге ниетті. Елдің көбі несиеге рәсімдеп болса да, ескіден құтылуға тырысып бағуда. Биыл қазақстандықтар темір тұлпар алудан рекорд орнатып тастапты. Он айдың ішінде біздің елге ресми автодиллерлер 181 789 машина сатты, оған жеңіл коммерциялық техника да кіреді. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 14.6 % жоғары, сондықтан былтырғы рекорд қарашаның аяғында немесе желтоқсанның басында жаңаруы мүмкін деген сарапшылар мұны нарықтағы жаңа қаржылық өнімдер мен маусымдық жеңілдіктердің әсерімен байланыстырады.


Алдымен жаңа көліктерге тоқталайық. Жалпы елде 6 млн-нан астам көліктің 60 пайыздан астамы ескі техника екен. Оның көшін ресейлік темір тұлпарлар бастап тұр. Бірақ биыл жаңа көліктерге сұраныс өте жоғары, өтінім бергендердің есебі былтырғымен салыстырғанда екі еседен асыпты. Енді жаңа көліктерге кезек берейік. Қазан айында автосалондар 20 205 автомобильдің кілтін табыстағаны расталды. Қазақстан Автокөлік Одағының (ҚАО) есебінше бұл қыркүйектегі көрсеткіштен 10,1% жоғары. ҚАО президенті Анар Мақашева сауданың өсуіне төмен мөлшерлемемен берілетін жаңа автонесие бағдарламасының іске қосылуы себеп болды деді.
– Қазан айы ең тиімді ұсыныстар мен жеңілдіктер кезеңі екенін тағы бір дәлелдеді. 20 мыңнан астам жаңа көлік өз иесін тапты. Ең бастысы – Қазақстанда енді ғана шығарыла бастаған брендтердің үлесі айтарлықтай артты. 2025 жыл отандық авторетейл үшін рекорд жылы болмақ, – дейді ҚАО президенті.
Айта кетерлігі, бізде дайын шикізаттан өнім шығаруды жүйелі қолға алып келеді. Яғни, бөлшектер сырттан келіп, өзімізде құрастырылады. Оларға сұраныс та жоғары дейді. Елдегі зауыттар көптеп шығаратын көлік түрі – жеңіл автомобиль. Сонымен қатар, жүк көлігі мен автобустар да бар. «Қазақстанның автоөнеркәсібі мыңдаған маманның еңбегімен дамып келеді: бүгінде бұл салада 8 мыңнан астам адам қызмет етіп жатыр. Әрбір жаңа автомобиль – олардың кәсіби біліктілігі мен заманауи технологияларды енгізудің нәтижесі. Өндіріс көлемінің артуы отандық автоөнеркәсіптің позициясын нығайтып, кәсіпорындар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Алда екі жаңа өндіріс орнын іске қосу жоспарланып отыр, бұл бес мыңнан астам жұмыс орнын құрып, көлікпен байланысты басқа салаларға қосымша серпін береді – дейді Анар Мақашова.
– Елде сатылымда қандай көліктер көш бастап тұр, соған кезек берейік. Қазір маркалар арасында көшбасшы – Hyundai. Бренд 4264 автомобиль сатты, былтырғы көрсеткіштен 44,6 пайызға жоғары. Екінші және үшінші сатыға Chevrolet пен Kia жайғасты. Екі бренд үшін қазан айы былтырғымен салыстырғанда сәтсіз болды. «Шеви» саудасы 55,3 пайызға құлдырап, Kia-ға да сұраныс азайған.Өткен айдағы үздік бестікке 1463 машина сатып, 136,7 пайыз өсім көрсеткен «Changan» кірді. Бестікті «Jetour» түйіндеді, ол бірнеше ай қатарынан «Cheryді» артта қалдырып келеді. Аналитиктер келер жылы қытай көліктері ел нарығын толықтай жаулап алады деген болжам айтып отыр. Өйткені, бағасы арзан, сапасы сын көтереді және несие рәсімдеуде кедергі жоқ екен.
Аймақтар арасында Қызылорда өңірі үздік үштікке ілінбеді. Көшті әдеттегідей Алматы бастап тұр, көлік саны былтыр-ақ шекті деңгейге жеткен. Күн сайын қала жолдарына бір миллионға дейін көлік шығады, оның 600 мыңы – Алматыда тіркелген, ал 400 мыңы – облыстан келетіндер екен. Қанша жерден көлік айналасындағы айыппұлдардың саны өсіп, полиция қызметкерлері бақылауға бірінші кезекке темір тұлпарларды қойғанымен көлік саудасы қызып тұр. Бізде айыппұлдардың есебі жоқ, тек келер жылы салық мөлшері азаятыны айтылды. Бұл жаңалық еліміздегі көлік иелерінің басым бөлігіне әсер етпек. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, қазір шамамен 6 миллионға жуық көлік тіркелсе, соның 2,5 миллионы 20 жылдан астам уақыттан бері қолданыста жүр.
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап көлік салығы көліктің шыққан жылына және қозғалтқышының көлеміне қарай есептеледі. Бұрын қозғалтқыш көлемі 3-4 литр аралығындағы көліктер үшін салық мөлшері 35-тен 66 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) арасында болса, енді бұл көрсеткіш 15 АЕК-ке дейін қысқарады. Ал 4 литрден асатын қозғалтқышы бар көліктер бұған дейін 500 мыңнан 800 мың теңгеге дейін салық төлеп келсе, 2026 жылдан бастап бұл санаттағы көліктер 117 АЕК, яғни шамамен 460 мың теңге көлемінде салық төлейтін болады. Сондай-ақ көліктің шығарылған уақытына қарай жеңілдіктер енгізіледі: егер көлікке 11 жылдан 20 жылға дейін уақыт өтсе – 30% жеңілдік, ал 21 жылдан асса – 50% жеңілдік беріледі. Мысалы, базалық салық мөлшері 60 мың теңге болса, көлік иесі 15 жылдық көлік үшін 42 мың теңге, ал 25 жылдық көлік үшін 30 мың теңге төлейді. Айта кету керек, 2025 жылға арналған көлік салығын 2026 жылғы 1 сәуірге дейін төлеу міндетті.
Аудандағы ахуалға келсек. Мемлекеттік кірістер басқармасында 20 268 көлік ресми тіркеуде тұр. Оның ішінде, жаңа көліктердің тізімі биыл әжептеуір көбейген. Басым көбі қытайлық темір тұлпарлар көрінеді. Бұл көліктердің тиімділігі жанар-жағар майды аз тұтынады, сондай-ақ, салығы да аз мөлшерде, ең бастысы нарықтағы құны төмен. Сондықтан мүмкіндігінше ел жаңа көлік алуға тырысады.
– Бірер ай бұрын «Changan» көлігін салоннан алдым. Бағасы 11 млн-ға жуықтады. Егер несиеге рәсімдесеңіз, құны өседі, сондықтан қолма-қол алдым. Шыны керек, көлік өте тиімді. Біз қытайлық тауарларға жоламауға тырысамыз, бірақ көліктері сапалы, арасында ақауы бар көліктер болуы мүмкін. Ескі көлікке есе жібермей, жаңасына қол жеткізген дұрыс, – дейді кент тұрғыны Марат ағамыз.
Иә, қазір жаңа көлік алу үшін Алматы, Астанаға барудың қажеті жоқ. Көршілес Түркістан мен Қызылорда қаласына барсаңыз болғаны. Көлік құжаты реттелсе кілт қалтада. Қалай дегенде де жаңа көлік мінгенге не жетсін...

Әли ТЕМІРБЕК

29 қараша 2025 ж. 735 0