Көлік нарығы: Ескі көлік есіңді шығарады

Біздің елде жылы ескі болса да, жақсы деген көлік құны 3-4 млн теңге тұрады. Ал, су жаңа тұлпар мінгіңіз келсе 7-8 млн қаржыңыз болуы керек. Әрине, ресей мен кәрістің арзан қолды машиналары болмаса, жапон мен немістің заманауи көлігіне 15-20 млн теңге дайындау керек. Отандастарымыздың арасында «Мұндай қаржы болса Нұр-Сұлтаннан үй алар едім» деген арманмен жүр. Шынында, қалта көтермейді. Қалтасы көтеріп, қымбат көліктер алған жерлестеріміз уақытылы салығын төлеуге қиналып жүр. Бұл жөнінде арнайы зерттеген кезімізде ауданның ең бай азаматтары қымбат көлікке 6-8 млн теңгеге дейін салыққа қарыз екенін көріп таңғалдық.
Оның үстіне, бензин құны шарықтап барады, енді жолдар ақылы күйге көшті.
Айтпақшы, өзге елдің көлігін қазақстандық етуге болады. Бірақ, ол 2014 жылдан бері болуы керек, ол көліктердің құны кемі 4-5 млн болады. Тіркеуі де қомақты ақша.
Шетелден әкелінген көлікті алғашқы тіркеу алымы неге жоғары? Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің басқарма басшысының орынбасары Айнұр Сартаева жауап берді.
«Барлық алым-салық сияқты мемлекеттік тіркеу алымы да мемлекеттік бюджеттің қазанына түседі. Бұл алымдардың мөлшері Салық кодексінде белгіленген. Оның көлемін мемлекеттік кірістер органдары белгілемейді. Өйткені салық саясаты біздің комитеттің құзырына кірмейді. Біз салықты әкімшілендіру шараларын ғана жүргіземіз», деген комитет өкілі алғашқы тіркеу алымының мөлшері қалай есептелетінін түсіндірді.
«Алғашқы мемлекеттік тіркеу алымы көлікті тіркеген кезде төленеді. Тіркеу жасаған кезде ішкі істер органдарының өкілдері осы төлемді талап етеді. Байқасаңыздар, алғашқы тіркеу алымының құны көліктің шығарылған жылы ескірген сайын жоғары бола түседі. Зауыттан шыққанына 3 жылдан артық уақыт өткен шетелдік көлік әкелсеңіз, алғашқы тіркеу алымы 1,4 млн теңгеден асады. Ал су жаңа көлік әкелсеңіз, тіркеу алымын төлемейсіз. Яғни, ескі көліктерді әкелмеу мақсатында осылай жасалған», деді Айнұр Сартаева.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ