№103 (8814) 31

31 желтоқсан 2024 ж.

№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
» » ЖАРҚЫН ЖОБАЛАР ЖЕМІСІ

ЖАРҚЫН ЖОБАЛАР ЖЕМІСІ

Соңғы екі жыл ішінде Сыр өңірінің әлеуметтік және экономикалық өсімі екі есеге артты. Өндіріс саласы өркендеп, кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейді. Инфрақұрылым ел игілігі жолында еселеніп, инвестиция көлемі де ұлғайды. Сол секілді әлеуметтің тұрмыс тіршілігі түзеліп, жұмыссыздық, баспана мәселелері реттелді. Бұл жетістіктерде мемлекеттік бағдарламалар мен жарқын жобалардың үлесі мол. Барлық саланың серпілісінде байыпты бастамалар аз болмады. Біз бүгін сол бағдарламаларды түгендеп көреміз.
ГРАНТТАР ШАҒЫН КӘСІПТІ КЕҢЕЙТТІ
Дамыған елдер экономикасының негізін шағын кәсіп құрайды. Мәселен, Қытай, Түркия, Жапония сынды елдерде өнім өндіруді ірі компаниялар ғана емес, шағын бизнес өкілдері де қаймықпай қолға алады. Яғни, олар кез келген шикізаттан дайын өнім шығарып, нарықта өз брендін қалыптастыра алады. Алдымен ішкі нарықтан қолдау тауып, кейіннен экспортқа шығуға мүмкіндік бар. Бұл мемлекет үшін де өте тиімді, біріншіден, импорт тәуелділігін азайтады, екіншіден, салық базасы ұлғаяды. Біздің елде де осы бағытта жарқын жобалар жүзеге аса бастады. Соның негізгісі қайтарымсыз қаржы, яғни гранттардың жиі берілуі. «Бизнес бастау» бағдарламасы негізінде соңғы бес жылдың ішінде аудан кәсіпкерлеріне көп қолдау көрсетілді. Нәтижесінде біздің аудан кейнгі жылдары аймақ көлемінде көштің басына шықты. Биыл 1 476 000 теңге (400 АЕК) қайтарымсыз грантты 166 кәсіпкер ала алған. Екі лек бойынша 354 өтініштің жартысына жуығына мемлекеттік қолдау көрсетіліпті. Бұл үлкен қолдау, тек өкініштісі, кейбір тұрғындар қаражатты басқа мақсатта жұмсап, алған ақшасын сот арқылы қайтаруда. Мұндай жауапсыздық былтыр да орын алған, биыл да көңілді түсіріп тұр. Ал, қайтарымсыз қаржыны шағын бизнесіне демеу еткендер гранттың 5 млн теңгесін және жеңілдетілген несиені алыпкәсібін ілгері жылжытуда. Көбі өндіріске бет бұрғандар екен. Арасында мал шаруасына дем бергендер де жоқ емес. Бағдарлама келесі жылы да жалғасын тауып, шын мұқтаждарға қолдау көрсетілсе игі болар еді. «АУЫЛ АМАНАТЫ» АУЫЛДАРҒА ЛЕП БЕРДІ Осыдан екі жыл бұрын елімізде халықтың табысын арттыру мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы іске қосылған болатын. Бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «ҚР ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығы негізінде бастау алды. Бағдарлама аясында ауыл-аймақтағы ағайын өзінің шағын кәсібін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие алуына мүмкіндік алды. Сондай-ақ техниканы лизингке рәсімдеуге болатыны анықталды. Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен. Несие мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша – 7 жылға дейін ұзартылды. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз. Бұл халық тұрмысын тіктеуіне үлкен қолдау болғаны рас. Шыны керек, бұқара мұндай жеңілдікті коммерциялық бірде-бір банктен көре алмайды. Тағы бір тиімді тұсы, «Ауыл аманаты» аясында несие алған азаматтарға негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша 1,5-2 жыл жеңілдік кезеңі де қарастырылған.
ҚАРАЖАТТЫ ҚАЛАЙ АЛУҒА БОЛАДЫ?
Алдымен бағдарлама аясында қаражатты кімдердің алуына мүмкіндігі бар соған тоқталайық. Қаражатты ісін жаңа аяққа қойып, жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер, зейнеткерлік жасқа толмаған жұмыскерлер, жеке кәсіпкер ретінде тауарларды өндіру немесе өткізу, түрлі қызметті дербес жүзеге асыратын тұлғалар, отбасылық кәсіпкерлікте ақы төленбейтін қызметті жүзеге асыратын тұлғалар, қосалқы шаруашылықтың мүшелері, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен өндірістік кооперативтердің мүшелері ала алады. Бұл бастама негізінен өндіріске бағытталуы тиіс. Енді несиені алудың жолдарын саралап көрейік. Несие алу үшін ауыл тұрғындары алдымен жергілікті әкімдіктеріге өтінім білдіруі қажет. Бұл жобаның ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға, кәсіп ашуға, аграрлы саланы дамытуға, көбейтуге, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, өзге де салалардың дамуына септігі мол. Бағдарламада уақыт шектеуі жоқ. Шартта көрсетілгендей, несие алушы кем дегенде бір жыл сол жергілікті ауылдың тұрғылықты азаматы болуы керек. Егер кепіл болмаған жағдайда туыстардың кепілін пайдалануға болады. Шағын несиелер халыққа сенім білдірілген өкіл арқылы беріледі. Қаржының мақсатты жұмсалуы қатаң қадағаланатын болады. Бағдарлама адамдардың тұрақты табыс жолына түсуіне бағытталған. Кәсіп ашуға немесе істі дұрыс жүргізуге мамандануға әрбір ауылдық округтің әкімдері көмектеседі.

Өңірдің өрісі қалай? Былтыр «Ауыл аманаты» жобасы аясында облыста 3 млрд теңгеге 406 жоба несиелендіріп, 713 жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл құны 4 млрд 600 млн теңгені құрайтын 575 жоба жүзеге асырылды. Былтыр ауылшаруашылығы саласына басымдық берілсе, биыл өндіріске бет бұрыпты. Біздің ауданда да осы бағытты ұстанған. Биыл аудан бойынша 27 жоба мақұлданып, 153,4 млн теңге қаржы қазынадан қаралды. Басымдық өнідіріс саласында. Көп жобаны бақылау кеңесіне ұсыну жоспарланғанын жаупаты бөлім қызметкерлері тілге тиек етті. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдау, ел тұрғындарын аграрлық бизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешу мақсатында жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» бұқара үшін берекелі бағдарлама болса игі. Субсидия аграрлы салаға серпін береді Келесі жылдан бастап төрт түлікке берілетін субсидия көлемі азайып, тіпті мүлде берілмеуі мүмкін деген ақпар бар. Биылдың өзінде қайтарымсыз қаржы үш есеге дейін қысқарды. Бұл өте дұрыс шешім, жалған құжатпен ірі қараның санын көбейтіп жатырмыз деп мемлекет қаржысын далаға шашқан жағдайлар кездесті. Бір бұқа сатып алады, қасындағы 25 немесе 50 сиырының жем-шөбін мемлекет береді. Құжатта бар, бірақ қорада жоқ малдың әр басына қомақты қаржы берілді. Енді егін шаруасына басымдық берілуі керек. Осыған дейін беріліп келген субсидия тоқтамайды, жаңа бағыттарға берілуі мүмкін. Оның ішінде жылыжай мәселесі де бар. Келесі кезекте балық шаруасын дамытуға көп қолдау бар. Аудан бойынша екі кәсіпкер ғана балық бизнесі үшін миллиондаған теңге сыйақы алуда. Ол үшін көліміз тауарлы санатқа өтуі керек және құжаттары реттелуі керек. Сонда ғана балықтың жеміне, шабақтар мен инфрақұрылымына кәдімгідей қаржы қаралады. Инфрақұрылым дегеніміз, оның жайына, арнайы балық өсіруге арналған қора-қопсысына субсидия беріледі екен. Жастарға жаңа баспана Мемлекет басшысы еңбек жолын енді бастаған жастардың бірден пәтер сатып алуына мүмкіндігі болмайтынын ескеріп, оларға жан-жақты жағдай жасау керектігін алға тартқан болатын. Соның негізінде өткен жылы қызылордалықтар үшін «Сыр жастары» бағдарламасы іске қосылды. Бұл көптеген жас отбасыға үлкен мүмкіндік сыйлаған бірегей жоба болды. «Сыр жастары» бағдарламасы арқылы жылына 100 жас отбасын баспанамен қамту көзделген. Бағдарлама «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы облыстық бюджеттен несиелендіріледі. Үйден үмітті қатысушыларға қойылатын басты талап – соңғы 2 жылда облыста тіркеуде тұруы тиіс екен. Оған 18-35 жас аралығындағы жастар өтінім бере алады. Ал жеңілдетілген ипотекалық несие 19 жылға 5 пайыздық үстемемен «Отбасы банк» арқылы беріледі. Сондай-ақ бұл жобаға мемлекеттік қызметшілер ғана емес, түрлі салада еңбек етіп жүрген жастар да қатыса алады. Айта кетейік, осы жылдың мамыр айында 60 жас отбасы қоныс тойын тойласа, олардың саны Тәуелсіздік күні қарсаңында тағы 40 отбасымен толықты. Аймақ басшысы жаңа қоныс иелеріне ізгі тілегін білдіріп, өңірдегі ауқымды жобаларды атап өтті. Пәтер кілтін алған отбасылар қатарында ұстаздар, медицина мамандары мен бюджеттік мекемелер қызметкерлері бар. – Жастардың тұрғын үйге мұқтаждығы мәселесін шешу үшін 2022 жылдың желтоқсан айында өткен облыстық жастар форумында алғаш рет «Сыр жастары» бағдарламасын несиелендіру жолымен жүзеге асыру туралы шешім қабылданды. Оған облыстық бюджеттен «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы кредит беруге 1,2 млрд теңге бөлінді. «Сыр жастары» – жылына 100 жас отбасын баспанамен қамту бағытында қолға алынған өңірлік тың жоба. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген сөз бар халқымызда. Өз кезегінде бағдарламаны бірлесіп жүзеге асыру үшін «Отбасы банк» 500 млн теңге қаржы бөлді. Бағдарламаға келесі жылға да облыстық бюджеттен қаржы қаралды. Шаңырақтарыңыз балалармен базарлы, құтты қонақтарымен ажарлы болсын! – деді аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев. Айта кетейік, биыл облыс бюджеті 750 млрд теңгеге жетіп, тұрғын үй құрылысына және жеке салушылардан дайын пәтерлер сатып алуға 39 млрд 100 млн теңге бөлінді. Өткен жылдан бері қалада жеті, тоғыз, он екі қабатты тұрғын үйлер бой көтеруде. Мемлекет басшысының қолдауымен ұлттық жобалар аясында соңғы екі жылда 4 мыңға жуық пәтер табысталып, 17 мың тұрғынның баспана мәселесі шешілді. Жыл басынан бері 2000-ға жуық отбасы қоныстой тойлады, тұрғын үй құрылысы көлемі 126 пайызға өсті. Міне, бүгін біз кәсіпкерлік, ауылшаруашылығы мен әлеуметтік салаға қарастырылған жеңілдіктер бойынша тізбектедік. Келесі жылы да жарқын жобалар жалғаса береді, мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, әлеуетімізді одан әрі арттыруға тырысуымыз керек.

Әлібек ТЕМІРБЕК





30 желтоқсан 2024 ж. 94 0